зор мүмкіндік берді
Балалар шығармашылық орталығында «Қосымша білім беру жағдайында білім алушылардың шығармашылық қабілетін дамыту» тақырыбында аудандық семинар өтті. Семинардың мақсаты – қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған тиімді әдіс-тәсілдермен таныстыру және тәжірибе алмасу.
Іс-шарада мекеме директоры Ақерке Досжанова сөйлеп, семинардың маңыздылығына тоқталып, қосымша білім беру жүйесінде шығармашылық қабілетті дамытудың бүгінгі таңдағы өзектілігін атап өтті.
Семинар барысында Гүлвира Айтбаева «Қосымша білім беру жағдайында білім алушылардың шығармашылық қабілетін дамыту» тақырыбында жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдарына тоқталып, мазмұнды баяндама жасады. Баяндамада заманауи технологияларды оқу-тәрбие процесіне енгізудің артықшылықтары кеңінен қарастырылды.
Сонымен қатар, Құралай Берік «Құм терапиясы мен голограмма технологиясы» тақырыбында тәжірибе алмасу сабағын өткізіп, білім алушылардың шығармашылық ойлауын дамытудағы инновациялық әдістермен бөлісті.
Ақбота Елшібаева «Би тілінде сөйлеген үш мәдениет» тақырыбында тәжірибе алмасу сабағын көрсетіп, ұлттық би өнері арқылы тілдік және мәдени құндылықтарды ұштастыру жолдарын таныстырды.
Ал Тұнғатова Анар «Вокалдық дикция» тақырыбында тәжірибе алмасу сабағын өткізіп, дауыс қою, дикцияны жетілдіру бойынша тиімді әдіс-тәсілдерге тоқталды.
Аталған аудандық семинар педагогтердің өзара тәжірибе алмасуына, жаңа педагогикалық технологиялар мен әдіс-тәсілдерді меңгеруіне, сондай-ақ қосымша білім беру саласында білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор мүмкіндік берді.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»