Әлемді қорғап, әлегін көрген батырлар…
Осыдан 40 жыл бұрын, яғни 1986 жылы 26 сәуірде, Украинаның Чернобыль қаласындағы атом электр стансасының төртінші блогы жарылған. Апаттың зардабын жою жолында жүз мыңдаған сарбаз жұмылдырылды. Апаттың нәтижесінде Украинаның елеулі аймағы мен Ресейдің Брянск және Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адамдар өміріне қауіп төнді. АЭС-тен радиусы 30 шақырым жерде тұратын халық басқа өңірге көшірілді. 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылып, өзгелерден оқшауланды. Қатерлі апатты залалсыздандыруға Қазақстан азаматтары да тартылды.
Апатты залалсыздандыру жұмысына қатысқан 276 әскери бөлімнің бірі – Орта Азиядағы жалғыз қазақстандық 27-химиялық қорғау полкі еді. Кезінде Ресей ақпарат құралдарында жазылғандай, апатты залалсыздандыруға 1986-1992 жылдарда қатысқан адамдардың саны 600 мыңнан асқан екен. Олардың ішінде ресми тізімде 31 743 қазақстандық тіркелген. Осы тіркелген қазақстандықтардың арасында сарысулық жастар да болған. Қазіргі таңда ауданымызда еңбек етіп жүрген Чернобыль апатына қатысушылар жайлы оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
1986 жылы 26 сәуірде Украинадағы чернобыль атом электр станциясының 4 блогы жарылып, реактор істен шықты. Апат салдарынан радиоактивті заттар, соның ішінде уран изатопы, плутанин, цезий қоршаған ортаға таралды. Радиоактивті түтін аймақтан асып 10- нан аса мемлекеттің жерін ластады, кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті.
Чернобыльдегі апат әлемді дүр сілкіндірді. Бұл оқиға қаншама адамның тәнін ғана емес, жүрегінде де жара қалдырды.
Чернобыль-Украинадағы шағын қалалардың бірі. Мұндағы атом электр станциясы 1971 жылы салына бастаған. Жоспар бойынша 6 энергия блогының барлығы іске қосылған жағдайда ол Еуропадағы ең алып атом электр станциясына айналуы тиіс еді. Апатты жағдай бәрін бұзды.
Чернобыль апатына биыл 40 жыл толды. Қазақстаннан 31 мыңнан астам адам Чернобыль апатын жоюға жіберілді. 1986-1990 жылдары әскери борышын өтеуге аттанғандар да залалсыздандыру жұмыстарына атсалысты. Ол кезде өткір сәуленің зиянынан бейхабар әр адам азаматтық борышына адал болды. Осындай адал жанның бірі, Ұ.Сыздықбайұлы ауылының тұрғыны, ардагер жауынгер Амангелді Тілікұлы Өскенбеков.
Ардагер жауынгер Байқадам ауылында 1964 жылы 13 ақпанда Тілік ата мен Бибіш апаның отбасында тоғыз баланың ішінде жетінші болып дүниеге келген. Мектеп жасына жеткенде Сарысу орта мектебінің табалдырығын аттап, осы білім ордасын 1981 жылы үздік бағалармен аяқтайды. Қолына он жылдықты бітірді деген аттестат алған бозбала ұстаздары Жұмашбек Әділбеков, Байкен Тұңғышбаев, Бәкіш Асанова, сынып жетекшісі Жақсықыз Көлбаева сияқты шәкірттерінің жүрегіне жол табатын, қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы, жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаз болуды армандады.
