ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАН ЕДІ.

0

Әлсейіт Әлменұлы аға. Бір басына жеті өнер бақ болып қонып, бір басына жеті өнердің киесі дарыған, қаптаған қалың көпшілік қауымның ортасында қарапайым қалыпты мінезі мен әуелгі жаратылыс-болмысынан өзін ешқандай өзгертпей-ақ жүріп, адамгершілікке тән биік парасаттың биігінен аласармай, бір бүтін Қазақ баласына қадірі асқан құрметті жан еді. Біз сөз басында «бір басына жеті өнер бақ болып қонып, бір басына жеті өнердің киесі дарыған» деп Әлсейіт Әлменұлы ағамызды далалық дана ата- бабаларымыздың төл сөзімен даңғара зайыр марапаттап, асыра мақтап сөйлеуіміз- нақты дәлелдермен көркемделген сөз мәйегі болатын-шындық сөзіміз еді. Шындығында, марқұм Әлсейіт Әлменұлы ағамыздың бір басындағы елден ерек талантты қасиет-қабілеттерін санайтын болсақ, сол жеті киелі өнерге де жетеқабыл болып қалады. Біріншіден-қарапайым адамдардан артық жаратылыс егесі-туабітті ақын еді, екіншіден-әрбір айтар сөздерін шапшаң өлең сөзге ұтымды ұйқастырып сөйлейтін-сахнаның айтыскер ақыны еді, үшіншіден-көне заманнан келе жатқан аңыз әңгімелердің қаймағын қалқып қағазға түсіре білетін және үлкен ірі тарихи тұлғалардың ерлік істерін қаһармандық деңгейде халыққа жеткізе білетін, Қазаққа тән қарасөздің нарқы мен парқын аша білетін аса дарынды тарих жазушысы еді. Төртіншіден-сонау кеңес өкіметі жылдары мен тәуелсіз Қазақстан республикамыздың сыртқы және ішкі саясатын бір санасында тоқайластыра білген, жоғары білімді, қаламынан төгілген маржан сөздері оқырманға жайлы оқылатын-қаламы жатық, аса мол тәжірибелі, кәсіби журналист еді. Бесіншіден-табиғаттың таңғажайып сәттерін, ықылымның, кірпік қағысында, үздік үйлесімділікпен сырғып өтетін ғажайып сәттерін, қаһарын қара бұлттай қабағының түйілуі қалпында көрсететін-табиғаттың суық тосын сәттерін, сұлу қыз жымиып күлген сәтінде, ашаң жүзіне ойнап шығатын қызылшырай нұрдың сәулесін, ер жігіттің ерлікке құмар батырлығымен, бойжеткен аруға махаббатпен қараған қымбат бағалы сәттерін секундында қалт жібермейтін сезімтал.., елгезек мінезімен айналадағы құбылысты осылай тез байқағыш, әсершіл, ерен фототілшілік қабілеті бар еді. Алтыншыдан-өзінің және көптеген ақындардың жазған өлеңдеріне музыкалық әуен-ән шығарған талантты композитор еді. Жетіншіден-өзінің талантымен шығарған қоңыр сазды әндерінің бірінші орындаушысы-әнсүйер тыңдарманды жалықтырмайтын-құлаққа жағымды қоңыр сазды дауысы бар-керемет әнші еді. Қазақ баласы тамсанып айтатын жеті өнердің бір адамның бойынан табылуы-бұл ғажап құбылыс қой, ақыл- есі дұрыс санада қалыптасқан адам баласы дәрежесін көтеріп, бағасын асыра мақтап айтуына лайықты адам, осындай болмай ма? Атағы аңызға айналған Қазақтың бұрынғы сал-серілердің бірі-ақын Әлсейіт Әлменұлы аға еді десем де болады.
Иә, осындай ерекше талантты адам, өз бойындағы ерекше дарындылық қасиет-қабілеттері үшін ешбір адамнан, тіпті, билік өкілдерінен, мемлекет тарапынан ештеңе сұрамастан, артық бағалы сый-қүрмет тіленбестен, жоғары лауазымды қызметтің жұмсақ креслосын дәметпестен, әуелде адам болып жаратылған кеудесіндегі жұмыр жүрегінде тұрған қанағатшылдық мінезімен бұл дүниеден ақырын өтіп кетті. (Жаны жәннатта болсын!) Ақын өзі өмірден өтіп кеткенімен, артында өлмейтұғын әдеби шығармалары мен бірнеше кітаптары мұраға қалды. Сол кітаптардың ішінде, ақын Әлсейіт Әлменұлы «Күн махаббат» атты таңдамалы жеке өлең-жыр-дастандар жинағын атап айтуға болады. Бұл кітапты ақын өзінің көзі тірісінде баспадан шығарып, оқырмандарымен таныстырып, халықпен көзайым етіп үлгергені- көңілге жұбаныш ұялатады.
Әрбір ақын атаулы адамға-өзінің өмірге келуі туралы, туған жері мен туған елі туралы, ата-анасы туралы, тарихи ірі тұлғалар туралы құрметті көңілмен өлең жазуы-шарты. Бұл шартты Әлсейіт Әлменұлы ақын ағамыздың айналып өтуі-ақынның өмірлік заңдылықтарына қарсы жасалған күнәмен бірдей болары да хақ. Ал, ақын Әлсейіт Әлменұлы ағамыз, өзінің «Өмір- өлең» атты өлеңінде былай жырлапты;
Желтоқсанда біздің үй кеңістігің.
Нұр-шуақтың жылытып ең ыстығы.
Мен келіппін шыр етіп дүниеге,
Соғыс біткен.., қырық бес.., жеңіс жылы.

Туған жерім!
Тұғырым! Биіктедім!
Төбем көкке өзіңде тиіп менің!
Балғын шағым сенде өтті.
О, Саудакент!
Жерұйығым! Не деген сүйікті едің?!
Ақын өлеңінде, әуелгі ақынға тән шарттылық ешқандай жойылмаған, қайта, ақын өлеңінде туған жылы мен туған мезгіліне, қасиетті кіндік қаны тамған туған жеріне деген мақтанышты сезіммен асқақтаған қуаныштың, мәз көңілді бақыттың, адал перзенттік махаббаттың аңқылдап ескен лебі бар.
Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне көп жылдар бұрын қабылданған, сондықтан болар, Әлсейіт Әлменұлы ақын ағамыздың, қара сөздің қасиетін алтыннан қымбат дүниедей бағалайтын, сөз зергері атанған, озық ойлы, ақын-жазушы-журналистердің арасында, өзіндік биік беделі мен абыройы бар еді. Менің ақын жайлы біршама жақсы-жақын білетін себебім, Әлсейіт Әлменұлы жас балғын шағымда, жастықтың жалыны бойымда шалқып тұрған қан қызулы шағымда, өлең өнері мен өмір жайлы мәні зор сабақты ақыл айтып, жанашырлық ниетімен тәлім-тәрбие беріп, құшағы кең ағалық пейілімен қамқор болған, менің өнердегі-өмірдегі парасатты- ұлағатты-жоғары саналы, аса кешірімшіл, кемеңгер ұстазым еді.
Күзгі даланың құлазыған төсінде жалғыз тұрған қурайдың нәзік бұтақтарымен ызыңдап мұңды күй тартып тұрғанындай, ақын Әлсейіт Әлменұлы ағаны сағынған інілік көңілімізді, бір зарлы әуенді, өкінішті сезімнің оты, өзегімізге шоқтай төгіліп-түсіп, аяусыз өртегендей болады.» Әлсейіт аға, тірі болғаныңызда ғой, бұрынғыдай жайсаң мінезіңізбен жадырай күліп, елгезек, сергек, кішіпейіл мінезіңізбен жанымызда елпең қағып бірге жүргеніңізде ғой, биыл желтоқсанның он екісі күні, абыз ақсақал-сексен жасқа толған мерейтойыңызды бүкіл ел болып, бірге тойлаған болар едік қой», деймін, екі қолым дірілдеп, дауысым қарлығып, көздерім жасқа толып. Бұл көз жасым, ұстазымды қатты сағынғаннан, толғанысты сезімнен төгілген көз жасым еді.
***
Ұлы Абай атамыздың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға…» деп айтқан даналық сөздері мен үшін Әлсейіт Әлменұлы ақын ағамызға арнап айтқандай болып көрінеді, бұл сөзімді айқын дәлелдейтін сөздерді ақын ағамыз «Ұстаз монологы» деп аталатын өлеңінде айтып өткен.
Мен ұстазбын!
Ақындарға арқау боп жыр еткенде,
От берем лүп-лүп еткен жүректерге.
Құштармын шуағы мол көктем болып,
Шәкірттердің жанына гүл еккенге!

