Ата Заңның тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды тетік
Ауданымызда жаңартылған Конституция жобасының негізгі қағидаларын түсіндіруге арналған бірқатар кездесулер өтті. Іс-шаралар «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының аясында ұйымдастырылды.
Апта ішінде ауданымызға іссапармен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев, сондай-ақ республикалық штаб өкілдері келді.
Сапардың басты мақсаты – жаңа Ата Заң жобасының мазмұнын халыққа жан-жақты түсіндіру, оның ел болашағы үшін маңызын талқылау және алдағы референдум қарсаңында азаматтарды қоғамдық талқылауға белсенді тарту болды.
Алғашқы кездесу «ЕвроХим» компаниясының мәжіліс залында өтті. Оған еңбек ұжымдары қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ж.Сақыпбеков ашып, қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогтың маңыздылығына тоқталды.
Басқосуда сенатор Бекболат Орынбеков өз сөзінде жаңа Конституция жобасының өзегі – адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде тану екенін атап өтті. Оның айтуынша, құжатта елдің егемендігі, тәуелсіздігі және аумақтың тұтастығы мызғымас қағидаттар ретінде айқындалған. Ұсынылып отырған өзгерістер саяси жүйені жүйелі жаңғырту бастамаларының заңды жалғасы екенін айтып, әділдік, тең мүмкіндік және өзара жауапкершілік қағидаттарына негізделген мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынасты нығайту көзделетінін жеткізді.
Жиын барысында сенатор Сәкен Арубаев өз баяндамасында конституциялық өзгерістердің алғышарттарына тоқталды. Ол жаһандық тұрақсыздық жағдайында мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі тұрақтылық және тәуелсіздікті сақтау мәселелері айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Жаңартылған Конституция елдің саяси тұрақтылығын нығайтып, заманауи сын-қатерлерге дайын болуын қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
Сонымен қатар, құжатты әзірлеуге отандық заңгерлер, ғалымдар, депутаттар, Ұлттық құрылтай мүшелері, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдері және сарапшылар кеңінен қатысқаны ерекше атап өтілді. Конституция мәтіні қазақ тілінде толықтай қайта қаралып, барынша түсінікті әрі нақты тілде жазылған. Ендігі жерде Конституцияға өзгерістер тек референдум арқылы, яғни халықтың тікелей қатысуымен енгізіледі. Бұл – Ата Заңның тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды тетік.
Одан кейін осындай жиын аудандық білім бөлімінде жалғасын тауып, білім саласының қызметкерлері құжаттағы негізгі өзгерістермен жан-жақты танысты. Сондай-ақ республикалық штаб мүшелері Байқадам ауылдық округінің тұрғындарымен де жүздесіп, жаңа Ата Заң жобасының мазмұнын түсіндірді.
Жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық талқылауға шығару және азаматтардың саналы қатысуын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.
Сәулет ЕСҚАРА,
«Sarysý»