Досты аңсау (Амангелді Әбенұлының рухына арнаймын)
Өтті жылдар, айлар, күндер жарысып,
Жастық өтті үзеңгілер қағысып.
Шаш ағарып, әжім түсіп маңдайға,
Қарттық деген мәрелерде табысып.
Сиреп қатар селдіреген саптарың,
Азайыпты шын мейірбан достарың.
Сүрлеу соқпақ сан тарапты бетке алып,
Солғын тартып, мұңға батқан аспаның.
Аңсағанда аяп қылар — астанаң,
Тартқан жадау дос көңілді баспанаң.
Жабырқаған жүдеу күздей көрінер,
Мұң торлаған мүлдем бөлек басқадан.
Абзал көңіл Амантайды қимадық,
Тірлігінде періште деп сыйладық.
Адалдығы қалың көпке үлгі еді
Қимас жан еді — оқшауланып тұрды анық.
Отбасының асқар тауы, шыңы еді,
Досқа адал, еш қаяусыз шын еді.
Жат жанды да жамандыққа қимайтын,
Бекзат болмыс, табиғаты ірі еді.
Балкүлі де аялаған ардақтап,
Азаматын пір тұтынды салмақтап.
Алтын асық перзенттері – мақтаны
Бұлт шалмаған тұнық болды аспаны.
Тіршіліктің заңы қатал – лаж бар ма,
Кімдер жеткен көңілдегі арманға?!
Жатқан жерің жарық болсын, асыл дос,
Ұрпақтарың жетсін нұрлы таңдарға!
Пернебай досың