Мен ұстазбын!
Жалынсызға көңілім көншімеген,
«Сегіз қырлы, бір сырды» еншілегем.
Ел алдына шығамын, үлгі алсын деп,
Маңайымда арманшыл, өршіл өрен.
Жас арманшыл көңілдері алып-ұшып тұрған жас шәкірттеріне мына өмірде өздері таңдап алған-өлең өнеріне арнаған өмір жолдарының ауыр, қиын тұстарынан қалай өтуі керектігі жөнінде ақыл-кеңес беруден жалықпайтын ақын Әлсейіт Әлменұлы ағамыз осы «Ұстаз монологы» атты өлеңінде өзінің ұстаздық ұстанымы мен өмірлік қағидаттарынан оқырманға ұғынықты мағлұмат беріп тұрғаны анық. Бұл өлеңде асау толқын, өршіл мінезділік, әлдекімді орынсыз кінәлау мен керенау тартқан кертарпа кермінездің сыры білінбейді, жайдақы өлең-қолбала қоңыр мінезімен көңілге қонымды, тілге жатық қалыпта жазылыпты. Сөздері мен айтар ойы ұстаздың өз сөзіндей жылы, алақанындай жұмсақ, санаға сай, түбірлі мағынасы толық түсінікті. Шындығында, ақын Әлсейіт Әлменұлы ағамыз өте қарапайым, кішіпейіл, адам баласын алабөтен бөліп-жармайтын өте бауырмал, жас баладай көңілі таза жан еді, алдына барған жас талапшыл жастарға ақыл-кеңесін аямайтын, әрқашан дұрыс жол көрсетуден тартынбайтын, кең пейілді, ерекше жан еді. Дүдәмал көңілде алаңдап алдына барған жастардың именшектенбей, жасқанбай-ұялмай, өз ойын еркін айтуын үлкен ағалық көңілімен қалап отыратын еді. Әлсейіт Әлменұлы ағаның жастарға қамқорлықпен қорған болатын ашық мінезі- біраз жастардың өз бойындағы қабілет-қарымы мен дүние танымын өзгертіп, талаптың тау басына қызықтыра жетеледі, талант-дарынының ашылуына, өзін-өзі толық тануына себепкер болды. Сол көкөрім балауса жастардың бойындағы асыл талантты қасиеттері тұншығып қалмаса екен деген, ақ тілекшіл, адал ниетті, ұлт болашағына жанашыр қамқорлығымен, қазіргі Сарысу ауданы төңірегінен бірнеше жас ақын- жазушы- журналистерді тәрбиелеп шығарды. Сол жастардың бірі-Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, асқақ ақын Маралтай Райымбекұлы болатын. Әлсейіт Әлменұлы ақын ағамыз «Күн махаббат» жыр жинағы кітабында замананың заңғар ақыны, шәкірті Маралтай Райымбекұлына арнап өлең жазыпты. Ұстаз көңіліндегі шәкіртіне деген құрметті сезімнің ағыны былай ашылыпты.

Ақын інім, мен сені ақ жүрегіммен сүйемін.
Ізгілігіңді ұмытпай көңіліме түйемін.
Әр уақытта үйіме есігімді қақпай кел!
Дастархан жайып алдыңа,
барымды төгіп-үйемін!

Ұсынып саған сонан соң тәу етер Кәрім-Құранды.
Домбырамды шертіп салармын әсем бір әнді.
Жадыратып жаныңды ойыңнан шығып діттеген,
Ақтарамын алдыңа бар қазына, мұрамды.

Қатар қонған ауылдай, қанат жайып, тел өсіп.
Жүзімізден шаттықтың мамыражай лебі есіп.
Шекарасыз отырсақ, О, дариға-ай, арман не?
Қайғы-мұңсыз екеуміз, күліп-ойнап, кеңесіп.

Таң атқанша көз ілмей, сергек сезім-ұйқы ашып.
Алмасып жыр жолы, оқылып жатса ұйқасып.
Тебіреніп, толғанып, шалқар сезім басылмай,
Кеудемізде керемет күмбірлейді-ау, күй тасып.

Түн түңлігі түріліп, шығар сәтте нұрлы күн.
Бақтарымды арала! Төсіңе тақ қыр гүлін!
Дұшпанымыз күйінсін! Достарымыз сүйінсін!
Қос жүректің пайымдап қуанышын, бірлігін!

Күні ертең қоштасып, сағынарсың, шөлдерсің!
Пейілімді кең-даладай, көңілімді көл дерсің!
Айдынымда еркін жүз, ақ қанатты аққуым,
Жарасымды достықтың құдіретін ел көрсін!

