ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ- ГҮЛДЕНЕМІЗ БӘРІМІЗ
Жайлаукґлде жаѕа амбулатория ашылды
Осы орайда Қамқалы ауылдық округінің Жайлаукөл ауылында 30 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
Айта кету керек, ауданымызда денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жылдан жылға нығайып келеді. Жаңа медпункттер бой көтеріп, емдеу мекемелері заманауи құралдармен, жаңа медициналық технологиялармен жабдықталып келеді.
Жалпы аудан бойынша «Халықты тіркеу жүйесінде» тіркелген 38 мыңнан аса тұрғынға 630 медицина қызметкері қызмет көрсетеді. Оның ішінде 77 -сі дәрігер болса, 335-і орта буынды медицина қызметкерлері. Аудан бойынша 26 медициналық нысан бар.
Сондай-ақ, биыл төменгі Шу бойындағы ауылдар үшін мерейтойға толы жыл болды. Шығанақ, Қамқалы ауылдарының 60 жылдық мерейтойы шалқар шабытпен атап өтілді. Ауыл азаматтарының демеушілігімен елді мекендердің келбетін жақсартатын түрлі нысандар пайдалануға берілді. Жайлаукөл ауылында еңселі мешіт ашылды. Енді міне, жаңа дәрігерлік амбулатория да тұрғындарға қызмет етіп, ауылдың көркіне көрік қосатыны сөзсіз.
Жаңа нысанның құрылыс жұмыстарына қазынадан 254 миллион 384,8 мың теңге бөлініп, игерілді. Ғимарат заман талабына сай құралдармен жабдықталып, ауыл тұрғындарының қажетті медициналық көмек алуына жағдай жасалған. 797 тұрғыны бар Жайлаукөл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда 1 дәрігер, 7 орта буынды медициналық қызметкері еңбек ететін болады. Сонымен қатар, 30 төсек орынға арналған күндізгі емдеу бөлімі ашылған, дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген.
Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, қуанышқа кенелген ауыл тұрғындарына ізгі тілегін арнады.
— Кез келген мемлекеттің басты байлығы халық болса, халықтың баға жетпес байлығы ол — денсаулық. Ендеше, жаңа нысанда ақ желеңді абзал жандарымыз тұрғындарға денсаулықтың маңызын насихаттап, оны қорғау бағытында жалықпай еңбек етеді деп сенім білдіреміз.
Баршаңызды жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуымен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, бақ-береке тілеймін,-деді Сәкен Үмбетұлы.
Жаңа нысанның ашылу лентасын аудан қариалары салтанатты жағдайда қиды. Ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашса, аудан өнерпаздары ән шырқады.
Ќамќалыдаєы ќуаныш
Төменгі Шу бойындағы ауылдар аудан орталығынан шалғайда орналасқанымен өзіндік өрлеу жолы бар. Құтты мекеннің тағылымды тарихы кім-кімді де қызықтырмай қоймайды. Сонымен қатар тұз кені мен басқа да табиғи байлығымыз елдің игілігіне жарап тұр. Өңірлерді дамыту бағдарламалары аясында мұнда жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Дейтұрғанмен шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Осы орайда аудан әкімі Сәкен Мамытов Қамқалы ауылдық округіне барып, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты. Жұртшылықпен жүздесіп, талап-тілектерін тыңдады. Қазыналы қариялармен дидарласып, жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысты.
Тўрєындардыѕ ўсынысын тыѕдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» мақсатына жету үшін осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажеттігін, саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналатынын айтқан болатын. Осы орайда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңызды екені атап көрсетілді.
«Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.
Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.
Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деген болатын Президент.
Жолдаудан туындаған міндеттерді іске асыру барысында Сарысу ауданында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл тұрғыда жұртшылықпен жүздесіп, тұрғындардың талап-тілегін тыңдауға басымдық беріліп келеді. Қоғамдық қабылдаулар да жолға қойылған. Аудан әкімі Сәкен Мамытов Қамқалы ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары барысында да осы мәселеге баса назар аударды.
