Жүзден жүйрік атанды
Ауданымызда да бұқаралық спортты және ұлттық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт саласы кеңейе түсуде.
Біздің аудан өзінің спорттық тарихымен және оның тамаша дәстүрлерімен мақтанады. Сарысу өңірінен шығып, әлемдік додаларда топ жарып, ел абыройын асқақтатқан туған жердің перзенттері аз емес.
Көптеген чемпиондар мен жүлдегерлердің тұтас тобы тәрбиеленген.
Бүгінде біздің спортшылар Сарысудың спорттық айбынын лайықты түрде қорғауда. Олар өздерінің жоғары нәтижелерімен облысымыздың, республикамыздың беделін әлемдік аренада жоғары көтеруге ықпал етуде.
Осыған орай мереке қарсаңында Қаратау қаласында дзюдодан Жамбыл облысының чемпионаты өтті.
Осы жарысқа ауданымыздағы № 26 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Бақыт Батырұлының шәкірті Жантөре Нұрсезім Тыныбайқызы бақ сынап, қарсыластарынан басым түсіп, күміс жүлдегері атанды.
Н. Тыныбайқызы:
-Ауданымызда спорт мектептерінің түлектері түрлі жарыстарда жүлдегер атанып, облыс, аудан намысын қорғауда.
Әлемді бағындырған спорт саласының майталмандары шыққан. Осы спорт саласында жүрген аға, апаларымыздың жолын берсін. Жарыстарда маған қолдау көрсетіп жүрген аудан басшыларына және жаттықтырушыларым мен жанкүйерлеріме өз алғысымды білдіремін. Басты арманым олимпиада жеңімпазы атану,-деді.
Иә, Нұрсезім қарындасымызға аңсаған армандарына жете беруіне тілектеспіз.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»