Көне Саудакент қаласының орнына орналасқан қазіргі Саудакент ауылында тұратын ақын Әлсейіт Әлменұлы ағаның алыстағы ақжолтай ақын інісі Маралтай Райымбекұлына арнап жазған сағынышты бұл өлеңі-ұлы адамдардың достық пейілдегі сүйіспеншілік сезімі мен бірін- бірі жоғары құрметтеген достық ниеттері ретінде тарихтың тақтасында алтын әріптермен жазылып тұр. Мен бұл өлеңді оқып отырып, ресейдің атақты жазушысы Федор Достаевскийдің Ұлы Дала Қазақ елінің дана перзенті Шоқан Уәлихановқа арнап жазған хатын есіме түсірдім. Әлем халықтарының данышпан ойшылдары жоғары құрметтеген бағалы-қазыналы хаттардың тізіміне іліккен Федор Достаевскийдің Ұлы Дала перзенті Шоқан Уәлихановқа жазған хаты сияқты, ақын Әлсейіт Әлменұлы ағаның алыстағы ақын інісі Маралтай Райымбекұлына арнаған бұл өлеңі- жоғары санадағы парасаты биік ойшыл адамдар мен төмен санадағы парасат егелерінің арасындағы ауа кеңістігін айналып өтіп бара жатқан құйрықты жұлдыздай- таңғажайып құбылыс болып, жарқырап көзге көрінері хақ. Өйткені, бұл өлең- тарихи өлең!
***
Сарысу ауданының орталығы саналатын Жаңатас қаласының 2-шағын ауданындағы 22- үйдің артында «Сарысу» аудандық газетінің баспасы мен редакциясы тұратын. Бір қабатты жатағандау соғылған шағын ғимарат еді. Ғимараттың сыртқы қоршауы-бетоннан құйылған цемент плиткалармен қоршалып тұратын. Ол қоршау-плиткаларды аппақ әкпен мөлдіретіп әктеп қойған. Ғимараттың маңдайында баттиып жазылып тұрған ештеңе де жоқ, көшеде бейсауат өтіп бара жатқан адамдар, осы сырты жұтаңдау, көзге қораш көрінетін жатаған ғимараттың ішінде кемел ақыл-ой мен биік пайым- парасаттың, құдіретті даналық қарасөздер мен отты тілгілеген жасын-өлең шіркіннің қайнап жатқан ордасы-бір ғасырға жуық тарихы бар «Сарысу» газетінің редакциясы тұрған ғимарат екенін, көбіне біле бермейтін.
Тұяғымен жер тарпып, кесектеп от лақтырып, шатынаған от көздерінен дүлегей ашу-ызаның қаһары шашырап тұратын, шу асау-тарпаңға жасқанбай барып, қамыс құлағынан бассалып ұстап, жүген-ноқтасыз бұзақы асаудың арқасына қарғып мініп алып, ол асау шыңғырып-кісінеп тулаған сайын өршелене қайраттанатын қайран жастық! Жалаң алақанмен от көсеуге қорықпайтын албырт батыр жастық!
Бір жолы, сол ерке жастықтың желбуаздай желіктірген желімен желпініп «Сарысу» газетінің редакциясына жетіп бармаймын ба? Сыртқы есікті шалқасынан ашып тастап, соғыстан қайтқан әкесін сағынған жас баладай тапырақтап басып ӘлсейітӘлменұлы ағаның жеке кабинетіне баса-көктеп кіріп келдім. Қолымда түні бойы жазған «ыстық булы» бір бума өлеңдерім. Осы «ыстық булы» өлеңдерімнің мастық буы-жастық жалынның буымен бірігіп- көп ойлануыма шама бермей тұрса керек. Жатаған бойлы ғимараттың ішіне кірген кезде оң жақтағы екінші есік Әлсейіт Әлменұлы ағаның жұмыс кабинеті болатын. Әлекедей жалаңдатып арғымақ ат мінген байырғы болыстардың әпербақан шабармандары сияқты, ентіге кіріп, еркінси сөйлеп, бірден қол алып амандаса салып, қорғасынды шоқпен балқытқан жас кеудеме сыймай тасып тұрған бақыт-қуанышым, түні бойы жазған өлеңдерімді Әлсейіт Әлменұлы ағаның алдына асығыс, сарт еткізіп, қоя салдым. Ақын ағам столдан басын шалт көтеріп алды да, жылы жүзбен жымиып маған қарады.
-Ассалаумағалейкум, Ақын бала!- деп әдеттегідей қолын ұсынып, жылы амандасты,- сен үшін мен ұятты болып отырмын,- деді. Мен аң- таң қалып тұрып қалдым. «Не бүлдірдім?»деп іштей ойланып тұрмын.
-Неге мен үшін Сіз ұятты болып тұрсыз?- дедім.
-Сен сияқты жас жеткіншек жастарға мәдени ортада және көпшілік қауым жиналған жерде, жасы үлкен кісілермен қалай сөйлесу керек екенін түсіндірмегеніміз үшін, Ұлы Қазақ халқымыздың сан ғасырлық ұлттық салт- дәстүрлері тұнып тұрған даналықтың кемері екенін ұғындырмағанымыз үшін, біздің де қатарластарымыздың әжептәуір кінәлары бар,- деді, сәл мұңайыңқырап,- дала заңы мен баба заңының қасиеттерін ата- әжелерімізден, аға-әпкелерімізден өзіміз үйреніп өстік, салт-дәстүрімізді халқымызға қарап біле бастадық, біздің ұлтымыз жойылып кетпес үшін-алдыңғы толқын ағалар деп аталатын-тобымыз, бізге ақылын айтып үйретті ғой, бірақ, қазір өзімізден кейінгі толқын- інілерімізге, өзіміздің үйренген ұлттық құндылықтарымызды үйретудің орнына, буыны қатпаған, сарыауыз балапан олардан, бірден ұлттық ізгілікті талап етеміз, бұнымыз қаталдық- кешірімсіздік емес пе?- деді. Мен орнымнан атып тұрдым.
-Ақын бала, орныңа отыра ғой,- деді ақырын дауысын жұмсартып,- сен албырттықпен асығыстау бір болмашы әдепсіздік көрсетті деп, суық тартып, менмендікпен кек сақтайтын болсам, менің адамгершілік қасиетімнің қандай болғаны? Сен жап- жас жауқазын гүлдей жайқалып өсіп келе жатқан жас жігітсің, сен жастықпен бір әдепсіздік жасады деп, сол уақытта сені тоқтатып ақыл айтудың орнына, жерге басым жеткенше кек сақтауым, үлкен аға болып туылғандағы менің абыройыма сәйкес келетін кісіліктің жөні ме? Онда, менде жастық желігі басылмаған албырт жастың бірі болғаным да, егер осындай болмашы әдепсіздікті президенттің баласы жасаған болса, оның артынан жүгіріп келіп сәлем беруге арланбайтын болсам, қазір саған мұрнымды шүйіріп қараған надандығымның қандай құнды бағасы бар?- деді.
-Менің ата- анам бар ғой, жетім емеспін ғой, менің албырттық жасағаным ұят болған екен ғой,- дедім, өз кінәмді кештеу ұғынып.
-Баланың тәлім- тәрбиесі үшін тек қана ата- ана ғана кінәлі деп саған кім айтты? Үйдегі тәрбие мен тәртіп бір бөлек. Мектептегі ұстаздың тәрбиесі мен тәртібі бір бөлек. Өскен ортаның тәрбиесі мен тәртібі бір бөлек. Сыртқы айналадағы адамдар мен қоғамдық ортаның тәрбиесі мен тәртібі бір бөлек. «Адамды заман өстіреді, кімде- кім жаман болса, замандасының бәрі виноват» деп Ұлы Абай атамыз тектен- тек айтты ма? Мына жаһандану деген жұтқыр бәлекет қатты белең алып бара жатқан заманда, ұлттың қамын ойламайтын аға буынның бүгінгі жастарға ұлттық тәрбие мен тәртіпті, ұлттық мәдениетті, ұлттық салт- дәстүрді, ұлттық басты құндылықтарды ұлықтауды ұлттық ана- тілімізде үйрете алмағанымыз үшін, сендей өршіл жастарға дер уақытында көмек- жәрдем бермегеніміз үшін, біздің кешірілмейтін кінәміз бар, саған сын айтып, кінә артпас бұрын, саған сын айтуға, кінә артуымызға, өзіміз лайықтымыз ба? Біздің ақылымыз-біліміміз сені кінәлауға толық жете ме? Өзіміз ата- бабамыз туралы тарихты жарытып жақсы білеміз бе?- деді.
-Менің де кінәм бар шығар?- дедім.
-Сенің кінәң не?- деді,- мен сені үлкен биікке ертіп-жетелеп шыққаным жоқ қой, тіпті, саған ұлттық құндылықтар туралы да дұрыс ұғындырып үлгергенім жоқ, сені сондай үлкен жетістіктерге жеткізіп, үлкен лауазымға жеткізсем, сен сол билікке жеткен соң, мені танымай кетсең- өкпелеуіме болады, ең бірінші, сені жоғары мәдениетті ортаға сай тәрбиелеуіміз керек, ал қазір, саған кінә артуымыз бізге ұят! Сендей талантты ақын балаға түйедей кінә артатын болсақ, онда, сені «жоғары өспесін!» деген қара ниеттілік пен өз ұрпағына жауыздық жасағанымыз, кешірілмес күнә істегеніміз болып есептеледі,- деп, ақылмен ойланып сөйледі. Бұл ағалық жылы қамқорлықтың жылуын сезіп тұрдым. Мен ұстазымның бұл ақыл сөздерін көңіліммен сүйсіне үнсіз тыңдап отырдым.