Осы арман оны жетелеп Жезқазған қаласындағы педагогикалық институтқа құжаттарын тапсырады. Жолы болып, білім ордасының студенті атанады. Оқу орнында оқып жүргенде әскер қатарына шақырылып, Украинаның Львов қаласындағы №3238 әскери бөлімінің жедел әрекет ету патрульдік полкінде 1984-1986 жылдар аралығында азаматтық борышын өтейді. Әскери борышын абыроймен атқарып, елге қайтуға екі ай уақыт қалғанда 1986 жылы 26 сәуірде Чернобыль АЭС-де апат болуына байланысты 28 сәуірден 28 маусымға дейін жергілікті тұрғындарды эвакуациялауда патрульдік күзетте болады. 1986 жылы оқуды қайта жалғастырып, 1988 жылы бітіреді. Осы жылдан бастап осы уақытқа дейін өзі түлеп ұшқан білім ордасында ұстаздық етіп келеді. Cонымен қатар, облыстық Чернобыль одағы қоғамдастық бірлестігінің Сарысу ауданы филиалының төрағасы.
Ардагер жауынгер Сарысу орта мектебінің оқытушысы Гаухар Такеновамен отау құрып, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған бақытты отбасылардың бірі.
Амангелді Тілікұлының еселі еңбектері бағаланып, «Жауынгерлерге-жоюшыларға даңқ», «Чернобыль-25, 30 жыл», «Қазақстандық Чернобыль ардагері» медальдарымен және аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған.
Ардагер Амангелді Тілікұлы Өскенбеков өз сөзінде Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан мыңдаған біздің отандастарымыздың ерлігі мен жігері болмаса, апаттың ауқымы одан да үлкен болуы ықтимал еді. Олар өмірлерін, денсаулықтарын жанпида етіп, өз борыштарын орындады, адамдарды радиацияның зиянды әсерінен қорғады. Радиацияның әрі қарай таралуына тосқауыл болғандары жайлы айтып, көз алдында қаншама қатарласы ауыр дерт жұқтырып, көз де жұмғанын, оларды ешқашан ұмытпайтындарын, кейінгі ұрпақтардың апатты есте сақтау керек екенін айтты. Елімізде ендігі жерде қиын жағдай болмасын деп тілеймін,- деп сөзін аяқтады.
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға біздің Сарысу ауданынан да қатысты. Олардың арасында біздің ауданның тұрғыны Қанапия Сұлтанұлы Ордабаев та болды. 1965 жылы Байқадам ауылында дүниеге келген, Қазақ ССР 40 жылдығы атындағы орта мектепте орта білім алған. Мектепті бітіргеннен кейін ол жергілікті СПТУ-19 училищесінде оқиды. Содан кейін 1984-1986 жылдары сапер ротасындағы инженерлік әскерлерде Қиыр Шығыстағы армияда екі жылдық мерзімді қызмет етеді. Осылайша, ол оқ-дәрілерді минадан тазартуды да үйренді. Қанапия Ордабаевтың айтуынша, ол әрқашан оқуды, жаңа мамандықтарды игеруді ұнататын. Әскерде қызмет еткеннен кейін жерлесіміз туған ауылына келеді. Жергілікті коммуналдық шаруашылық кәсіпорнына шебер болып жұмысқа орналасты.
1987 жылы ақпан айында Қанапия Сұлтанұлы жергілікті әскери комитет арқылы апат салдарын жоюға шақырылды. Өйткені ол жақында армиядағы мерзімді қызметін аяқтап келген болатын. Олар кейіпкерімізді Чернобыльға бес айға жіберді. Бас тарту мүмкін болмайды. Қанапия Ордабаев барған бөлім Припять аумағын инфекциядан тазартуға жібереді. Қайғылы оқиғадан кейін көптеген жылдар өтті, бұл апаттың салдары әлі күнге дейін адамдардың тағдырында жаңғырық болып табылады, ал Чернобыльдан отыз шақырымға созылған аумақ өмір сүруге жарамсыз. Қалалар мен ауылдар осы аумақта елестерге айналды. Ал адамдар әлі күнге дейін атом энергетикасынан қорқады. Біздің жерлесіміз Қанапия Ордабаев та қайғылы оқиғаның салдарымен бетпе-бет келгендердің бірі. Кеңестік адамдардың ешқайсысы радиация түрінде көрінбейтін жаумен бетпе-бет келу керек деп ойлаған жоқ. Біздің кейіпкеріміз бұл туралы ойлаған жоқ. Ол бағытталды және ол барлық адамдар сияқты радиациялық фонды азайту үшін бәрін жасады.
