Тұрғындар оң бағасын берді
АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ АУДАН ӘКІМІ С.МАМЫТОВТЫҢ 2025 ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ. КЕЗДЕСУГЕ АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ МЕН МҮШЕЛЕРІ, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ, ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ, МЕКЕМЕ, БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫ МЕН АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАТЫСТЫ.
Жиында аудан әкімі С.Мамытов өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, жыл ішінде атқарылатын оң істерді де тілге тиек етті. Сонымен қатар, Жаңатастағы жүзеге асқан жобалар мен жасалған жұмыстарды айтты.
-Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысымен Сарысу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасты. Аудан көлемінде комплексті ветеринарлық нысандардың құрылыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, 5 вет. пункт, 8 мал емдеу орны (раскол) және 8 мал шомылдыру орнының (купка) құрылысы аяқталды. Бүгінде аталған нысандарды сатып алу және құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан тұрғындарын үймен қамту мәселесі бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндап өтсем.
Жалпы, 2023-2024 жылдары тұрғын үй қорынан пәтерге мұқтаж азаматтар есебінен 423 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда: — 2023 жылы 1, 5 млрд. теңгеге 160 пәтер, 2024 жылы 3,2 млрд. теңгеге жекелей 263 пәтер сатып алынып, кезекте тұрған азаматтарға берілді. 2025 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды пәтермен қамтамасыз ету үшін «Самұрық Қазына» қорынан 1 млрд. 882 млн. теңге қаржы қарастырылды.
Бұл қаржыға, жалпы аумағы 7 200 шаршы метрді құрайтын Жаңатас қаласындағы 5 қабатты 60 пәтерлі жаңа тұрғын үй құрылысы жүргізіліп аяқталуда және 60 пәтерлі 1 шағын аудандағы №45 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылды. Аталған үйлер коммуналдық меншікке сатып алынуда. 2026 жылдың 1 тоқсанында «Отбасы Банк» АҚ арқылы түрлі санаттағы кезекте тұрған 120 отбасын пәтермен қамтитын боламыз.
2025 жылы Жаңатас қаласында 32 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде қала жолдарын қысқы күтіп ұстау, қала ішіндегі жолдарды ағымдағы жөндеу, қаладағы қоқыс алаңшаларын ағымдағы жөндеу жұмыстары, қала ішінен 6 жерге аялдамаға бейнебақылау камераларын орнату, қаладағы көшелерге заманауи жарық шамдар орнату, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу сияқты көптеген жобалар сәтті жүзеге асты,-деді.
Сонымен қатар аудан көлемінде және шалғайдағы ауылдардың тыныс-тіршілігіне қатысты есепті мерзім ішінде жүзеге асқан оң істерге, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына, сондай-ақ алдағы міндеттер мен шешімін күткен түйінді мәселелерге кеңінен тоқталды.
Кездесуде қала тұрғындары жарыссөзге шығып, өздерінің ой-пікірлерін жеткізді.
Балалар ойын алаңшасын, жаяу жүргіншілер және асфалт төсеп беруді сұрап, атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы игі істерге сәттілік тіледі.
Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған аудан басшысы Заң аясында жауап беріп, мәселелердің шет қалмайтынын айтты.
Жиын соңында аудан әкімі Сәкен Мамытов жаңа Конституциялық реформаның артықшылығы мен жаңашылдықтары туралы атап өтті. Жиында тұрғындар ұсыныс пікірлерін ортаға салып, үстіміздегі жылдың 15 наурызында өтетін референдумға қатысатындықтарын жеткізді.
С. Рысбекұлы,
«Sarysý»