Бауыржан Момышұлы-ұлттық рухтың сақтаушысы

0

Бауыржан Момышұлы -екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы. 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінде дүниеге келген.
Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл әскер қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота командирі болады.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады.
1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери маман ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды.
Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерлей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды.
Бауыржан Момышұлы-әскери педагогика мен әскери психология­ны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылды.
Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Кеңес әскері Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналысып, Кеңес әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады.
Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын.
Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.

Қанатты сөздері
* Әділдікті мойындау — адал кісінің ісі.
* Опасыздық — ойсыздық.
* Қуыс кеуде болғаннан артық қорқыныш та, қорлық та жоқ.
* Бақаның бағынан, сұңқардың соры артық.
* Намысты нанға сатпа.
* Қарабет болып қашқанша-қайрат көрсетіп өлген артық.
* Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу-сатқындық.
* Именіп жүріп көрген игіліктен-қарсыласып жүріп көрген бейнет артық.
* Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше-шындықтың уын ішін өлген артық.
* Ерлік-елдің қасиеті, жүректілік-жігіттің қасиеті.
* Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады.
* Батырлық тәуекел мен ақылдың есебінен шығуға тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал ақылсыз тәуекелді ештеңе де ақтап ала алмайды.
* Ата-ана қадірін білмеген-ел қадірін біле алмас,
Ел қадірін білмеген-ата-ана қадірін біле алмас.
* Дүниеде баланың у-шуына жетер не бар?!
Одан асқан сазды әуен ойлап табу мүмкін емес.
* Тіл-ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі.
* Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту-бүкіл ата-бабамызды, бар тарихымызды ұмыту.
* Қазақ тілі-сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл.
* Жақсы сөз жанға — жақын, құлаққа — жағымды, ойға — қонымды келеді.
* Сөз жылата да, жұбата да алады.
* Тіл тазалығы үшін күрес-ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес.
* Тілекке-еңбек тірек.
* Терлеп еңбек етерсің-тілегіңе жетерсің.
* Тәрбиелі-тәртіптің құлы,
Тәртіпті-елдің құлы.
* Қайратыңа-әдісіңді жолдас ет, әдісіңе-ақылынды жолдас ет.
* Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел-құл болмайды.
* Қайрат етер кезінде-жүк көтерер нардай бол,
Ақыл айтар кезіңде-жүз жасаған шалдай бол.
* Ылғи алтын іздеме-шоқтың бәрі от болмас.
* Күншілдік-өзгенің мықтылығы мен өзіңнің әлсіздігінді мойындаудан туған құбылыс.
* Ерлік-тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады.
* Өршіл рухтан-өлмес ерлік туады.
* Үміт-өрге тартады, үмітсіздік-көрге тартады.
* Жерге-тер төгіп, халыққа-қан төгіп қызмет етуден тайсалма!
* Белдескеннің-белін сындыр, тірескеннің-тізесін бүктір.
* Ептілік те-ерлік.
* Қолбасшы болсаң сондай бол-жосылып жатқан жолдай бол.
* Отбасының өнегесі-Отан өнегесі.
* Халықтық тәжірибе-бүгінге ғана емес, ертеңге де керек қазына.
* Сұлу сөзге құл болма-зерлі ой онда көп болмас.
* Үмітін жоғалтқан жан-ешқашан үміттеніп көрмеген жан.
* Тіл-ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі.
* Тіл-елдің елдігінің, оның ғылымы мен мәдениетінің, өнеркәсібінің, қоғамдық құрылысының, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, ұлттық мұрасының қай дәрежеде екенін білдіріп тұратын көрсеткіш.
* Ана тілімізге мән бермеушілік, оны құрметтемеу-шынайы патриоттар тәрбиелеу жұмысына үлкен зиян.
* Қазақ тілі еш уақытта өзімен көрші халықтардың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалмағаны, өз сыбағасын ешкімге жібермегендігіне мың жылдық көне тарих куә.

