Атыраудан бас жүлдемен оралды
Өнер – адамзат баласының ең ізгі қасиеттерінің бірі. Осы қасиет арқылы адамдар көпке танылады, дарынымен, талантымен, өнерімен өрге жүзеді. Дана халқымыз: «Өнерлі өрге жүзер» деп бекер айтпаса керек.
Сарысу ауданы – талантты, дарынды тұлғаларымен танылған өлке. Оның ішінде Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі өнерлі жандардың мекені саналады. Бұл жерден талантты әншілер, басқа да дарын иелері түлеп ұшып, аудан мерейін асырған. Міне, осындай қасиет қонған елде жас өнерпаздарды дайындауда Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі жұмыс жасауда.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, аудандағы талантты балаларды, жастарды өнерге баулу жолында жарқын жұмыстар бар. Негізінен, Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі 1967 жылдан бері жұмыс жасап, өнерлі өрендерді тәрбиелеуде. Бүгінгі таңда Нұрлан Байділдаев басқаратын өнер ордасында музыка және көркемөнер бағыттары бойынша жұмыс істейді. Қазіргі таңда осы екі бағыт бойынша 293 бала білім алуда. Өнер мектебінде өнер десе ішкен асын жерге қоятын 16 мұғалім сабақ беруде. Атап өту керек, өнер мектебінде шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздарымыздың көбісі осы мектепті бітірген жоғары білімді мамандар. Ұлттық мәдениет пен өнердің дамуына үлес қосып жүрген білікті ұстаздардан тәлім алған дарынды оқушыларымыз халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық байқауларда жүлдегер атанып, өнерлерімен көпшілікті тәнті етуде. Сол арқылы ауылдың, ауданның, елдің мерейін үстем етіп жүр.
Жақында Атырау қаласынан ақжолтай хабар келді. Өнердің талай шыңына өрмелеп шығып келе жатқан аталмыш ұжым Атырау қаласында өткен композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, сазгер Мәкәлім Қойшыбаевтың 100 жылдығына арналған жас орындаушылардың I Республикалық «Өмір гүлі» байқауында «Оркестр» номинациясы бойынша жоғары орындаушылық шебері үшін «Ықылас Дүкенұлы атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі» жүзден жүйрік шығып, бас жүлдені иеленді.
Атап айтсақ, «Қобыз» номинациясы бойынша кіші топтан Ануарбек Томирис 3 — орынды, орта топтан Мектепберген Айбарша 1 — орынды, Рыскелді Ақбаян 2 — орынды, Медет Рабиябегім 3 — орынды, Домбыра номинациясы бойынша орта топтан Нарбай Мансұр 1- орынды иеленіп, топ жарды. Сонымен қатар, аталмыш сайысқа қатысқан Саудакент саз мектебінің өнерпаздары да «Оркестр» номинациясы бойынша 2 — орынды жеңіп алды. Бәсі биік байқауда бас жүлдені иеленген Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің директоры Нұрлан Байділдаевтың шәкірттері ұстаздың еңбегін ақтап, жеңісті жорықты жалғастыруда. Сондай-ақ, Саудакент саз мектебі де талай жүлделі жарыстарда үздіктер қатарынан көрініп келеді. Ендеше, ауданымыздың мақтаныштарының алар асуы алда болсын дейміз.
Қазақта «Ата өнері – балаға мұра» деген даналық бар. Сондықтан ұлттық өнерімізді дамытуда Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің ұжымы айтулы жұмыстарды атқаруда. «Бер оқуға балаларды жасынан»,-деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, өнер мектебінің негізгі ұстанымы-әр баланың жастайынан өнерге, білімге құштарлығын оятып, тәрбиелеу. Ендеше, осындай өнер мектебінің ұжымына балаларды өнерге баулуда еңбектеріңіз жанып, шәкірттеріңіз биіктен көріне берсін демекпіз.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»