Республикалық чемпионатқа жолдама алды
Облысымызда кикбоксинг спорттың бұл түрі жақсы дамып келеді. Бұл спорт түрін ауданымыздың спортшылары жанына серік етіп, аудан намысын қорғап келеді.
Tұpap Рысқұлов ауданында 2008-2009 және 2010-2011 жылдары туылған жастар мен жасөспірімдер арасында кикбоксингтен Жамбыл облысының чемпио-наты өтті.
Аталған чемпионатқа Тараз қаласы мен аудандардан спортты жанына серік еткен 200 спортшы қатысты.
Аталмыш жарысқа ауданымызда өз қаржысынан Кикбокс үйірмесін ашқан, жастарымызды спортқа баулып жүрген Ербол Пернешовтың шәкірті 81 келі салмақта Алмас Әуелбеков бақ сынасты.
Жас спортшы қарсыластарын шаң қаптырып, 3-орынды қанжығасына байлап, Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алды.
Жүлдегер мен жеңімпаздарға медаль мен арнайы диплом табысталды.
Кикбоксингтен жаттықтырушы Ербол Пернешов:
-Кикбоксингтен менің жаттықтырушым Сәбит Усипов көптеген балалардың әлем чемпионы болуына үлес қосты. Жуырда шәкірті Дубайда өткен жарыста 2-орынды иеленіп қайтқанын мақтанышпен айта аламын.
Бұл үйірмені ауданымызда алғаш рет ашып, жастарымызды спортқа баулып, шәкірт тәрбиелеп жатқаныма аз уақыт болды. Спортшыларым үмітімді ақтап, жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Абай мектебінің директоры Қайрат Айнабековке ризашылығымды білдіремін. Өйткені ол кісі мектеп спорт залында жастарды спортқа баулуыма үлкен қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар үлкен жарыс алдында «Жеңіс тұғырынан көрініп келіндер» деп ақ батасын беріп, шығарып салып жүрген «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің механизм жөндеу цехының басшысы Мұсабек Төлепбергеновтің де еңбегі орасан зор.
Иә,«Бұлақ көрсен көзін аш» деген. Алмас спортшымның алдағы Қазақстан Республикасының чемпионаттарының жарысына қатысу үшін атымтай жомарт азаматтар демеушілік жасап, қолдау көрсетсе, нұр үстіне, нұр болар еді,-деді.
Жастарымызды спорт саласына баулып жүрген, жергілікті жастар арасында спорт өнерінің дамуына атсалысып келе жатқан білікті «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің жұмысшысы Е. Пернешовтың спортшылары халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілекшіміз.
Сәулет РЫСБЕКҰЛЫ, «Sarysý»