«Қысқы серпін» волейбол жарысы өтті
Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында Жайылма ауылында Б.Тоғызақбаев атындағы спорт кешенінде «Қысқы серпін» тақырыбында волейболдан жарыс ұйымдастырылды.
Жарыстың ашылу салтанатында Жайылма ауылының әкімінің орынбасары С.Нұркенов, Сарысу ауданындағы Б.Тоғызақбаев атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Д.Абеуов және «Жастар ресурстық орталығының» директоры М.Пірімбек құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарысқа ауданымыздан 11 команда қатысып, тартысты ойын көрсетті.
Жарыстың негізгі мақсаты — жастар арасында бұқаралық спортты дамыту, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне ықпал ету, дұрыс өмір салтын насихаттау, сондай-ақ нашақорлықтың алдын алу болып табылады. Бұндай шаралар жасөспірімдердің физикалық дамуына ғана емес, жауапкершілік, ұйымшылдық, командалық рух сияқты қасиеттерін қалыптастыруға да үлес қосады. Жарыс барысында қатысушылар спорттық бәсекелестікті сақтай отырып, шынайы достық атмосферасын көрсете білді. Әр команда өз шеберлігін шыңдап, жоғары деңгейдегі ойынды тамашалауға мүмкіндік жасады.
Жарыс қорытындысы бойынша І-орынды Жаңатас қаласы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының жастары жеңіп алды. ІІ-орынды Саудакент жастары иеленді. ІІІ-орынды Түркістан жастары қанағат тұтты.
Жеңімпаз командаларды ұйымдастырушылар тарапынан дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»