Бір сырым бар айтатын саған күнім,
Төмендетпе басқадан бағаңды тым.
Қолдың кірі-қызмет, мансабыңнан,
Тұрсын биік үнемі адамдығың!

Болу керек азамат зайырлы аса,
Жауың сыйлар жақсыңды пайымдаса!
Мықтылықтың жөні осы-баю деме,
Қиналғанға көмектес, қайыр жаса!

Тағы да айтар бір сөзім саған күнім,
Білінбесін ісіңнен жамандығың!
Тырнақ асты кір іздеп жүрме ешқашан!
Мінезіңнен көрінсін адалдығың!

Алла өзі жар болсын саған күнім.
Тілейтінім тірлікте амандығың!
Жан жылытар, өзіндік шуағы бар-
Ісі болсын ісіңде табандының!

Ол кезде, Әлсейіт Әлменов ақын ағамыз «Сарысу» газетінде редактордың жауапты орынбасары болып қызмет атқаратын уақыты еді. Осы аталған газеттің бас редакторы жазушы Жаңабай Миллионов аға болатын. Сол кезде «ақын бала»деп еркелетіп, қос қанатымнан демеп, ағалық қамқорлықпен қолдау білдіріп, салмақтап, оқыған осы өлеңі мен ағалық ақыл сөздері-жас жүрегімді ұзақ уақыттан бері жылытып келеді, мәңгілік есімде ұмытылмастай болып сақталып қалды.
Осы оқиғадан кейін, бір албырт жастың-жастықтың желігімен сәл әдепсіздеу жасаған қылығын көрсем, ең бірінші, ағалық көңілмен ақылымды айтып, байсалды байыппен сабырға шақыруға тырысатын болдым, ең бірінші, ол жасқа ата-салттық жөн-жоралғыны дұрыс түсіндіріп, достық көмек-жәрдем беруім керек екенін, ағалық парызым ретінде есімде сақтайтын болдым. Бәлкім, «ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» дейтін даналық сөздің ақиқат шындығы осы шығар?
***
2000 жылдың тамыз айында Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласындағы Мәдениет үйінде Сарысу ауданы аймағы ақындарының мүшәйрасы өтті. Осы аты аталған ақындар мүшәйрасына мен де қатыстым. Бұл ақындар мүшәйрасына қатысуым-менің үлкен сахнаға шығып, өзім жазған өлеңімді мінберден оқуымның және мәдени ортада биік отыруымның алғашқысы болды. Мені ақындар мүшәйрасы өтетін мәдениет үйінің биік мінберіне көтермелеп алып келген адам, жанашыр ұстазым, адал қамқор ағам, ақын Әлсейіт Әлменұлы болатын.
Ол кезде, қазіргідей, жаппай жұртшылықта қалта телефоны жоқ уақыт еді. «Сарысу»газеті редакциясынан Әлсейіт аға Жаңатаста тұратын Бөпетай ағамның үйіндегі телефонға қоңырау шалды. Мен телефонды көтердім.
-Алло! Әй, ақын бала, тез редакцияға келіп кет, жазған өлеңдеріңді алып кел,-деп, қысқа ғана айтты.
«Жазған құлда, шаршау бар ма?дегендей, жүгіре басып жазған өлеңдерімді редакцияға алып бардым. Менің келгенімді көріп Әлсейіт аға қатты қуанып қалды.
-Ертең түстен кейін, аудандық орталық мәдениет үйінде ақындар мүшәйрасы өтейін деп жатыр, осы ақындар мүшәйрасына сенің қатысуың керек,-деді,-кәне, алып келген өлеңдеріңді сараптап көрейік,-деп, қолымдағы бір бума өлеңдерімді алдына қойып, ішін ақтарып қарап жатыр. Қарап-қарап бір бума өлеңдерімнің ішінен екі өлеңді таңдап алды, біреуі-философиялық тақырыпта, екіншісі-махаббат тақырыбына жазылған өлең еді, екеуін қолына ұстап тұрып;
-Ертең ақындар мүшәйрасында мына екі өлеңді оқисың, әр ақын екі өлеңнен оқиды,-деді,-сенің де халыққа танылатын уақытың келіп тұр, ертең өлең оқығанда ешкімнен жасқанбай, ұялмай, анықтап, таза дауыспен оқып шығатын бол, жарай ма?-деп, өлең оқу жайлы тапсырма тапсырып жатыр,-Мен сенен жақсы үміт күтемін! Сенде ешкімге ұқсамайтын өзгеше өлең жазу мәнері бар, ол мәнерді жетілдіруіміз керек! » Бұлақ көрсең, көзін аш» дей ме? Сондықтан, қазір үйге барып, мына екі өлеңді қайталап оқып, ертеңгі мүшәйраға жақсылап дайындал,-деп, маған «түсінікті ме?»дегендей көзқараспен қарады,-себебі, кейбір талантты ақынның жақсы өлеңдерінің оқылуы нашар болғандықтан, тыңдарман қауымға дұрыс естілмей, өз нарқының құнындай дұрыс бағаланбай қалады, ал кейбір, ортаңқол өлеңдердің оқылуы жақсы болғандықтан, тыңдарман қауымнан өз нарқынан артық баға алып жатады. Көзі қарақты, саналы, оқымысты ақын-жазушылар мен кәнігі-сарабдал әдеби сыншылар, бұл әділетсіздік екенін қанша айтып жатса да, көпшілік қауымның басым дауысымен ортаңқол өлеңдер бірінші жүлдеге қол жеткізіп жатады,-деді. Мен Қазақтың асқақ дауысты ақыны Мұхтар Шахан атамыздың үлкен сахнада жан-тәнімен беріліп, асау толқынды сезімге беріліп, екі қолын ербеңдетіп, бүкіл денесін қимылдатып, бар дауысымен гүрілдеп өлең оқып тұрғанын көзіме елестетіп өттім.
-Өлеңді Мұхтар Шахан атамыз сияқты ғып оқу керек пе?-дедім.
-Иә,-деді. Жауабы қысқа болды.
Сол күннің ертесіне Сарысу ауданының орталығы-Жаңатас қаласындағы аудандық мәдениет үйінде ақындар мүшәйрасы болып өтті. Сол ақындар мүшәйрасына Сарысу ауданынан шыққан, бүгіндері Қазақ еліне атағы танымал біршама ақын-жазушылар қатысты. Атап айтатын болсақ, журналист әрі ақын Әлсейіт Әлменұлы ағамыз, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты жазушы Пернебай Дүйсенбин ағамыз сахна төрінде бізбен бірге отырды. Ақын Төреғали Тәшенов ағамыз екеуміз сахнадағы столдың сол жақ шетінде иық тірестіре бірге отырдық. Сахнадағы біз отырған ұзынша столдың арғы басында бір орта жастан асқан ер адам отырды, ол ақын кісі мұғалім екен және орта жасқа тақалған, толысқан бір ақын әйел отырды. (Сол мүшәйраға қатысқан осы мұғалім қария мен сол ақын әйелдің есімдерін ұмытып қалыппын.) Ортасында Әлсейіт Әлменұлы мен Пернебай Дүйсенбин бір-біріне жақын, бір қатарда отырды. Ақындар мүшәйрасы аудандық мәдениет үйінің үлкен залында өтіп жатты. Өлеңге құмартып келген көрермендер үлкен залдың ішінде аса көп емес еді, көрермендер отыратын залдың жартысына жетер-жетпес адамдар отыр. Көбісі жастар. Жастардың өлеңге ынтық көңілдерінен, сахна төрінде отырған ақындардан, ғажап бір сырлы өлеңдер тыңдағысы келіп отырғандары байқалады. Ақындар мүшәйрасын жүргізуші қолына микрофонын алып, сахнада отырған ақындарды бір басынан көрермендерге таныстыра бастады. Сөз арасында;
-Халықаралық Сорос сыйлығының лауреаты Төреғали Тәшенов,-деп атап өтті. Көп адам түсінбей қалды. Сол кезде;
-Халықаралық Сорос сыйлығы-америкалық бір миллиардердің әлемдегі талантты жастарды қолдау ретінде шығарған сыйлығы, осы сыйлықпен сахнада отырған Төреғали Тәшенов марапатталған!-деп, микрофонмен Пернебай Дүйсенбин ағамыз, қаттырақ көтеріңкілеу дауыспен түсіндіріп өтті. Көрермен халық шапырлатып қол соқты.
Аз үзілістен соң, ең бірінші болып сахнада ақын Әлсейіт Әлменұлы ағамыз өлең оқыды. Ақын ағаның өлең оқыған дауысы мәдениет үйінің залын жаңғыртып бара жатты. Бірақ, сол кезде, ақын Әлсейіт Әлменұлы ағамыздың ақындар мүшәйрасын ашылу салтанатында оқыған өлеңі есімде қалмапты, тек қана бір нәрсе есімде, өлеңге құмартып отырған залдағы көрермен қауым мен сахнада отырған ақындардың бойына рухани серпіліс қуатын беретін бір ғажап өлең оқығаны анық еді.
Сол ақындар мүшәйрасы өтіп жатқан үлкен сахнада Әлсейіт Әлменұлы ағамыздың шығарған жаңа бір әнінің тұсаукесері болды, сол аудандық мәдениет үйінің жас әнші жігіті Әлсейіт Әлменұлы ағаның шығарған әнін әдемі қоңыр дауыспен нақышына келтіріп орындап шықты. Бұл әннің өлең-мәтінін жазған бағанағы орта жастан асқан ер мұғалім кісі екен, ақын мүшәйрасы біткеннен соң, әнді орындаған әнші жігітті Әлсейіт Әлменұлы аға мен әлгі ақын кісі екеуі барып құттықтап, үлкен адамгершілікпен, жасы үлкен көргенділіктің үлгісін көрсетіп келді.

