Батырлықтың биік шыңы
Қазақ халқының тарихында елдің ертеңі үшін жанын шүберекке түйіп, от пен оқтың ортасынан өтіп шыққан асыл ерлер аз емес. Солардың ішінде ұлт рухының символына айналған, қаһармандықтың, тәртіп пен тектіліктің эталоны – Бауыржан Момышұлы атамыз. Оның есімі тек әскери тарихта ғана емес, ұлттық сананың, елдік рухтың ең биік деңгейінде тұр. Батырдың өмір жолы мен рухани мұрасы бүгінгі ұрпаққа да сарқылмас өнеге.
Жуырда Ақтоғай орта мектебінде «Қоғамдық-гуманитарлық әдістемелік бірлестігінің» айлығы өткізілді. Осы айлықтың аясында әдістемелік бірлестік жетекшісі Ибраева Жанерке, 10-сынып ата-аналарының атынан Бабанова Гүлсімай және осы сыныптың оқушыларымен Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы атамыздың мұражайына саяхат жасап келдік.
Ұлы Отан соғысы жылдары Бауыржан Момышұлының есімі Мәскеу үшін шайқаста ерекше танылды. Панфилов дивизиясының аға командирлерінің бірі ретінде ол соғыстың ең ауыр кезеңдерінде асқан сабырлық, ойлау жүйесінің тереңдігі және әскери шеберлік танытты. Батырдың тактикалық әдістері, әскери батылдығы мен шешім қабылдаудағы дәлдігі көптеген кеңес командирлеріне үлгі болды.
Тіпті қиын сәттердің өзінде Момышұлы сарбаздарын жігерлендіріп, «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» деген қағидаға өзі де адал болды, өзгелерден де соны талап етті.
Мұражайдың әрбір тұсын суреттеп, әрбір картинаның шығу тарихын және атамыздың қолданған заттары мен еңбектері туралы мұражай қызметкері Нұржаубеков Нұрлыхан Бексұлтанұлы керемет жеткізді.
Мұражайдың әрбір затын, Бауыржан атамыздың пайдаланған заттарын, жатқан төсегіне дейін осы күнге дейін мінсіз сақтаған мұражай қызметкерлеріне алғысымыз шексіз!
Бауыржан Момышұлының есімі – қайсарлықтың, адалдықтың, ұлтқа қалтқысыз қызмет етудің символы. Батырдың мұрасы – шежіре ғана емес, ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани бағдаршам.
Бүгінгі ұрпақ үшін Момышұлының жолы – елге қызмет етудің биік үлгісі. Батырдың сөзі мен ісі қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталады.
Ақбөпе Писпекбаева, Ақтоғай орта мектебінің директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары