Ақынын ардақтайды Сарысу елі

0

Биылғы жылы жерлесіміз, жүрегін жырға бөлеп, үміті-өлең, тақырыбы — туған жер болған ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әлсейіт Әлменнің 80 жылдық мерейтойы екендігі баршаңызға аян. Ақынның есімін қастерлеп, кейінгіге үлгі етіп қалдыру бүгінгі ел азаматтарының қасиетті борышы деп білеміз. Демек, ардақты ақынның аудандық «Сарысу» газеті оқырмандарының жүрегінен жол табуына, жан-жақты әсем болып шығуына қосқан үлесін және поэзиядағы, қоғамдық өмірдегі зор еңбегін ешқашан ұмытпауымыз керек. Осы айтулы датаға байланысты барлық кітапханаларда түрлі көпшілік шаралар ұйымдастырылып, ақын тойын лайықты өткізуге атсалысып келеді.
Мен бір жанмын – кісіге бақ тілеген,
Қоналқада ой – ормандарға түнегем.
Талай–талай таңды атырдым қас қақпай,
Жазу үшін жан тербетер бір Өлең!- деп ақын өзі жырлағандай бір жүректің жырына, бір ғұмырдың ізіне, бір адамның адамдық биігіне тағзым етуге және ақынның қаламына адалдықты, азаматтық болмысты, жылы мінез бен жарқын шығармашылықты дәріптейтін рухани кеш «Естелікке айналған есім» тақырыбында осы аптаның сәрсенбісі күні аудандық мәдениет үйінде кең көлемде аталып өтті.
Кешке келген қонақтар ең әуелі аудандық мәдениет үйінің кіре-берісіне қойылған «Өмір жолы лентасы» инсталляция мен «Әлсейіттің жарық жыр әлемі» атты кітап көрмесімен танысты. Көрмені аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашылары таныстырып, ақынның кітаптарына жеке-жеке тоқталды.
Іс-шараның шымылдығы ақын Талғат Құсайыновтың «Арнау» өлеңімен ашылды.
Әдеби сырласу кешінде аудан әкімдігінің аппарат басшысы Құдайберген Жамбылұлы Рысдәулет сөз сөйледі.
-Құрметті ауыл тұрғындары!
Қадірменді зиялы қауым өкілдері!
Біз бүгін талантты ақын, дарынды журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болған Әлсейіт Шахантегінің дүниеге келгеніне 80 жыл толуына орай еске алу шарасында бас қосып отырмыз. Әдебиет саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер өзінің отты жырларымен қатар, танымдық зерттеулері мен ауқымды мақалаларымен оқырмандардың жүрегіне жол аша білді.
Әлсейіт Әлменұлы Шахантегі-1945 жылдың 12 желтоқсаны күні Сарысу ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Өнерге, әдебиетке деген қызығушылығы жастайынан қалыптасқан дарын иесі Байқадам атындағы орта мектепті бітірген соң, Шымкент қаласындағы Әл-Фараби мәдениет институтын мәдени-ағартушы мамандығымен аяқтайды. Кейіннен Әл — Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде журналистика мамандығын алып шықты.
Еңбек жолын Сарысу ауданындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы жетіжылдық саз мектебі мен Б.Адамбаев атындағы орта мектепте мұғалім болып бастайды. Әр жылдары түрлі салаларда абыроймен қызмет атқарып, жемісті еңбек етті. Сол кездегі «Молшылық»(қазіргі Сарысу) газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып қызмет істеп, журналистикада кәсібилігін шыңдайды. Өмірінің соңғы жылдарында аудандық «Сарысу» газетінде жауапты хатшы қызметін адал атқарып, талай жас дарындыларды шығармашылыққа баулыды. Оның «Ата аманаты» кітабы оқырмандарының көзайымына айналды. Сонымен қатар, «Үш қиян», «Шоқай датқа» және «Шежірелі Сарысу» ұжымдық жинақтарда өлеңдері мен тарихи әңгімелері жарық көрген.
