Болашаққа жасалған стратегиялық қадам
Түркістан ауылдық округінің әкімі — Д.Борсықов Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын түсіндіру мақсатында ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.
-Бүгін біз еліміздің болашағына қатысты маңызды тақырып – Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын талқылау үшін бас қосып отырмыз. Жаңа конституция жобасын ашық талқылау құқықтық мәдениетті дамытуға, азаматтық жауапкершілікті нығайтуға және мемлекеттік институттарға деген сенімді қалыптастыруға ықпал етеді.
Жаңа редакциядағы Негізгі заң әлеуметтік мемлекет қағидаттарын күшейтіп, барлық азаматқа, соның ішінде жастарға да білім алу, еңбек ету және өзін-өзі дамыту салаларында тең мүмкіндік беруге бағытталған.
Кейінгі жылдары елімізде «Әділетті Қазақстан» идеясын іске асыру үшін саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Бұл өзгерістердің өзегі – халықтың мемлекеттік басқару ісіне тікелей әрі мазмұнды қатысуын қамтамасыз ету, — деді ол.
Кездесу барысында Конституция жобасының негізгі бағыттары мен басымдықтары жан-жақты баяндалып, оның ел дамуы мен қоғам тұрақтылығын нығайтудағы маңызы кеңінен түсіндірілді.
Шараға ауылдық округтің ақпараттық топ мүшелері қатысып, тұрғындарға жобаның мазмұны бойынша нақты әрі түсінікті ақпарат берді.
Басқосу аясында «сұрақ-жауап» форматында ашық пікірталас өтіп, қатысушылар құқықтық және әлеуметтік бастамалар жөнінде ой бөлісті.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»