Даналықтың, даралықтың өлшемі (Аты аңыз, өнер шамшырағы Әшімов Асанәлінің рухына арнаймын)
Бір дәуірдің өнерінің өресі,
Ел сыйлаған актерлардың төресі.
Тағдырының дархандығын даралап,
Ғұмырнама өрге жүзген кемесі.
Қас өнердің қалыпталған тұлғасы,
Ізін салған заманының сырласы.
Төрі құнды сегіз қырлы дарыны,
Сөзі өрелі ұлт өнері тұнбасы.
Қайталанбас бейнелерді сомдаған,
Сөз маржанын абыз болып толғаған.
Бабалардың жалғыз қалған сарқыты,
Ұрпақтарға өсиетін жолдаған.
Тұнып тұрған шынайылық келбеті,
Өз ұлтының болған бейне зердесі.
Сұлулық құйып қойған алтыннан,
Жер бетінде болған емес теңдесі.
Туған жері Сарысудың саңлағы,
Жас дарындар құбыласы ардағы.
Ауылының мақтанышы дарабоз,
Қазақ ұлты өнерінің қаймағы.
Өнер шыңы намыс туы тұғыры,
Жүріп өткен үлгі-өнеге ғұмыры.
Даралықтың, даналықтың өлшемі,
Сөз ұстаған абыздардың сынығы.
Қодар болып қалды тарих төрінде,
Мұраты анық ұя салып көңілге.
Қасымханның айшықтаған бейнесін,
Ер келбетін үлгі етіп өмірге.
Жан дүниесі тәрбиенің өзегі,
Ұғым дастан тұғырластар кемелі.
Күн сияқты жанға төгер шуағын,
Алған сыйдан асып тұрған беделі.
Ай сияқты түннің ашар қабағын,
Түннің жұлдыз енгіздірген ажарын,
Жанды өбіп бейне ескен самалдай,
Нұр жаңбырдың берген ізгі хабарын.
Таңдап келіп бар қасиет дарыған,
Бойға сіңген намыспенен ар иман.
Өнерімен мерейіңді өсірген
Жеміс теріп өмір гүлзар бағынан.
Сөзі зерлі бүкіл елді байлайтын,
Мағыналы замананы жалғайтын.
Ғибрат нұсқа бағыт жұртқа беретін,
Ойы таза зейінді жан аңдайтын.
Туған елдің бар атағын еншілеп,
Өнер нұры туған ұлы кең жүрек
Ақтық сапар бақилыққа аттанды,
Соңғы сері көңіл көгі ер тірек.
Бүкіл қазақ күңіренді күрсінді,
Еңсе түсіп қайғы басып жұртымды.
Кедергі жоқ тағдырына Алланың,
Өзі ғана басқаратын тылсымды.
Қос жанардан сағыныш жас тамшылап,
Болған қаза жан жүректі жаншылап.
Келген қауым үнсіз ғана егілді,
Ағып түсті деген оймен шамшырақ.
Бар қазаққа ортақ болған қазасы,
Қыранындай қайырылған қанаты.
Көңіл айтам қайғы шерді тарқатып,
Болсын қайыр бар қазақтың баласы.
Ас беруде туған-туыс, бауырлар,
Рух болған аруақты сағынған.
Қабыл болсын беріп жатқан астарың,
Ізгі шара тынышталар жан иман.
Ақыреттік сапар тұрақ мәңгілік,
Серік болар иман намыс ар тұнық.
Жаратушы ием Алла жар болып,
Рух тұрсын еске алып жаңғырып,
Жүрген жайы жаннат болсын Фердаус.
Мұрат жетер тұрақ мекен жайлылық.
Рәтбек қажы Сүлейменұлы,
Саудакент ауылы