Ұлттық құндылық, жастар тәрбиесі, салихалы ұрпақ

0

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті Сәуле Мешітбайқызы ауданымызға іссапармен келді.

Еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастаған Сәуле Мешітбайқызы аудан әкімдігінің мәжіліс залында кездесу өткізді.
Сәуле Мешітбайқызы «Ауыл тағдыры — ұлт болашағы» экспедициясы аясында Жамбыл облысының аудандарын аралауда. Экспедицияның негізгі мақсаты — тұрғындармен кездесу, өңірдегі өзекті мәселелерді анықтап, оны тиісті орындарға жеткізу.
Кездесуге аудан әкімінің аппарат басшысы Қ.Рысдәулет, мекеме, кәсіпорын басшылары және қызметкерлері, құқық қорғау өкілдері, мектеп директорлары мен жастар қатысты. Басқосуда Сәуле Мешітбайқызы қазақ өркениеті, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл және өзге де ұлттық, отбасылық құндылықтар, жас ұрпақ тәрбиесі оның ішінде қыз балалардың тәрбиесі, қоғамдағы аналардың рөлі, ұлттық болмысымызды сақтаудың маңызы жайында кеңінен толғанды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтарға қарсы тұрып, өзге де жат қылықтардан аулақ болу керектігіне тоқталды. Жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды қалыптастыруда отбасы, әлеуметтік орта, қоғам, сондай-ақ, ата-ана ұстаздармен бірге үйлесім тауып жұмыстар атқарылу керектігін атап өтті. Жиын барысында қатысушылар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Сонымен қатар ұлттық құндылық, жастар тәрбиесі, салихалы ұрпақ мәселесі де көтерілді. Адамгершілікті, ізгілікті, қазақы болмысты бағдаршамдай алға ұстай білу, ұлттық өсиет-өнегені тәрбие тініне, өскелең өрендердің өмірлік ұстанымына айналдыру турасында көшелі ойлар айтылды.
Сондай-ақ С. Мешітбайқызы қойылған сұрақтарға кеңінен жауап берді. -Болашағын ойлаған әрбір азамат газет-журналдарға жазылу керек, оқу керек. Баспасөз-халық пен билік арасындағы алтын көпір. Бұл өте үлкен жауапкершілік. Осы жауапкершілікті абыроймен атқару – біздің міндетіміз. Жастардың шығармашылық қабілеттері, қасиеттері осы газет-журналдарымыз арқылы қалыптасады, дамиды, — деп халықты газет-журналдарға жазылуға шақырды.
Кездесу соңында қатысушылар С. Мешітбайқызымен естелік суретке түсті.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.