Ұрпақ тәрбиесі- ұлт болашағының негізі

0

Қазақ халқы ертеден-ақ бала тәрбиесіне ерекше мән берген. «Бала – адамның бауыр еті», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөздер соның айғағы. Бұрынғы қоғамда тәрбие тек ата-ананың емес, тұтас ауылдың, елдің ортақ міндеті болды. Ал бүгінде бұл жауапкершілік көбіне отбасы мен мектептің еншісінде қалып отыр.
Қазіргі заманда ұрпақ тәрбиесіне әсер ететін факторлар да күрделене түсті. Ақпараттық технологияның дамуы, әлеуметтік желілер, ғаламтор кеңістігі бала санасына оң да, теріс те ықпал етіп жатыр. Бір жағынан, бұл білім көкжиегін кеңейтетін мүмкіндік болса, екінші жағынан, ұлттық құндылықтардан алыстату қаупін де тудырады. Сондықтан баланың ақпаратты дұрыс қабылдауына бағыт-бағдар беру – ата-ананың басты міндеті.
Ұрпақ тәрбиесінде ең алдымен отбасының рөлі айрықша. Бала ең алғашқы тәрбиені отбасынан алады. Ата-ананың сөзі мен ісі, мінез-құлқы – баланың болашақ болмысының айнасы. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекқорлық, адалдық сияқты қасиеттер күнделікті өмірде көрсетілмесе, құрғақ ақылдың әсері шамалы болмақ.
Сонымен қатар, мектеп пен қоғамның да орны бөлек. Мектеп тек білім беретін орын емес, тұлға қалыптастыратын орта. Ал қоғамда болып жатқан әрбір жағдай, әлеуметтік әділетсіздік немесе керісінше, игі істер де жас ұрпақтың дүниетанымына әсер етеді. Сондықтан тәрбие мәселесіне тек жеке деңгейде емес, мемлекеттік деңгейде де қарау қажет.
Осы орайда елдік тұрғыда байыпты бастамалар қолға алынып, лайықты нәтижелерге қол жеткізілуде. Соның бірден-бір жарқын үлгісі- «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – жас ұрпақты адалдық, әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты іргелі құндылықтар негізінде тәрбиелеу. Бұл – тек мектеп немесе білім беру саласының емес, тұтас қоғамның ортақ ісі екенін бағдарлама анық көрсетеді. Себебі адал азамат бір күнде қалыптаспайды, ол – үздіксіз тәрбиенің нәтижесі.
«Адал азамат» тұжырымдамасының басты ерекшелігі – тәрбиені жеке бағыттарға бөлмей, біртұтас жүйе ретінде қарастыруында. Яғни отбасындағы тәрбие, мектептегі білім, қоғамдағы орта – барлығы бір мақсатқа қызмет етуі тиіс. Егер бала мектепте адалдық жайлы естіп, ал қоғамда әділетсіздікке куә болса, тәрбиенің нәтижесі әлсірейді. Сондықтан бағдарлама сөз бен істің бірлігін талап етеді.
Бағдарламада айрықша мән беріледі. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбие үлгілері – адалдық, үлкенді сыйлау, елге қызмет ету, ар-намысты биік қою – «Адал азамат» идеясымен үндес. Бұл ретте бағдарлама ұлттық тәрбиені заман талабына бейімдеп, жас ұрпақ санасына заманауи форматта жеткізуді көздейді.
Сонымен қатар, бағдарлама азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған. Өз құқығы мен міндетін білетін, қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамайтын тұлға тәрбиелеу – бүгінгі күннің талабы.
Бағдарламаны жүзеге асыруда мұғалімнің, ата-ананың және қоғамның рөлі ерекше. Мұғалім – бағыт беруші, ата-ана – үлгі көрсетуші, ал қоғам – сол тәрбиенің айнасы. Егер осы үштаған үйлесім тапса, бағдарламаның нәтижесі де нақты болмақ.
Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық, немқұрайдылық, жауапсыздық сияқты келеңсіз құбылыстардың алдын алудың ең тиімді жолы – тәрбие екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Бұл мәселелермен күресті тек заңмен емес, санамен жүргізу қажет. Ал сананы қалыптастыратын негізгі құрал – дұрыс тәрбие.