Күн махаббат!
Сенің сәулең кімге, қайда түспеді?
Неткен қуат?
Құдіретің күшті еді!
Алаулаған қызуыңа төзе алмай,
Мұз-қайғы да, еріп кетер іштегі!

Күн махаббат!
Бәз біреулер сені бейне от дейді!
Бәз біреулер сені мүлде жоқ дейді!
Қасиетіңді сезбейтінге, таңым бар,
Қалай ғана бүршік атып көктейді?!

Күн махаббат!
Алау нұрың тарам-тарам таралған!
Жалын болып жүректерде жаралған!
Сондықтан да жігіт қызды аймалап,
Қыз жігіттің құшағынан нәр алған!

Күн махаббат!
Ыстық лебің-жар деміндей жанға рәт!
Сені аңсайды алуан арман, сан мұрат!
Сенсіз қызық бар,-деу, мына-ғаламда!
Әсте айтылған әшейін бір сандырақ!

Күн махаббат!
Өзің бар да, қыста жылы, жаз да әсем!
Өрттей өршіп жүректерде мазда сен!
Сен болмасаң жұмыр жердің үстінде,
Мен өлеңді мұнша сүйіп жазбас ем!
Бұл өлең, ақын Әлсейіт Әлменұлы ағамыздың «Күн махаббат» атты кітабының асылы мен құнарын арқалап тұрған, осы кітаптың бет-бейнесі мен төлқұжаты іспетті ғажап өлең. Бұл өлең, заңғар ойшыл адамның жанына керектің барлығын табуына себепкерлік ететін құдіретті өлең. Бұл өлең, шынайы махаббат, саналы түсінік, терең ой, ғылыми түсінік, өмірге сүйсінуді үндейтін үні бар, сезімшіл, сыйластыққа толы, сергек көңіл-күйі бар өлең! Бұл өлеңнің жазылғанына біршама жылдар өтіп бара жатса да, ауыр қозғалыспен толқып жатқан алып мұхиттың терең тұңғиығынан теріп алған асыл маржандардан тізбектеп жасаған көркем моншақтай-көзге әсем көрнекті көрінетін өлең, бұл өлеңнің жазылу мәнері-тым бөлек мәнер, біз бұл өлеңнен сонау ерте замандағы дәуірде өмір сүрген Ұлы Далалық ата-бабаларымыздың өжет мінезі мен саналы парасатын, тылсым сырлы әлемнің дүние танымын және ежелгі діни сенім-нанымдардың, әлі де, біздің санада өшпеген қалдықтарының қайта жаңғыруын байқаймыз және сонау биік аспан кеңістігінде жарқырап тұрған алып күн планетасының бүкіл ғаламға жарық сәулелі нұр мен энергиялық жылу қуатын таратып тұрғаны-ғаламдағы жаратылыс егелерінің барлығына қуанышты бақыт сыйлап тұрғаны екенін түсіне бастаймыз. Жарқырап атқан аппақ таң нұрымен айналадағы әсем табиғат, жан-жанурлардың және саналы жаратылыс егесі-адамзат баласының кеудесінде өмірге деген сүйіспеншілік сезім мен асыл мұратты үміттің шамшырағы жағылып, әр санада махаббат сезімнің бүршік атып оянатынын ұғына бастаймыз. Тіршілік.., дамылсыз қозғалыс.., жер планетасының өз осьімен айналу заңдылығы.., құдіретті күн жүйесінен бастау алатынын ұғына бастаймыз. Шындығында, сонау аспанда жап-жарық боп тұрған күн планетасынан жер планетасына түсіп тұрған жарық сәулесі мен қуатты жылу энергиясының қызуы-Жаратқан Иеміздің шапағаты мен құрмет-сыйы! Егер, күннің жылу энергиялық қуаты мен жарық түсу сәулесі, қазіргі осы мөлшерден көп артық жоғары температурада болатын болса, немесе, қазіргі мөлшерден тым төмен температурада, қатты аязды-суық болатын болса, онда жер планетасындағы тіршілік атаулы өмір сүруін толық тоқтатады. Бұл -сөз, қазіргі дамыған ғылымның-сөзі.
Бір замандарда, Ұлы Даламыздың кең төсін арғымақ аттарының болат тұяқтарымен дүбірлетіп, көкке туын көтеріп, өздерін «»Күн баласымыз!»деп санаған ата-бабаларымыздың еркін саналы батырлықтары да-күннен қуат алған азаттық қуаты еді, олар Азия мен Европа құрлығында жеңімпаздықпен үстем билік құрды, ақылы тасып қайнаған данышпан ойлы ғұламалар, Жаратқан Иеміз Аллатағалланы көзімен көріп, жақын тілдескен нағыз пайғамбарлар-сол ата-бабаларымыз орнатқан мемлекеттің құдіретті патшалары екені ақиқат. Мен осы күндері, кеңес өкіметі Ұлы Даламызға келген уақытта, ешкімнен именбей күнге табынып өлең жазған батыр ойлы Сұлтанмахмұт Торыайғыров атамыздан бастап, бүгінгі заманның озық ойлы ақыны Өлең Өнерінің Әміршісі Тыныштықбек Әбдікәкімұлы ақын ағамыздың өз сенімімен күнге табынуын, адамзат санасындағы данышпандық пен кемел ойлылықтан пайда болатын үздік білімділіктің белгісі ретінде жоғары құрметтеймін.
***
Өз бойындағы білімпаздықпен, Ұлы Далалық ұлық мәдениетпен, өз бойындағы дарындылықты әрмен қарай жалғастыратын өзіне шәкірт тәрбиелеу, ұлы өнерге, білім-ғылымға және ұлт болашағы болып саналатын жастарға жанашырлық таныту мен өсіп келе жатқан жас талапкер талантты жастың басына қонғалы тұрған бағын қызғанбайтын, кең пейілді, адал жүректен шыққан шын әулиелік қасиет. Ақын Әлсейіт Әлменұлы ағамыздың бойында әулиелікке тән қасиет бар еді және бұл қасиеттің болуы да заңдылық еді, өйткені, Әлсейіт Әлменұлы ақын ағамыз оңтүстіктегі Қазақ еліне атағы танымал Шахан ата әулиенің тікелей ұрпақтарының бірі болатын. «Тектіден текті туады, тектілік жолды қуады»деген, дана халық Қазақта ұлағатты бір мақал сөз бар, сол айтпақшы, Әлсейіт Әлменұлы ақындық қасиеті мен адамгершілік қасиетінің асқақ болуының бірі сыры, арғы атасы-әулие Шахан атасынан Әлсейіт ағаның қанына тараған, ата тектік-асыл қасиеттері екені ақиқат. Өзінің әулие Шахан Атасына арнап Әлсейіт Әлменұлы ақын ағамыз «Күн махаббат» атты кітабында (43-бетте) «Шахан-Ата» метапоэмасын жазыпты. Бұлда әулие атасының аруағын құрметтеген ақылды ақын ұрпақтың перзенттік асыл парызының, перзенттік асыл борышының бірі. Әулие, көріпкел Шахан-ата туралы жазылған метапоэмадан бір үзіндіні оқырманға ұсынуды жөн көріп отырмын.

