Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына тұсау

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты әділ қоғам қалыптастырудың берік діңгегіне айналды. Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында да бұл мәселеге кеңінен тоқталған болатын.
«Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді.
Елімізде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Саяси жаңғырудың нәтижесінде азаматтарымыздың өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер жасалып жатыр.
Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз» деп атап өтті Президент Жолдауда.
«Заң мен тәртіп» қағидатының басты бағыттарының бірі-сыбайлас жемқорлықпен күрес. Осы орайда мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылуда. Өйткені, сыбайлас жемқорлық – кез келген елдің өркендеп, дамуына кері әсерін тигізетін негізгі фактор. Ол мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтіреді, заң үстемдігін теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі келтіреді.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 22- бабына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті.
Сыбайлас жемқорлық қазіргі заманның ең өзекті әрі күрделі мәселелерінің біріне айналғаны жасырын емес. Бұл құбылыс мемлекеттің экономикалық дамуына ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікке, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, билік институттарына деген сеніміне тікелей әсер етеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықты жеке бір саладағы проблема ретінде емес, ұлттық қауіпсіздікке төнген жүйелі қатер ретінде қарастыру қажет.
Жемқорлық мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін төмендетіп, бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына әкеледі. Нәтижесінде халыққа көрсетілуі тиіс әлеуметтік қызметтердің сапасы төмендеп, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, инфрақұрылым сияқты маңызды салаларда теңсіздік пайда болады. Сыбайлас жемқорлық белең алған ортада заң бәріне бірдей жұмыс істемейді, ал бұл құқықтық мемлекеттің негіздеріне нұқсан келтіреді.
Сыбайлас жемқорлықтың ең қауіпті тұсы – оның қоғам санасына біртіндеп сіңіп кетуінде. Егер адамдар заңсыз әрекеттерді қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастаса, адал еңбек пен әділ бәсекенің мәні жоғалады. Мұндай жағдайда кәсіби біліктілік емес, жеке байланыс пен материалдық мүмкіндік шешуші рөл атқарады. Бұл өз кезегінде қоғамның интеллектуалдық әлеуетін әлсіретіп, дамуға тосқауыл қояды.
Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тәуелсіздік жылдарынан бері мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып келеді. Арнайы заңдар қабылданып, уәкілетті органдар құрылды, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшейтілді. Соңғы жылдары алдын алу шараларына басымдық беріліп, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, ашық бюджет, электронды конкурс жүйелері енгізілуде. Бұл азамат пен мемлекет арасындағы тікелей байланыстарды азайтып, жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.
Алайда тәжірибе көрсеткендей, тек әкімшілік немесе құқықтық шаралармен бұл мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің негізі – қоғамдық сана мен азаматтық жауапкершілік. Әрбір адам өз құқығын білуі, заң талаптарын сақтауы және заңсыздыққа жол бермеуі тиіс. Қоғамда әділетсіздікке төзбеушілік қалыптаспайынша, қабылданған шаралардың тиімділігі шектеулі болып қала береді.
Білім беру жүйесінің де бұл үдерістегі рөлі ерекше. Мектеп пен жоғары оқу орындарында адалдық, жауапкершілік, заңға құрмет сияқты құндылықтарды жүйелі түрде насихаттау қажет. Жас ұрпақтың бойында парақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру – ұзақ мерзімді, бірақ ең нәтижелі жолдардың бірі. Өйткені болашақта ел тізгінін ұстайтын да, шешім қабылдайтын да – бүгінгі жастар.
Ең бастысы – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Бұл тәрбиеден, отбасынан, мектептен басталуы тиіс. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді дана халқымыз. Егер жас ұрпақ адалдықты, әділдікті, еңбекқорлықты өмірлік қағида ретінде қабылдаса, болашақта жемқорлықтың тамыры өздігінен әлсірейді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының да бұл бағыттағы маңызы зор. Газет-журналдар мен интернет ресурстар қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық көтеріп, заң бұзушылықтарды әшкерелеу арқылы қоғамдық бақылауды күшейтеді. Сонымен қатар, адал еңбегімен, таза жолымен табысқа жеткен азаматтардың үлгісін көрсету – жұртшылыққа оң бағыт-бағдар береді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз осындайда айтылса керек.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – бір реттік науқан емес, үздіксіз жүретін процесс. Ол мемлекет пен қоғамның өзара серіктестігін, азаматтардың белсенді ұстанымын талап етеді. Әрбір пара беруден бас тарту, әрбір заңсыз әрекетке үнсіз қалмау – үлкен өзгерістерге бастайтын нақты қадамдар.
«Әділет жоқ жерде – береке болмайды» деген халық даналығы бүгінгі күнде де өз маңызын жойған емес. Себебі парақорлық пен тамыр-таныстық жайлаған ортада адал еңбек пен таза ниет екінші орынға ығысады. Мұндай жағдайда қоғамда әділ бәсеке қалыптаспай, талантты, білімді азаматтардың жолы кесіледі.
Сыбайлас жемқорлықтың түп-тамыры көбіне адам санасындағы жауапкершіліктің әлсіздігінен, заңды құрметтемеуден және жеке пайдасын қоғам мүддесінен жоғары қоюдан бастау алады. Бір қарағанда «ұсақ» болып көрінетін пара беру немесе алу әрекеті уақыт өте келе жүйелі сипат алып, үлкен әлеуметтік проблемаға айналады. «Тамшыдан теңіз құралады» демекші, болмашы заң бұзушылықтың өзі ақыры үлкен қылмысқа жол ашады.
Сыбайлас жемқорлықпен күресті әр азамат өзінен бас­тауы тиіс. Пара бермеу, заңды талап ету, әділетсіздікке бейжай қарамау – бұл қарапайым, бірақ аса маңызды қадамдар. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезовтің өсиеті бүгінгі қоғамға да тікелей қатысты. Таза қоғам құру – саналы азаматтардың қолында.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүйелі, табанды және ортақ күш-жігерді талап етеді. Мемлекет, қоғам және әрбір жеке тұлға бірлесе әрекет еткенде ғана әділдік салтанат құрып, болашақ ұрпаққа таза, сенімді қоғам қалдыра аламыз. «Адалдық – ардың ісі» екенін ұмытпай, әрқайсымыз осы қағиданы өмірлік ұстанымымызға айналдыра білейік!

Сәкен Мамытов, Сарысу ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.