Сәкен Үмбетұлы әуелі Шығанақ ауылдық клуб үйіне бет бұрып, руханият ордасының тынысына, атқарып отырған жұмысына зер салды. Келесі кезекте С.Сейфулин атындағы орта мектебінде болды. Білім беру мекемесінің директоры Қ.Исақов ұжымның жүзеге асырған жұмыстарына, жеткен жетістіктеріне, оқушылардың үлге-ріміне қатысты мәліметтермен бөлісіп, алдағы уақытта да аянып қалмайтындықтарын жеткізді. Бәсе-келестік биігін бағындыру үшін білімнің көкжиегін кеңейту керек. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Адами капиталды дамыту мақсатында мемлекет тарапынан да жан-жақты жағдай жасалуда. Ал оның қайтарымы тек қана адал еңбекпен өтеледі. Сондықтан да ұрпақ тәрбиесінде ұлағатты ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Аудан басшысы педагогикалық құрамның маңызды міндетті ойдағыдай атқаруына тілектестік білдірді. Білім ошағында Шығанақ ауылының тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды. Сәкен Үмбетұлы жұмыс сапарының мақсатына тоқталып, тұрғындармен қай кезде де ашық диалог орнатуға, туындаған мәселелерді бірлесе шешуге дайын екенін тілге тиек етті. Басқосуда ауыл қариялары аудан басшысының жұмысына сәттілік тілеп, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Келесі кезекте Сәкен Үмбетұлы ауылдағы клуб үйінің және ауыз су жүйесінің жағдайымен танысты. Сонымен қатар аудан басшысы Қамқалы ауылына атбасын бұрып, Т.Әубәкіров атындағы негізгі мектепте болды. Ауылдық медициналық пунктте тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмысқа қанықты.
Іссапар мұнан соң Жайлаукөл ауылында жалғасты. Сәкен Үмбетұлы ауылдық клуб үйінің ғимаратын аралап көріп, ауыз су жүйесінің жай-күйіне назар аударды. Одан кейін аудан басшысы ауылдық округ тұрғындарымен жүздесті. Кездесу барысында аудан әкімі С.Мамытов Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын өзекті мәселелерге тоқтала келе аймақта атқарылып жатқан шаруаларды баяндады. Алда да ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын айтты.
— Бекітілген кесте бойынша ауыл-аймақтарды аралап, тұрғындармен кездесіп отырамыз. Бүгінгі іссапарымның мақсаты да ауылдың тыныс-тіршілігімен етене танысуға негізделген. Өздеріңізбен ашық сұқбаттасып, пікірлеріңізді білуге келдім. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, қандай істі де ақылдаса отырып атқарсақ өнімді болатындығы сөзсіз. Біз өз тарапымыздан тұрғындарға тиісінше қолдағы бар көмекті көрсетеміз, – деді аудан әкімі.
Кездесу барысында аудан басшысы тұрғындардың ой- пікірлерін тыңдап, әрбір ұсынысты үнемі назарда ұстап, олардың заң аясында шешілу жолдарын қарастыратынын айтты. Талап үдесінен шыға алмаған кей мекеме басшыларына ескерту беріп, міндеттеменің мерзімінде орындалуын тапсырды. Кездесуде тұрғындарды тазалық пен адалдыққа, еселі еңбекке шақырды. Халық алдындағы арнайы есеп беруінен тыс бұл кездесулерден түскен ұсыныстарды алдағы жұмыс барысында пысықтайтынын жеткізді.
«Бота алғанша – бата ал» демекші, көпті көрген, елге еңбегі сіңген ақсақалдар аудан басшысына қызметіне сәттілік тіледі.
Ќарты бар їйдіѕ ќазынасы бар
Адал еңбек қай кезде де адам баласының абыройын асқақтатып, айналасына сыйлы етеді. Саналы ғұмырында тынымсыз тер төгіп, туған жердің түтінінің түзу шығуына сүбелі үлес қосқан жандардың өмір жолы өзгелерге үлгі. Жайлаукөл ауылында тұратын еңбек ардагері, ұзақ жылдар бойы шаруашылықта қызмет еткен 90 жастағы батыр ана Жолдыкүл Өткелбаеваны да жерлестері сондай қасиеті үшін ерекше қадірлейді.
Расында да өмірден көргені, көкейге түйгені көп қариялардың берері де мол, беделі де биік. Мұндайда дана халқымыз «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп тектен тек айтпаса керек. Тек отбасы, ошақ қасында ғана емес, тұтас ауылына ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отыратын қарттардың тұла бойы тағылымға жолы. Көненің көзі, шежіренің өзі болып отырған қарияларға қандай құрмет көрсетілсе де жарасады.
Аудан әкімі Сәкен Мамытов Қамқалы ауылдық округіне жұмыс сапары барысында ғасырға жуық ғұмыр жасап келе жатқан кейуананың шаңырағына арнайы соғып, сәлем берді. Хал-жағдайын біліп, емен-жарқын әңгімелесті. Алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, сый-сияпатын табыстады.
Өнегелі әулеттің отын маздатқан, шамшырағы болған Жолдыкүл әжей бейнетпен өткен ғұмырының зейнетіне бөленіп, ұрпақтарының алдында бақытты өмір кешіп келеді.
Жастық шағынан туған жерінде еңбек еткен аяулы ана, ардақты әже өмірге әкелген перзенттерінен немере-шөбере сүйіп отыр.
Арнайы құттықтай келген аудан басшысына ризашылығын білдірген кейуана елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді.
«Sarysý-Aqparat»