Әлсейіт Әлменұлы-Жамбыл облыстық ақындар айтысының екі дүркін жеңімпазы атанған. Сондай-ақ, бірнеше рет республикалық, облыстық ақындардың жыр-мүшәйраларында жүлделі орындардан көрінді. Әдебиет айдынында ойып тұрып орын алатын Әлсейіт ағамыздың жарқын бейнесі ел есінде. Оның жас журналистер мен ақындарды тәрбиелеуде үлесі мол. Өткір мәселелер мен өзекті ойлары көлемді мақала болып жарияланып, оқырмандардың оң бағасын алды.
Қазақта, «Жақсының аты өлмейді» деген даналық сөз бар. Әлсейіт ағамыздың журналистика саласына сіңірген еңбегі ел жадында мәңгілік сақтала бермек. Бір бойына бірнеше талантты сыйдыра білген дарын иесінің шығармашылығы жасай берсін!-дей келе жұбайы Қолғанат Алиева апайға сый-сияпаттарды тарту етті.
Кештің «Журналист, ақын есімі ел есінде» айдарында жүрегімізде терең із қалдырған, сөз өнерін серік етіп, журналистика мен поэзияның биігін өз еңбегімен бағындырған жерлесіміз Әлсейіт Әлмен ағамыздың шығармашылық жолына, елдік мұратқа адал қызметіне журналист, қаламгер, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Бергентай Нұрмаханұлы, ардагер журналист Темірлан Әбілдаев, әріптесі Күлзағира Жылқыбаева, «Сарысу» газетінің директоры Жанна Жетенова, журналист Шоқан Шөжеев, желтоқсаншы Нұржан Есмаханов, ақын, тарих зерттеушісі Бекбосын Кенжеғараев естеліктерімен бөлісіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Ақынның «Күн махаббат» өлеңін Сарысу халық театрының режиссері Ерболат Ильясов мәнерлеп оқыса, кешке қатысушылар қаламын қылыштай емес, жүрекке жылы шуақтай ұстаған Әлсейіт Әлменнің өмірі-парақ, сөзі-өрнек, жыры-жұртқа қалдырған аманат өмір жолы мен шығармашылық әлемінен сыр шертетін «Көзден кетседе, сөзден кетпеген» ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған деректі бейнежазбаны тамашалады.
Әлсейіт Әлменнің әр мақаласы-елге деген сүйіспеншілік, әр өлеңі-адамдық пен мейірімге толы сыр. Өмірінің әр сәті-ізгіліктің, еңбекқорлықтың, қарапайымдылықтың айқын белгісі еді. Оның 1995 жылы «Ата аманаты» деректі әңгімелері, қиссалары, 2007 жылы «Тұғыры биік тұлға» атты еңбегі шықты. 2005 жылы жарық көрген «Күн махаббат» кітабы ақын өмірінің өзегі іспеттес. Осы шығармаларын оқырмандарына кеңінен таныту мақсатында «Жарық жүрек, жырымды тыңда» атты ақын жырларынан әдеби композиция көпшілік назарына ұсынылды.
Ақындық өнердің алдаспаны, журналистиканың жүйрігі, қоғамдық жұмыстың қозғаушы күші болған талант иесі көзі тірісінде-ақ лайықты бағасын алған болатын. Талант иесі көзден кетсе де оның рухты өлеңдері жылдан-жылға жаңғыра берері сөзсіз.Ұстаз аманаты-шәкірт жүрегінде деген сөз бар. Ақын ауданда ақындыққа бет бұрып, ақындық әлеміне жол алған бірнеше жастарға ағалық ақылын айтып, өлең жазудың қыр-сырын ұқтырған болатын. Іс-шарада өзіне жақын, балапандай баулыған, тәлімін көріп, өнегесін бойына сіңірген, әсем қала Алматыдан арнайы ат басын бұрған шәкірті Бекайдар Аманбаев сиясы кеппеген «Желтоқсанның жауһары» жыр-арнауын ерекше тебіреніспен оқыды.
Көке бірге бола алмадық өзіңізбен көп уақыт,
Кеттің бірақ жүрегіме өлең жолын орнатып.
Шәкірт болу-сіздей жанға бес елі бақ, мәртебе,
Сол бақыт пен сағыныш қой тұрған жырды жолдатып.
Мен бала едім ол кездері он екі мен он үште,
Ең алғаш рет өзің мені жеткізген де жеңіске!
Маған қылған қаншамасын жақсылықтарыңыздың,
Я, Құдайлап сұрап қойғам сол қалпымда періште!