Адамзат Чернобыль атом электр станциясындағы апатты-40 жылдан бері қайғылы күнді атап өтеді. Бұл апаттың себептері мен сабақтары, оның өткен жылдардағы жаһандық салдары туралы көп жазылған.
Қанапия Ордабаев апатты жойғаннан кейін туған ауылына келіп, Айман Сүйінбаеваға үйленіп, олар алты баланы мәпелеп өсіріп, ұясынан ұшырды. Енді Канапия мен Айман немерелерін тәрбиелеп отыр. Чернобыльдан кейін Канапия полиция қызметіне орналасып, 2011 жылы зейнетке шықты.
— Мүмкіндігімізше, тәртіпке бағынып, қауіпсіздік техникасын сақтауға тырыстық. Менің бірге барған әріптестерім де тәжірибелі, білікті мамандар болды. Өз міндеттерімізді абыроймен орындап, елге оралдық. Апат аймағында болғаныммен, денсаулығым айтқандай зиян шеккен жоқ. Болашақ жастар ешқандай қиындық көрмей, тек бейбіт өмірде, жарқын болашақта өмір сүрсе екен,- дейді Қанапия Сұлтанұлы.
1986 жылдың 26 сәуірінде Украина жеріндегі Чернобыль атом-электр стансасында алапат апат орын алды. АЭС аумағындағы төртінші энергоблокта жойқын жарылыс болып, ауаға көп мөлшерде радиоактивті заттар таралды. Оның зардаптарын жоюға кеңес одағынан аттанған азаматтардың арасында 31 мың қазақстандықтар бар болатын. Жамбыл облысынан 1200 адам қатысып, қазіргі таңда 280 адам қалған. Онда апаттың денсаулыққа зияны тиеді-ау деп ешкім ойламады. Ойлағандар болса да, өз өмірін қатерге тігіп, жергілікті халықтың жағдайын алдыңғы орынға шығарды.
Биыл сол сұрапыл оқиғаның орын алғанына тура 40 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде мыңдаған қазақстандықтың көбісі түрлі аурулардың салдарынан дүниеден өтіп кетті. Ал, ауданда қазіргі таңда Чернобыль ардагерлері өмір сүріп, түрлі салада қызметтер атқаруда. Апат зардаптарын жойғандардың қатарында сарысулық Орынбасар Керімбекұлы Дәулетбаев та бар еді.
Орынбасар Керімбекұлы 1963 жылы Түркістан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылында дүние есігін ашады. 1971 жылы Құмкенттегі Қ.Сәтпаев атындағы мектептің 1-сыныбына қабылданып, осы білім ордасын 1981 жылы аяқтайды. 1981 жылы Шымкент қаласындағы №33 кәсіптік училищесінің электромонтёр — слесарь бөлімін бітіріп шығады. Осы оқу орнын бітірген жылы әскер қатарына аттанады. Отан алдындағы борышын Мәскеу қаласында өтейді. 1984 жылдың маусым айында елге оралған соң, тамыз айынан бастап, аудандық электр желілері бөліміне жұмысқа орналасып, қазіргі таңға дейін сол мекемеде абыройлы қызмет атқарып келеді.
1987 жылы 15 мамырда Жаңатас қаласының Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінен шақырту келіп, Украинаның Чернобыль қаласына 32-і жауынгердің бірі болып аттанады. Онда атом электр стансасының 4-блогындағы апатқа қатысады. Алты ай сол жерде улы радиоактивті залалсыздандыру жұмысын атқарып, елге аман- есен оралады.