Нақты айтқанда, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – ұрпақ тәрбиесіндегі стратегиялық маңызы бар бастама. Ол тек бүгінгі күннің емес, болашақтың қамын ойлаған бағдар. Адал азамат тәрбиелей алсақ, әділетті қоғам мен берік мемлекеттің негізін қалаймыз. Сондықтан бұл бағдарлама әрбір ата-анаға, ұстазға және қоғам мүшесіне ортақ жауапкершілік жүктейді. Бұл тұрғыда Сарысу ауданында ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 30 шілдедегі №194 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2025 жылғы 11 желтоқсандағы №281 бұйрығына сәйкес білім беру ұйымдарында 6 құндылыққа негізделген «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына (Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық) сәйкес, білім беру ұйымдарында ілкімді істер қолға алынған.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Менің Қазақстаным» оқу аптасының басында бірінші сабақта білім алушылар Қазақстан Республикасының Гимнін орындайды. Сондай-ақ күнделікті «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» бойынша үзіліс кезінде білім алушылардың бос уақытын ойын түрінде ұйымдастыру мақсатында асық ату, тоғызқұмалақ, бес тас және тағы да басқа ойын түрлері жүргізілуде. Бұдан бөлек «Өнегелі 15 минут» бойынша ата-аналар баласымен мінез-құлық және адамгершілік, еңбекқорлық туралы күнделікті 15 минут жеке уақыт өткізу жұмыстары жақсы жолға қойылған.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарында «Жеке қауіпсіздік» сабақтарының тақырыптары мен оларды ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдарды басшылыққа ала отырып, апта сайын сынып сағаттарында «Жеке қауіпсіздік» сабақтары 10 минуттан өткізілуде. «Жеке қауіпсіздік» сабақтарына арнайы құрылған кестеге сәйкес полиция, аурухана бөлімдерінің, аудандық ардагер ұстаздар кеңесі және ардагерлер кеңесі, алқа билер кеңесінің төрағалары қатысып, оқушыларға қауіпсіздік бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
– Бүгінде жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – жас ұрпақтың бойына адалдық, жауапкершілік, әділдік сияқты негізгі құндылықтарды жүйелі түрде сіңіруге бағытталған маңызды бастама. Бұл бағдарлама тәрбиені тек білім беру саласының міндеті емес, отбасы мен қоғамның ортақ жауапкершілігі ретінде қарастыруымен құнды.
Бағдарлама аясында 38 кездесу, 14 «дөңгелек үстел» отырысы, 24 коучинг, 32 шеберлік сыныптар, 36 спорттық шаралар, 18 дебат, 16 байқау, 22 эссе, 14 челлендждер ұйымдастырылды. Барлық шараға 7852 оқушы, 3647 ата-ана қамтылды. Сонымен қоса оқушылар арасында аудандық көңілді тапқырлар алаңы ойыны да өткізілді.
«Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталықтарында бүгінгі күнде «Даналық мектебі» жобасы аясында тағылымдық сабақтар өткізілуде. Барлық шараға 2568 ата-ана, 7294 оқушы қамтылды.
Өткен жылы аудан көлемінде үш рет ата-аналар форумы өткізілді. Аталған форумға аудан әкімдігі, прокуратура, полиция бөлімдер және ауыл әкімдері, ардагерлер кеңесінің төрағалары мен білім беру ұйымдарының басшылары және 400-ден аса ата-аналар қатысты.
Сонымен қоса, оқушылар арасында «Балалардың қауіпсіздігі-ұрпақ болашағының кепілі» тақырыбында Байқадам, Жайылма және Тоғызкент ауылдық округтері мен Жаңатас қаласында 6-11 сынып оқушылары арасында кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында оқушыларға құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары, психологиялық тренингтер жүргізіліп, «Қара жол — қасірет» атты профилактикалық қойылым көрсетілді. Аталған шараға 17 мектептен 6-11 сынып аралығында 2740 оқушы қамтылды, –дейді Сарысу ауданы білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов.