Шахан-көсем шешкен талай,
барымташы ел дауын!
Шахан-шешен шешкен талай,
жесір дауын-жер дауын!
Шекарасыз қатар қонып,
ынтымағы жарасқан!
Қыз алысып, қыз берісіп,
арғы ауыл мен бергі ауыл!

Шахан десе аламанда,
жабың озып бәйге алған!
Шахан десе, мейірім қанған,
көз* бұрқылдап қайнардан!
Шахан десе, дертке дәру,
жанға шипа табылып,
Шахан десе, түн түріліп,
Таң шолпанға айналған!

Шахан-сынды еміреніп,
елім дейтін қайда Адам?
Шахан десе, сарт мезірет,
жасауға әзір қайманаң!
Шахан-ата кіндігінен,
он екі ұл-он екі ел!
Жібек жолы бойындағы,
Саудакентті жайлаған!

Әулиенің және текті атаның кейінгі ұрпағының бойында атадан қалған асыл тектілік қасиеттер сақталып тұратынын-адам анатомия ғылымы да жоққа шығармайды, ақиқат екенін мойындайды. Шахан атаның әулиелік асыл текті қасиеттері мен адам баласын жатырқамайтын әулиелік-бауырмал, ақ жүрек, адамгершілік қасиеттері Әлсейіт Әлменұлы ақын ағаның бойында да бар еді.
Әулие Шахан Атаның кесенесі Киелі Түркістан қаласының оңтүстігінде тұр. Бұл кесененің архитектуралық құрылысы Қазақстан мемлекетінің аумағындағы ешбір кесенелерге ұқсамайды, бір ғажабы бұл кесененің есік-терезесі жоқ, бітеу соғылған, ғажайып құрылыспен салынған кесене. Бұл кесененің қай тұсынан қарасаңда, тікесінен тік тұр, беті ашық тұрған қасиеті кітап құран-кәрімнің бейнесін көрсетіп тұрады. Кесененің үстінен ұшып жүріп дронмен түсірілген видеосын қарасаңыз, кесенеден төрт тарапқа қарай созылып тұрған құрылыс нысанының келбетін көресіз, осы төрт тарапқа созылған құлақтарының басында шағын күмбездер тұр. Тіршілігінде қайырымды болған әулие Шахан атаның кесенесінің басына зиярат етушілер күндіз-түні арылмай ағылып келіп жатады. Қазақстанның түпкір-түпкірінен зиярат етіп келушілерден бөлек, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Қырғыз, Түркия, европа мен басқа шет мемлекеттерден арнайы зиярат етіп келушілер өте көп. Бәрінің айтатын бір сөз.
-Әулие Шахан Атаның қайырымды шапағаты бізге тиіп жатыр,-деген сөз. Зияраттары қабыл болсын!
Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен Қазақтың сан ғасырлық ұлттық тарихын жадында жаттап өскен, Қазақ даласынан шыққан ұлы ғұламалар мен ұлы данышпан әулие-әнбиелердің аруағын құрметтеп өскен Әлсейіт Әлменұлы ағамыз қасиетті Қаратауды жайлап жатқан елдің ардақтысы Шоқай датқаны да үлкен жырына арқау еткен екен, Шоқай датқа атамыздың аруағы разы болсын! Көлемді баллада-жыр арнапты, бұдан бөлек, үш жүзге аты мәлім Шоқай датқа атамыздың 200 жылдық мерейтойына байланысты Шоқай датқа туралы әжептәуір тарихи драма жазыпты. Ол тарихи драма Шоқай датқа атамыздың 200 жылдық тойында Шоқай датқа туралы сахналық қойылымда көрсетілді. Осы орайда, ақын Әлсейіт Әлменұлы ағамыздың қаһарман қолбасшы Шоқай датқа атамыз туралы лиро-эпостық жанрда жазған өлеңінің бір-екі шумақ үзіндісіне көз салып көрейік;

Өр бабам, берен бабам, батыр бабам,
От болып заманында лапылдаған!
Артыңда өшпес ізің сайрап жатыр,
Екенсің теңдесі жоқ ақылды адам!

Ақылды адам қашанда елім деген,
Елім деген, қасиетті жерім деген.
Айналып қазық тапқан тұлпарың да,
Лайлы суатынан жерінбеген!

Шыдаған күн-түн қатып атқа мықты,
Тұлғаңды жақын түгіл жат таныпты.
Атағың шықпаса егер көсем-шешен,
Қай қоқан қияр еді датқалықты?

Ордасын ойрандаған есік-төрдің.
Қоқанның қиын күнін кешіп көрдің.
Найза ұшын, білек күшін жұмсамай-ақ,
Тағдырын елдігімнің шешіп бердің.