«Чернобыль атом электр стансасындағы апатты ауыздықтауға жасы 25- 45 аралығындағы, отбасын құрған, баласы бар адамдар алынды. Дегенмен әскер борышын өтеуші жас жігіттер де ортамызда болды. Арнайы кіруге рұқсатты куәландыратын құжат, арнайы киім-кешек, ағзаға түскен сәулені өлшейтін қарындаш берілді. Күнделікті жұмыс 5-10 минут аралығында жүйелі түрде жүргізілді. Жұмыс аяқталысымен міндетті түрде денсаулығымыз тексерілді. Минералды су ғана ішіп, талон бойынша тамақтандық. Әскери қалашықта, палаткаларда, теміржол вагондарында да тұрдық. Алғашқы уақытта стансадағы апат туралы ақпараттың жарияланбай, жасырылғаны рас. Көп адамның ажал құшқаны да сол себептен. Бүгінгі күні Чернобыль атом электр стансасының зардаптарын жоюға қатысқандардың 70-80 пайызы жоқ бұл өмірде. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді қазақ. Өткенге тағзым ету –парыз. Енді мұндай апаттар елімізде болмасын, жас ұрпақ еш қиындық көрмей өссе екен» деп мұңайды ардагер.
Отбасына оралар болсақ, жұбайы Перизат Пірімбетовамен бірге отау құрып, үш перзенттен немере сүйіп отырған бақытты әке.
Еселі еңбегі еленген жауынгер ардагер «Чернобыль апатына-10, 15, 25, 30 жылдық» медальдарының, облыс, аудан әкімдерінің, аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарының, Алғыс хаттарының иегері.
Чернобыль АЭС-індегі апаттың салдарын жоюға қатысқан қазақстандық ардагерлер бүгінде арамызда. Солардың бірі Жүнісбеков Жарылқасын Қосжанұлы ағамыз.
Жарылқасын Қосжанұлы Саудакент ауылында 1968 жылы дүниеге келеді. 1975 жылы Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1985 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Жас жігіт 1985 — 1986 жылдары жол бөлімінде жұмысшы болып қызметке тұрады. 1986-1988 жылдары Украинада Отан алдындағы әскери борышын өтейді.
1988-1989 жылдары жол бөлімінде, 1989-1995 жылдары ішкі істер бөлімінде жұмыс істейді. 1995 жылдан бастап, құрылыс фирмасында қолөнерші, аға шебері болып абройлы қызмет етті. 2019 жыл — «Central Security Services» Күзет агенттігі лауазымы — күзетші. Қазіргі уақытта осы агенттікте жұмыс істейді.
Жарас ағамызды әңгімеге тартқанымызда сонау өткен ғасырдың апаттарының бірі Чернобыль жайлы былай деді:
-Сонау қасіретті кезеңде Отан алдындағы борышын өтеуге барған азаматтар көрінбейтін соғыстың, көрінбейтін жаудың, оқтан да жаман «радиация» деген сәулелі соғыстың дәмін татты. Жұтқан ауа арқылы тілдері темір татып, тістері күкірт татып өздеріне әлі де беймәлім жаумен арпалысып, болашақтарында, алғы өмірлерінде, алдарында қандай күндер күтіп тұрғанын білген де, сезген де жоқ.
Радиоактивті түтін аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады. Оның зардабы қаншалықты ұзаққа баратыны әлі белгісіз. 1986 жылдың қараша айына дейін Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға бүкіл Кеңес одағынан адам тартылды. Олардың арасында 32 мыңнан астам қазақстандықтар жұмыс істеді. Көпшілігі денсаулықтарынан айрылды және құрбан болды,-деп, еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тіледі.
Иә, олар да әскери киім киді, Отан алдында, партия алдында, айнымастай «Ант» берді. Алдарына, өздеріне жүктелген міндеттемені адал орындады. Олар «У» жайлаған жарты Европаны, жарты Ресей жерін миллиондаған адам баласын келешекке деген жарқын өмір, дені сау жас ұрпақ жарқын болашақ үшін өз денсаулықтарын құрбан еткен.
