Жұмысшы мамандық иелері — ел дамуының тірегі

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі.
Осы маңызды бастама аясында жұмысшы мамандық иелерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру, олардың еңбегін насихаттау мақсатында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Сарысу ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жұмысшы маман иелеріне арналған танымдық экскурсия.
Ағымдағы жылдың 19 желтоқсанында Жамбыл ауданы мен Тараз қаласының тарихи-мәдени және археологиялық маңызы зор орындарына арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсия барысында қатысушылар қазақ халқының бай тарихы мен рухани мұрасына қанығып, өңірдің көне жәдігерлерімен танысты.
Экскурсия бағыты “Айша бибі” кесенесінен бас­талып, “Қарахан баб” кесенесінде жалғасын тапты. Қатысушылар бұл киелі орындардың тарихы мен сәулеттік ерекшеліктері туралы тың деректерге қанықты. Сонымен қатар Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейін аралап, өңірдің өткенінен сыр шертетін құнды экспонаттарды тамашалады. Сапар барысында “Тектұрмас” тарихи кешені мен “Көне Тараз” археологиялық паркі де назардан тыс қалмады. Бұл орындар арқылы жұмысшы мамандық иелері Тараз қаласының мыңжылдық тарихымен, Ұлы Жібек жолындағы маңызымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Сапар барысында саяхаттаушыларға барлық жағдай жасалып, гид маманы, медбике жүрді. Тараз қаласында таңғы, түскі астары ұйымдастырылды.
Аталған экскурсия еңбек адамдарының рухани дамуына серпін беріп қана қоймай, ұлттық тарих пен мәдени мұраға деген құрметті арттыруға ықпал етті. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында мұндай тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, еңбек адамын дәріптеуге бағытталмақ.

Әсел Бекбатырова, Сарысу ауданы
әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп
және туризм бөлімінің маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.