Тағы бір айта кетерлігі, биылғы оқу жылына «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру аясында білім бөлімінің бекіткен кестесіне сәйкес айына екі мектептен мектепішілік ата-аналар форумы жергілікті жерлерде мәдениет үйінде өткізілуде. Бүгінгі күнге мұндай жиындар 8 мектепте ұйымдастырылды.
Ал алдағы ақпан айына мектептерде 6-11 сынып оқушыларына құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында бекітілген кестеге сәйкес аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері әзірлеген театрландырылған қойылымдар көрсету жоспарлануда екен.
Қоғамның тұрақты дамуы мен азаматтардың қауіпсіз өмір сүруі ең алдымен заң мен тәртіптің үстемдігіне байланысты. Осы тұрғыда мемлекет алға қойып отырған «Заң мен тәртіп» қағидаты – құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бағыттардың бірі.
«Заң мен тәртіп» қағидаты ең алдымен заңның бәріне бірдей екенін білдіреді. Қоғамда тәртіп орнату тек жазалау арқылы емес, әр азаматтың заңға деген саналы құрметін қалыптастыру арқылы жүзеге асады. Заңды білу, оны сақтау және өз әрекетінің салдарын түсіну – өркениетті қоғамның басты белгілері.
Бұл қағидат «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасымен тығыз байланысты. Себебі адалдық пен әділдік ұғымдары заңға бағынумен, қоғамдық тәртіпті сақтаумен тікелей астасады. Заңды құрметтемейтін ортада адал азамат қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан заң мен тәртіп – тәрбиенің логикалық жалғасы әрі нақты өлшемі.
Маңыздысы – заң мен тәртіпті тек құқық қорғау органдарының жұмысы деп қабылдамау. Бұл – әр азаматтың күнделікті өмірдегі ұстанымы болуы тиіс қағида. Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, өзгенің құқығына құрметпен қарау, заң бұзушылыққа бейжай қарамау – осының бәрі құқықтық мәдениеттің көрінісі.
Заң үстемдігі орнаған жерде сенім қалыптасады. Азамат мемлекетке, мемлекет азаматқа сенеді. Ал сенім бар қоғамда әділеттілік орнығып, әлеуметтік тұрақтылық нығаяды. Бұл өз кезегінде елдің экономикалық дамуына, қоғамдық келісімнің сақталуына ықпал етеді.
Жас ұрпаққа «заңнан айналып өтуге болады» деген түсінік емес, «заң – ортақ тәртіп пен әділдіктің кепілі» деген ұстаным сіңірілуі қажет. Мұнда отбасының, мектептің және қоғамдық ортаның рөлі ерекше. Бала заңды сөз жүзінде емес, өмірлік мысал арқылы түсінгенде ғана құқықтық санасы қалыптасады.
Осы орайда 2025 жылғы 18- желтоқсанда өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, құқықтық дүниетанымын қалыптастыру мақсатында «Патриоттық тәрбие – адал азамат қалыптастырудың негізі» тақырыбында Сарысу аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында «Жас сақшы» сыныбы салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Әбілекұлы және Сарысу ауданының әкімі Сәкен Үмбетұлы арнайы қатысып, «Жас сақшы» сыныбының оқушыларына салтанатты түрде куәліктер тапсырылды.
Сонымен қатар, Сарысу аудандық полиция бөлімінің бастығы мен М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының директоры арасында ынтамақтастық меморандумына қол қойылды.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында аудан бойынша прокуратура, полиция бөлімі мен білім саласының қызметкерлерінен жасақталып, 4 мобильдік топ құрылған.
– Жыл басынан 106 рейдтік шара жүргізіліп, нәтижесінде полиция бөлімінің ақпаратына сәйкес, түнгі уақытта қараусыз жүрген 262 жасөспірім анықталып, заңды өкілдеріне тиісті хаттамалар толтырылды.
Буллинг және кибербуллинг әрекеттері үшін 13 оқушының ата-анасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабымен жауапқа тартылды.
Сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Заң және тәртіп» айлығы жүргізілуде. Айлық барысында мектептерде кездесулер, шеберлік сыныптар, көшбасшылық сайыстар, спорттық шаралар, челлендждер жоспарланып, өткізілуде.
Сонымен қатар, биылғы оқу жылында білім беру ұйымдарында мүдделі мемлекеттік орган өкілдерінің, ата-аналар қоғамдық кеңесі, прокуратура, полиция бөлімдері, жастар орталығы, денсаулық сақтау қызметкерлерінің, ардагерлер кеңесінің қатысуымен 7-11 сынып оқушыларымен кездесулер өткізілді.
Өткен жылда «KiVa» буллингке қарсы бағдарламасы Б.Адамбаев атындағы тірек орта мектебінде жүргізілсе, «ДосболLIKE» пилоттық жобасы Абылай хан атындағы мектеп-лицейінде сынақтан өткізілді.
«ДосболLIKE» балаларды қудалаудың (буллингтің) алдын алу бағдарламасы аясында мектептерде буллингтік топ құрылған. Аталған бағдарламаға сәйкес оқушылар мен ата-аналар арасында жоспарлы жұмыстар атқарылуда, –дейді Сарысу ауданы білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов.
Бұдан бөлек «Қауіпсіз балалық шақ!» жобасын іске асыру бойынша жоспарға сәйкес, мектепішілік есепке алуды жүргізу аясында білім беру ұйымдарында кейс-менеджмент тетігі енгізіліпті.
Дегенмен де, аудандық полиция бөлімінде 12 оқушы тіркелсе, Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №398 бұйрығына сәйкес бүгінгі күнге 59 оқушы мектепішілік есепке алынған. Мектепішілік есепке алынған оқушылар білім беру ұйымдарының Жарғысының талаптарын бұзу және орындамау, қараусыз және қадағалаусыз жүргені үшін құқықтық кеңестің шешіміне сәйкес тізімге қосылған.
2025 жылдың қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған мектеп оқушылары арасында қылмыстық құқық бұзушылық оқиғалары тіркелді. Атап айтар болсақ, 1 ұрлық, 1 топтық төбелес, 2 буллинг әрекеті орын алған. Келеңсіз оқиғаларды анықтау барысында құқық бұзушылық әрекетке көбіне толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың баратынына көз жетіп отыр.
Осы орайда полиция бөлімінің және мектепішілік есепке алынған оқушыларға мектептен тәлімгерлер бекітіліп, әр оқушыға жеке жоспар құрылып, күнделікті сабаққа қатысуы бақылауға алынып, тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Есепке алынған оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында жеткіншектер қосымша футбол, волейбол, бокс және робототехника үйірмелеріне қамтылған.
Қорыта айтқанда, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты – бірін-бірі толықтыратын, ортақ мақсатқа қызмет ететін маңызды бағыттар. Бірі – тұлғаның ішкі дүниесін, ар-ожданын, адамгершілік болмысын қалыптастырса, екіншісі – сол құндылықтардың қоғамдағы нақты көрінісін, өмірлік өлшемін айқындайды.
Адалдық, әділдік, жауапкершілік сияқты қасиеттер заңға құрметпен қараумен, қоғамдық тәртіпті сақтаумен ұштасқанда ғана шынайы нәтижеге жетеді. Заң үстемдігі орнамаған ортада адал азамат тәрбиелеу мүмкін емес, ал саналы, тәрбиелі азаматсыз заң мен тәртіп те толық жүзеге аспайды. Сондықтан бұл екі бастаманы бөліп қарау емес, біртұтас жүйе ретінде қабылдау – уақыт талабы.
Мемлекеттің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, қоғамдағы құқықтық мәдениет пен адами құндылықтардың деңгейімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Адал азамат» пен «Заң мен тәртіп» қағидаттары – әділетті қоғам құруға бағытталған стратегиялық бағдар.
Әрбір азаматтың санасында адалдық пен заңға құрмет берік орныққанда ғана сенімге негізделген, тұрақты әрі жауапты қоғам қалыптасады. Бұл – бүгінгі ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік.

«Sarysý»-АҚПАРАТ

Leave A Reply

Your email address will not be published.