ТӘУЕЛСІЗДІК – ТҰҒЫРЫ БИІК ҚҰНДЫЛЫҚ
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалып, егемендік туы желбіреген ұлы мереке. 1991 жылдың 16 желтоқсаны — ұлттық тарихымыздың жаңа дәуірін бастаған, мемлекетіміздің дербестігін әлемге танытқан тағылымды күн.
Тәуелсіздік – ата-бабамыздың азаттық жолындағы күресі мен төгілген қанының өтеуі, ұрпаққа қалдырған қастерлі аманаты. Егемендік алған күннен бастап еліміз саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда терең реформалар жүргізіп, әлемдік қауымдастықтан өз орнын ала білді. Мемлекеттік шекарамыз шегенделіп, төл валютамыз айналымға енгізілді, Ата Заңымыз қабылданып, жаңа – Астана бой көтерді.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан бейбітшілік пен келісімге негізделген саясат жүргізіп, ынтымақтастыққа ашық мемлекет ретінде танылды. Білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және цифрландыру салалары қарқынды дамып, жаңа буын үшін кең мүмкіндіктер ашылды.
Бүгінгі ұрпақтың міндеті – осы тәуелсіздікті қадірлей білу, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосу, ұлттық бірлік пен тұрақтылықты сақтау. Тәуелсіздік – тек өткеннің жеңісі емес, келешекке деген ортақ жауапкершілік.
Бұл мереке – әрбір қазақстандықтың жүрегіндегі патриоттық сезімді оятып, елдік рухты асқақтататын күн.
Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз жарқын болғай!
М. Үркімбаев, Сарысу аудандық сотының төрағасы