Биыл Чернобыль апатының орын алғанына 40 жыл. Бұл жарылыс адамзат баласына орасан залал келтірді. Оның зардабын жоюға мыңдаған адам қатысқаны мәлім. Осының салдарынан көбі қаза тапты.
Чернобыль. Украина. Мұндағы атом электр станциясы 77-ші жылы салынып, қолданысқа берілген еді. Бұл кезде ол КСРО аумағындағы ең ірі әрі қуатты станция болатын. Ал 86-шы жылдан бері – үрей тудыратын мекен. Себебі, осыдан тура 33 жыл бұрын сағат түнгі 1 жарымда мұнда жойқын апат орын алды.
4-ші энергетикалық блокта реактор жарылды, ауаға улы радиоактивті заттар тарады. Кей мәліметтер бойынша, радиацияның әсерінен апаттың бірінші күнінде-ақ 40-тан астам адам қаза тапқан. Кейінгі 7 күнде тағы сонша жан құрбан болды деседі. Радиусы 300 шақырымды құрайтын аумақ алдағы 400 жылға тіршілікке жарамсыз болып қалған. Сондықтан болар, бұл жарылыс 20-ғасырдағы ең ірі техногендік апаты саналады. Сол апаттың салдарын жоюға 1 жыл ішінде 600 мың адам қатысқан екен. 3-мыңнан астамы – біздің жерлестеріміз. Өз өмірін тәуекелге тіккендердің бірі – Рахметулла Рахымұлы Бексейтов.
Рахметулла Рахымұлы-Чернобыль АЭС апаттың зардабын жоюға қатысушы:
– Мен 1967 жылы 19 сәуірде Ұйым ауылында дүниеге келдім. 1974 жылы сол ауылдағы сегіз жылдық мектептің 1-сыныбына қабылданып, сегізжылдықты бітірген соң СПТУ-124 училищесіне құжат тапсырып, оқуға түстім. Біз бітіретін жылы ПТУ-19 болды. (қазіргі Сарысу колледжі) Сол жерден жүргізуші, механизатор дипломын қолыма алып, еңбекке араластым.
1986 жылы мамыр айында Украинаның Львов қаласында әскерде болдым.
Жарылыс болған жерге біздерді жіберді. Жап-жас жігіттер жарылыстың салдарынан ұрпақтарымыз жапа шекпесін деп Украинаға аттанды. Бұл – нағыз ерлік. Ондағы біздің міндетіміз 25 шақырым жерден уланған жерге ешкімді жібермеу. Күні-түні жедел полк штатында болған жауынгерлер халықтың тыныштығы мен денсаулығын сақтайды. Ол жерде бір айдан астам уақыт болған соң, әскерден елге қайтатын уақыты таяғанда Қарабақ жерінде болдық. Ол жерде Армения мен Әзірбайжан арасындағы қақтығысты тоқтатуға көмектестік,-деді кейіпкеріміз.
Рахметулла Рахымұлы әскерден аман-сау оралған соң, жастық жалыны бойында тасып тұрған жас жігіт бірден еңбекке араласып кетеді. Әуелі Саудакент ауылындағы газ саласында қызмет етсе, кейін келе денсаулығына байланысты 2010 жылдан бері киномеханик болып жұмыс істеп келеді.
Одан бөлек көктем айларында қауын-қарбыз егіп, аудан халқын тіл үйіретін дәмді көкөністермен қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар, мал азығын дайындауда да алдына жан салмайтын еңбекқор.
Еткен еңбек пен төккен тер өзінің лайықты бағасын алған. Облыс, аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және «Чернобыль апатына-35 жыл» медальдарымен марапатталған.
Отбасы жағдайына келсек, жұбайы-Рахила Бертанқызы Керімбаевамен тағдырлары тоғысып, шаңырақ көтереді. Жұбайы қазіргі таңда Ұйым ауылдық клубта жұмыс істейді. Мәпелеп өсірген перзенттері маман иесі атанып, еңбек етуде. Тәп-тәтті үш немеренің аяулы ата-әжесі.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»