Батырдың шығармалары
«Офицердің күнделігі»,
«Курландия майданы»
«Қанмен жазылған кітап»
«Бір түннің тарихы»,
«Артымызда Москва» секілді көптеген кітаптар мен әңгімелер жазды. Панфилов туралы жазылған «Генерал Панфилов» өмірбаяндық әңгімелер
«Ұшқан ұя»,
«Мәскеу үшін шайқас»,
«Жауынгердің тұлғасы»,
«Майдан»,
«Майдандағы кездесулер»,
«Төлеген Тоқтаров»,
«Куба әсерлері»,
«Адам қайраты»,
«Елбасына күн туса секілді» кітаптардың авторы. Ол «Кубадағы кездесулер» және басқа да саяхатқа қатысты очерктер жазған.

Жазушы туралы қызықты деректер
1. Желтоқсан айының 24 күні туған. Қыстың әбден қаһарына мініп тұратын шағында туған оның өміріне да аса ықпалы болған. Жайшылықта сабырлы, ал майданда аса қатал болған деседі. Бала кездегі лақап аты «Шаңтимес» болғанын біреу білсе, біреу білмес.
2. Алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. 1928-1930 жылдары бастауыш мектепте сабақ берген.
3. Әр саланың игеріп әкететін ерекше қабілетінің арқасында Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болып та қызмет еткен. Қаржылық сауатты Момышұлы әскери саланы да тастамай қатар алып жүрген.
4. Соғысқа дейінгі жылдары әскерде өнерімен талайды тәнті еткен. Ат үстінде қылышпен ойын көрсетуде асқан ептілік танытып, Буденныйдың көзіне түскен.
5. Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты.
6. Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқаста 207 рет ұрысқа кірді.
7. 1945 жылдың 16 қаңтарында Алматыға келген Бауыржанды М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, т.б. ғалымдар соғыс туралы әңгіме-лекция өткізуге шақыртып, кездесу ұйымдастырады. Осы дәрістің стенограммасы кейін «Соғыс психология» деген атпен кітап болып басылды.
8. Қанқұйлы соғыс уақытында дивизия басқарған екі-ақ қазақ болған. Біріншісі – Бауыржан Момышұлы, екіншісі – Әбілқайыр Баймолдин.
9. Соғыстан кейін 1950-1955 жылдары полковник шенімен Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. Совет одағының генералдары алдында дәріс оқыған асқан стратег, психолог, шешен, тапқыр полковниктің кәсібилігін бірден мойындайды. Батыр ақын, алаштың арысы Мағжанды өз көзіммен көрдім деп осы кезді айтады.
10. Бауыржан Момышұлы 1962 жылы Фидель Кастроның шақыруымен Куба еліне барды. Кейін 1963 жылы тағы бірнеше мәрте шақыртумен арнайы сапармен барып қайтты. Бір айта кетерлігі, Куба елінің саяси күрескері Ф. Кастро түрмеде жатқан кезінде Момышұлының кітаптарын оқып, көзқарастарының нығаюына ықпал еткенін айтады.
11. Елге оралған соң, Қорғаныс комиссариатына (қазіргіше министрлік) басшылықтан ойы болған. Алайда елдегі науқаншылдық оған жол бермеді. Тіпті ректор Өмірбек Жолдасбеков Қазақ ұлттық университетінің әскери кафедрасына жұмысқа алмақ болады. Алайда оған да қарсылық болған деседі.
12. Кейін бірыңғай шығармашылыққа келді. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өміріндегі көрген білгендерін шығармаларына арқау етті.
13. Момышұлы өмірінде бірнеше рет үйленіп, шаңырақ көтерген. Алғашқы зайыбы Бибіжамал Мұқанқызынан Бақытжан есімді ұлы дүниеге келген. Ұлы да жазушылықпен айналысқан. Екінші әйелі Вера Строева Бауыржанның әдебиетке келуіне әсер еткен. Клавдия Коркина атты сыған қызымен бас құрап, одан Елена Бауыржанқызы деген перзент сүйген. Тағы бір әйелі Бақытжамал Қалибекқызымен 13 жыл бірге болған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.