Бұл өлең»Ескерткіш алдындағы толғаныс.» деп аталады. «Күн махаббат» кітабынан алынды. (15-бет) Ғұлама ойшылдықпен және маңдайдан аққан тердің ізденісімен жазған Шоқай датқа туралы балладаны егжей-тегжейлі зерттеп, ғылыми тұрғыда сараптап бір мақалаға сиғызып жазу мүмкін емес екенін оқырман түсінеді деп ойлаймын. Ең бастысы, осы Шоқай датқа туралы балладаны оқып шығып, заманында сөзге шешен, көсемдікпен ел басқарған Шоқай датқаның ірі тарихи тұлға болғанына көзім жетті, сондай-ақ, бізге бұрын беймәлім болған біраз тарихи жайттарға қанықтым. Менің бір үлкен олжам осы болды.
***
Өзіме рухани ұстаз ретінде жоғары құрметтейтін ақын Әлсейіт Әлменұлы ағамен 2004 жылдың күз айының соңғы күндерінің бірінде жолықтым. Әлсейіт Әлменұлы ағам Тараз қаласынан Алматы қаласына қатынайтын автобусқа шығарып салуға келдім. Қасымда келіншегім бар еді. Сол жерде інілік хош көңілімнен жайылған дастарханның мәзіретімен шалқып отырып ұстазым Әлсейіт Әлменұлы ағама арнап жазған «Ұстаз ұлағаты» атты өлеңімді оқып бердім.
-Аға, Сіз мені әрдайым «ақын бала»деп еркелетіп атайсыз ғой, осы сөзіңіз мені әрдайым қанаттандырып, ерекше қуаттандырып тұрады, ақындық шабытымды арқаландырып, тыныс-демімді ашып тұрады. Осы жақсы сөзіңізге борыштар секілденіп жүретін едім, маған «ақын бала»деген сөзіңіз қатты ұнайтын еді, ақ көңіліңізбен «ақын бала»деп айтқан сөзіңізге борыштар болған қарызымнан жеңілдейін деп,-деп бір күліп алып,-Сізге арнаған «Ұстаз ұлағаты» атты өлеңімді оқып берсем деп тұрмын, қалай қарайсыз?-дедім.