Ол кездегі дұғамменен кірсе екен деп мен әлі,
Тілеп жүрмін рахат тауып, рахаттанып пейішке!
Тым алыстан шақырады мені кейде қорымың,
Басыңа бір соқпай кеттім жүдеу содан көңілім.
Бәлкім маған өкпелісің, өкпелеуге хақың бар,
Тірі жүрсем толтырармын сол өкпеңнің орынын.
20 жылдай өткенімен тартып тұрад өзіңе бір жақындық,
Сол жақындық әлі күнге жүрегімде жатыр нық!
Мен есімнен шығармайтын екі өмірде бағым бар,
Ол өзіңдей ұлы адамға шәкірт болу ақындық!
Сол бағыма қарсы тұрар бір әттеңім бар менің,
Ол әттеңім саған ерте және тым кеш келгенім.
Ес білетін шағым менен кезімде мен ер жеткен,
Болғаныңда жанымда көп шақпас ем ғой мен бұлайша елге мұң…
Байқамадым кезіңді бір дауыс қатып күлетін,
Біртоғалық қалпың бар-тын, түзу еді ниетің.
Қасиеттен де кенде емес ең, мені қолдап тұратын,
Аруағың ғой білем сенің желеп, жебеп жүретін.
Сіз бар кезде бүршік едім, сіз кеткен соң жайқалдым,
Тек екеуміз түсінерміз, келіп тұрады бергеніңді қайтарғым…
Сізге деген жүрегімде жатқан үлкен сағыныш,
Тіпті өлең боп шықпай қойды, көрген кезде айтармын…
Өмір — күрес. Жалғыздықтан жетпей қалып қауқары,
Шәкіртіңнің шер тарқатып көп ед саған айтары.
Мені қойшы, жалғыз емен, бұл теңеуде сен едің,
Жалғыз келіп, жалғыз кеткен желтоқсанның жауһары…
Мұнан соң, ақын Советкүл Жарылқасынова өзінің ақын рухына арнаған «Ұстазыма» жырын оқырмандарының назарына ұсынды.
Қуанамын бүгінгі күн кешіне,
Қуанышты жасырайын несіне.
«Жақсылардың жақсылығын айт» деген,
Бір мақалды түсіріп тұр есіме.
«Күн -махаббат» кітабыңыз алғашқы,
Кешіңіздің тауып отыр жалғасын.
Шабытыңыз шарықтасын биікке.
Қанатыңыз ешқашан да талмасын.
«Күн -махаббат өлеңдерін оқыдым,
Көңіліме талай ұғым тоқыдым.
Үлкен жүрек қыл-қобызын шерткенде,
Жан-дүнием тебіреніп толқыдым.
Өлеңінен талай сырды аңғардым,
Куәсі екен көз ілмеген таңдардың.
Талғамыңның тұнығынан байқадым,
Саясында нұры тамған арманның.
Жете бергің арманыңа аңсаған,
Тұғырынан биік тұрар жақсы адам.
Жаны жайсаң сіздей ақын ұстазым,
Шәкіртіңіз болғаныма мақтанам.
Есіміңіз естелікке айналып,
Халқың мынау кешке келген жайланып.
Сіз туралы неше түрлі естелік,
Бүгінгі кеш сізге жатыр арналып.
Естелікті түс екен деп айтпақ кім,
Жаннаттың да жаның-дағы жай тапсын.
Ақындығын артындағы естелік,
Жүрегінде халқымыздың сақталсын!
Іс-шарада аудандық мәдениет үйінің жезтаңдай әншілері әннен шашу шашты.
Әдеби кештің «Жанұя жадындағы жарық бейне» бөлімінде ағайын-туыстары атынан еңбек ардагері Нұраш Сұлтанбеков және ақынның жұбайы Қолғанат Алиева мен баласы Нұрбол Әлсейітұлы ризашылықтарын білдіріп, осы кешті ұйымдастырған аудан әкімі Сәкен Мамытовқа, аудан әкімдігіне алғыстарын жеткізді.
Тағылымды жиында ақынның артына қалдырған, жылы сөзін, жақсы ізін, өшпес мұрасын еске алдық. Оның дауысы газет парақтарында, жыр жолдарында, жүректеріміздің тереңінде жаңғырады.

Камели Сүлейменова, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.