Кең көлемде аталып өтті
Қазақстан халқы 10 жылдан бері Алғыс айту күнін атап өтуде. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген мерекеде халқымыз бір-біріне алғыс айтып, ең асыл тілектерін арнайды. Алғыс айту — атамекенінен еріксіз қоныс аударылған түрлі этностардың құтты қоныс, қасиетті қазақ жері мен қазақ халқының қонақжайлылығына шынайы тағзымның белгісі іспетті.
1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі ауданда кең көлемде аталып өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шара басталмас бұрын келушілер назарына тақырыпқа сай ұлттық киім киген жастар келушілерді қарсы алды. Сондай-ақ, көрермен назарына Қазакстан халқының татулығын, ауызбіршілігін суреттейтін көріністер көрсетілді.
Мерекелік шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов ауданымыздың, жалпы еліміздің дамуына үлес қосып жүрген жерлестеріміздің еңбегі өлшеусіз екенін атап өтіп, оларға алғысын жеткізді.
Біздің аудан жүрегі елім деп соғатын, білім, денсаулық сақтау, спорт пен мәдениет саласында есімдері алтын әріппен жазылуы тиіс азаматтар мен азаматшаларға кенде емес.
Мерекелік шара өткен ғасырда қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған миллиондаған этностарды өз бауырына басып, бір үзім нанын тең бөліскен қазақ халқының дархандығын, Алғыс айту күнінің мән-маңызын бейнелейтін театрландырылған көрініспен басталып, этно-мәдени орталық өкілдерінің алғыс айту тілегімен ұштасты.
Мерекелік шарада аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы құттықтау сөз сөйледі.
-Бұл мейрамның біз үшін мағынасы мен мәні терең. Бұл күн – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің Қазақстанға терең тағзым белгісі, қазақ жерінен пана тапқан түрлі жандардың риясыз алғыс айту күні. Бұл тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көп этнос халқының ортақ тарихи құрметтеу күні. Сондай-ақ, Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында еңбек еткен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні. Көктемнің алғашқы белгісіндей болатын осынау мереке қазақ жеріндегі татулық пен бірлікті, молшылық пен Тәуелсіздікті нығайта берсін, -деп аудан басшысы жиналғандарды мерекемен құттықтап, дендеріне саулық, отбастарына амандық тіледі. Сондай-ақ бірқатар азаматтар «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және этнос өкілдері аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мың бұрала би билеп, әсем әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бүгінде ұлысымыздың ұйытқысы, береке-бірліктің бастауына баланған қасиетті Сарысу жерінде 30-дан астам этнос өкілдері жарасты ғұмыр кешіп, ортақ шаңырағымызды көркейтіп отыр. Ынтымағын – ырысқа, бірлігін – берекеге теңейтін аудандағы ассамблеяның маңайына топтасқан этномәдени бірлестік ел игілігі жолындағы түрлі бастамаларға қолдау көрсетіп, аймақтағы қоғамдық келісімді сақтауға лайықты үлес қосып келеді.
С. Рысбекұлы,
«Sarysý»