-Әй, бәрекелді! Оқи ғой, жақсылап тыңдап көрейік,-деп, қараторы жүзі нұрланып сала берді. Мен тамағымнан бір жөткірініп алдым да, ұстазыма арнаған өлеңімді оқуды бастап кеттім.
Ақын бала, сен ұғын, терең зерек!
Өлең керек өмірге, өлең корек!
Қазақтың қара өлеңінің бағы тайса,
Қасиеті бар Қазақтың төмендемек!
Қорға оны! Жігер-намыс-арыңменен!
Ар жолында пида бол жаныңменен!
Сен сезінсең жалынды Өз кеудеңде,
Бірге айналған қара өлең қаныңменен!
Өлең-егіз өйткені Қазақпенен!
Тел өскен ен далада азатпенен!
Батыр Қазақ мінгенде тұлпар атқа!
Өлең қолдап ерліктер жасапты ерен!
Тап басқан жан жүйеңді әділетпен!
Өлең-өнер Қазаққа қадірі өткен!
Сөз асылы қуантқан Ақын ұлын!
Сезім-патша жүрекке әмір еткен!
Қыран рух қанатында шабыт тұнған!
Жалын берген жастыққа жанып тұрған!
Зор махаббат жүректе ерлікке ынтық!
Сақтап қалған Ұлы елді тамұқтардан!
Айналған жер-жаһанды жүйріктермен!
Жарысқан өлең-тұлпар жүйіткіп желмен!
Қазақ болсаң жерінбе өлеңіңнен!
Өлең кие бірге туған сүйікті елмен!
Дабыл қағам санаңа! Дабыл қағам!
Оят шабыт талабын шағылмаған!
Қанда айналған Қазақы қара өлеңде,
Қымбат-құнды сырлар бар табылмаған!
Өлең керек! Өмірге, кесек өнер!
Зертте тап! Қасиетін өлшеп көрер!
Бүгініңе мәз болма, Ақын бала!
Ертеңіңде зор жауап, есеп берер!
Мен өлеңімді оқып болғанымша, ақын Әлсейіт Әлменұлы аға түн қойнынан дыбыс баққан үкі құсап үнсіз, байыпты ақыл-санасымен өлең сөздерін ойымен сараптап, ақырын тыңдап отырды, өлең оқылғанда үнсіз отырып тыңдап отыру-Әлсейіт Әлменұлы ағаның ешкімге ұқсамайтын ерекше бір әдеті еді.
-Ой, бәрекелді! Рахмет! Ақын бала, мына өлеңіңдегі сөздерді, тура менің өз сөзімдей етіп жазыпсың, менің шәкірттеріме айтатын ақыл-кеңесімді айнытпай сөзбе-сөз жеткізіпсің, иә, менің саған «ақын бала, өлең керек!»деп талай рет айтқаным да рас қой, бәрін әдемі ұйқаспен өлеңге келтіріпсің, үлкен рахмет!-деп, ұстазым көңілденіп, риза болып қалды. Қызу әңгімеміз ары қарай жалғасты. Біраздан соң, Алматыға жүретін автобусқа мінетін уақыт жақындағанда қасымда тұрған келіншегіме бұрылып:
-Келін шырағым, мына ақын балаға құрметпен қараңыз, бұл ақын бала өте талантты ақын жігіт, көбіне ақындар сұмдық бай болмайды, олардың жан дүниесі бай болады, жан дүниесі бай адамның байлығы-материалдық байлықтан мың есе құнды байлық болып есептеледі, жан дүниесі бай адам күндердің күнінде, әлемдегі ең бай, әрі, атақты, абыройлы, бақытты адам болады. Сол байлық пен бақыттың қадір-қасиетін бағалап түсінуге адам баласы дайын болуы керек, мына өмірде қиыншылық пен жоқшылықты көп көрген адамдар, сол қиыншылықтың сынағына төзе білген, шыдай білген адамдардың байлығы мен бақыты мәңгілік тұрақты болады. Туылғаннан байлық пен бақыттың ортасында шалқып жүрген адамдардың көбісі өмір сынағына дайын болмайды, алғашқы кездескен өмір сынағынан-тағдырдың тауқыметті қиыншылығынан морт сынып кетеді. Өмір-күрес! Адам бақыт пен байлыққа жету үшін жан аямай күресу керек! Кешегі кеңес өкіметі тұсында көптеген ақын-жазушылардың әйелдері ақымақтау болды, солай болғандықтан, сол атақты ақын-жазушылардың өмірлері трагедияға айналып кетті,-деді, дәл осы сәтте ақын ағамның көздері-шыны түбінде тұнып тұрған бір тамшы су сияқты-жәудіреп көрініп тұрды,-ақынның бай адамдығы-керімсал дүниені бір сәтте көктемдей құлпыртып, күллі дүниені күлдіртіп жібереді, енді бірде, дүниені алай-дүлей боран-бұрқасынға айналдырып жібереді, жылағанды күлдіртіп жұбата алады, орынсыз күлгенді жылата алады. Өзі де бірде бала бола алады, бірде дана қарт бола алады. Бұл үлкен құдіреттілік емес пе? Сондықтан, Сіздің ақын жарыңыз әлемдегі ең бақытты, ең бай адам екенін есіңізге алып жүріңіз, Сіздердің отбасыңызға жақында бақыт та, байлық та айналып келіп қонады!-деп сөзін аяқтап, Алматы қаласына жүретін автобусқа қарай аяқ басуға ниеттенді. Менің көңілімді ерке мақтаныш сезім кернеп кетті.
-Ей ақындардың жарлары!
Бақыт деген,
қастарыңнан кете алмай жүр айналып!
Кете алмай жүр,
Қона алмай жүр бастарыңа байланып!
Әне ақының келе жатыр,
ұлан-асыр пайда алып,
Ұлан-асыр ойланып,
Ұланасыр қайғы алып!
Кешіріңдер!
Ақын деген міне осындай бай халық!
Тараздың түнгі салқын қара суығында денені қызындырған қызуқандылықпен ақиық ақын Мұқағали атамыздың ақын атаулы халықтың бейшара төзімді жарларына арнаған өлеңінен бір шумақ өлеңді асқақ көңілмен оқып, ақын ағамның артынан аяқ басып, автобустың жолаушылар мінетін есігіне дейін жүріп келдім. Сол жерде ұстаз ағама сәт сапар тілеп, күліп тұрып қоштастық. Көп ұзамай гүрілдеген автобуст Алматы қаласына қарай жүріп бара жатты. Артынан қол бұлғап қасымдағы монтаны келіншегім екеуміз Тараз қаласының микрорайондағы автотұрағында қала бердік. Әлсейіт Әлменұлы ағамен осы кездесуім, ең соңғы рет жүзбе-жүз кездесуіміз екенін, мен бейбақ сол жолы білмеппін. Адам деген қызықпыз ғой, ертең тағы, бір кабинеттегі жұмыс орнымызда қайта көрісетін адамдар сияқты ойлағанбыз ба? Сонша уақыт бірге тұрғанда Әлсейіт Әлменұлы аға екеуміз, сол соңғы рет кездесуімізден естелік ретінде суретке де түспептік.
Осы жолы Алматыға шығарып салғанымнан кейін, қамқор ағам, кешірімшіл дана ұстазым, ақын Әлсейіт Әлменұлы ағаммен қайтадан жүзбе-жүз кездесудің сәті түсе қоймады. Мен көп ұзамай Алматы қаласына, одан кейін, Астанаға, жұмыс бабымен жақын маңдағы көрші тұрған шет мемлекетке өтіп кетіп жүрдім, әйтәуір пенденің өмірі бітпейтін тіршілік қамымен дөңгеленіп жүріп ұстазым Әлсейіт Әлменұлы ағаммен біраз уақыт хабарласа алмай қалдым.
Сөйтіп жүргенде, жаны жайсаң, асқақ ақын Әлсейіт Әлменұлы ұстаз ағамыздың 2007 жылдың 13 желтоқсан күні көлік апатынан мезгілсіз қайтыс болғанын да кеш естідім. Әкемдей қорған болған, біртуған бауырымдай қамқор болған, ең жақын ниеттегі адал досымдай сырлас болған, өлең өнеріне жетелеп әкелген ұстазымның қазасын есту маған өте ауыр болды. Ақиқат. Ол кісі зейнетке де шығып үлгермей өмірден өтіп кетті, әлі де жас жігіттей тың, денесін ширақ ұстайтын еді, ешбір жері ауырып жүргені туралы арыз-шағымын естіген жоқ едім. Ақылы мен білімі парасат қазынасында толысқан шағында ажал келіп алып кетті. Алпыс екі жасында дүниеден өтті. Алматы қаласынан тікелей барып, Жаңаталап ауылының қасындағы ата-бабалары жатқан жердегі зиратына барып құран оқып қайттым.
Түзде жортқан көк бөрідей желке жүнімді дүрдитіп, аласармай айбаттанып жүргеніммен, менің де жан-дүниемді тонап жатқан азап-мұңым бар екенін айтып ұстазыма баяғыша шерімді тартқатқым келді. Адам баласының басына келмейтін қараниеттік оймен маған жауыздық жасаған адамның әділетсіздік ісіне ешкімнің қарсы тоқтам сөз айта алмаған дәрменсіздіктеріне қабырғам қайысып, жаныммен қатты күйзелгенімді, қазір мына өмірде сенісер досым жоқтығынан, жалғыз қалғанымды айттым, зиратында үйіліп жатқан топырағын құшақтап жатып, қатты өкіріп жылағым да келді. Бірақ жыламадым. Бүкіл тәнін топырақ басып жатқан марқұм ұстазымның сүйегіне көз жасымның тамшылары ауыр тиер деп ойладым. …Қалтасында ақшасы көп байлардың зорлықшыл бұзақылықтары қоғам ортасында қалыпты жағдайға айналып бара жатқанына жоғарғы билік пен құзыретті орган өкілдерінің көз жұмып қарайтынын айттым. Ұстазым Әлсейіт Әлменұлы ағаның зиратының басында ұстаз ағаның рухымен осылай үнсіз отырып біраз сөйлестім. Ұстазым сол баяғыша, мен өлеңімді оқығанымдағыдай ойға шомып, үнсіз тыңдады. Жауап та қатпады.
***
Ақын Әлсейіт Әлменұлы ағамыздың бүгінде ауылда тұратын асыл жары Қолғанат жеңгейден Әлсейіт Әлменұлы ағамыздың»күн махаббат» атты жеке өлең-жыр-дастандар жинағын арнайы Тараз қаласына алдырттым. Кітапты алғаш қолыма алған уақытта, ақын Әлсейіт Әлменұлы ұстазымның жылы жүзді дидарын қайта көріп, қол алысып амандасқандай, көңілім толқып, біраз үнсіз отырдым. Кітапты алақаныммен сипалап ұзақ уақыт отырдым. Кітаптың бетін ашып оқығанда, кітаптағы жазылған сөздер мен әрбір өлеңдер ӘлсейітӘлменұлы ағамыздың баяғы тірі кезіндегі өз үнімен оқылғандай болып, жақыннан құлағыма естіліп тұрғандай әсер етті.
Осы «Күн махаббат» атты кітапқа алғашқы кіріспе сөзді ақжолтай ақын Маралтай Райымбекұлы жазған екен, сөз арасында ұстазы, ақын Әлсейіт Әлменұлы ағаны «Жұмекен Нәжімеденовке ұқсайтын Қазақтың қоңыр баласы» деп, ақын Әлсейіт Әлменұлы ағаны Қазақтың қара өлеңінің хас шебері, Қазақтың аса дарынды ақынына теңеп жазған екен. Бұл теңеу сөз жәй ғана айтылған сөз емес екені ақиқат, биыл сексен жасқа толып жатқан марқұм Әлсейіт Әлменұлы ағамыздың жазған өлеңдерінде, Қазақтың қоңыр даласындай-дархан бойына бүгіп жатқан асыл қазыналы, ғажап сырлары өте көп екенін және Қазақтың қоңыр баласы Жұмекен Нәжімеденов ақын атамыздың артында қалған әдеби мұрасы секілді, көп зерттелмей-дұрыс бағаланбай көп уақыт сөрелер мен архивтерде шаң басып жатып қалмаса екен деген тілекші оймен, асқақ ақын, ақжолтай ақын Маралтай Райымбекұлы осы сөзді кіріспе сөздікте атап айтқаны анық. Менде Әлсейіт Әлменұлы аға туралы шағын мақаланың соңында ақын Әлсейіт Әлменұлы ағамыздың поэзия әлемін Қазақ халқымыздың өлең сүйетін қауымы тегіс таныса екен, Қазақ әдебиеті мен Қазақ поэзиясынан, өз биігіне лайықты, дарынды ақындық дәрежесіне сай құрметке ілінсе екен деген тілекпен сөзімді аяқтаймын.

Бекбосын Кенжеғараев, ақын. Тарих зерттеушісі. 15.12 2025 жыл. Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.