Малшы да, аңшы да болған ақсақал

0

Қазақ-өнерлі халық. Қоңыр домбыраны күмбірлетіп, сары сыбызғыны сызылтып, қара қобызды сарнатқан, әуелете ән салып, аламанда ат шаптырып, сайын далада құмай тазы жүгіртіп, көк төрінде қыран қалықтатқан да қазақтың сал сері жігіттері. Ата-бабаларымыз «Аңшылық ата кәсіп, жігіттің жеті өнерінің бірі» деп бекер айтпаған ғой. Ұлы атанған Абай да:
Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас-бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға,-деп сөз патшасы өлеңмен де жырлаған екен.
Олай болса бүгінгі желісін тартқалы отырған әңгімеміздің арқауы кеңшарда отардан отар өргізген аға шопан болумен қатар қызығы мен шыжығы көп аңшылық кәсіппен де айналысқан, бүгінде 69 жастағы Әлменов Оразбай қария жайлы болмақ. Алдымен жүріп өткен өмір, еңбек жолдарын қысқа-нұсқа айтып өткеніміз жөн. Оразбай қарапайым шаруа малшы отбасында жарық дүние есігін ашыпты. Ержетіп, ат жалын тартқан соң еңбек жолын Калинин атындағы кеңшарда шопан болып бастайды. Әкесі Әлмен қария да осы шаруашылықта ірі қара малын бағады екен. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары ауданда қоғамдық мал өз төлінен өсіп, Көсегенің көк жоны мен Сарыарқа мал жайылымына дейін жаз жайлау етуші еді. Калинин атындағы кеңшардың төрт түлік малдары Талас бойындағы Шешенбай өңірі мен Тереңқұм бойын қыстау ететін. Шешенбай мал қыстатудың шешуші участогі болған соң мая-мая шөп жиналып, жанар-жағар май бекеті де болушы еді. Малшылар жаз жайлауға көшкенде қыстаулардағы қора-жайлар мен малшы үйлеріне, жиналған мая-мая шөпке, жанар май бекетіне Тоққұлиев Баймаш қария бас-көз болатын. Бұл кісінің туған інісі Әлмен қария да кеңшардың ірі қара бақташысы болды. Бұл кісілердің әкелері Тоққұлы өз заманында қыран баптап, қақпан салып, тазы жүгірткен аты аңызға айналған аңшы болыпты. Сол аңшылық кәсіп осы күнге дейін ұрпақтарына жалғасып келеді. Әлмен қария да өткен ғасырдың екінші жартыжылдығында атышулы құсбегі болды. Құрған қақпаны ешқашан бос жатпаған. Қолға үйретіп, әр жылдары ұстаған қыран тұқымдас бүркіт, ителгі, қаршыға, лашындары аңшылық кәсіптің қызығын ұстаның көрігіндей қыздырғанын бүгінде көзкөргендер жыр ғып айтады.
«Әке көрген-оқ жонар» деген емес пе? Осы кісінің ұлы Оразбай да кеңшарда бір отар қой бағумен қатар аңшылық кәсіпті де өрістетті. Қақпан мен тұзақ құрудың шебері болды. Ең алғаш тұзақ құруды қалай үйренгенін былай әңгімелейді.
Тұзаққа түскен қаршыға
-23 жастағы кезім еді. Сол жылы Баймаш көкем отырған Шешенбай қыстауына бір отар саулық қоймен көшіп келдім. Көкем бұл қыстауда отырықшы болған соң үй құстары үйрек, қаз, түйе және жай тауықтар өсіруші еді. Ерте көктемде Талас өзенінің суы жайылған көлтабандары құрғаған соң қауын-қарбыз да егетін. Жаз айларында кеңшардың механизаторлары Шешенбай өңірінен қыстық мал азығын дайындайтын. Өлең жазуға әуестігі бар Түктібаев Базарбай есімді механизатор:
Қос тіктік ұзаңқырап біз ауылдан,
Шөп шаптық Шешенбайдың бауырынан.
Аш қасқырдай жем іздеген түн ішінде,
Ұрладық Баймаш ата қауынынан,-деп әндетіп жүргенін де естіп күлгеніміз бар. Мезгіл шөп басы қатайып, күн суыта бастаған күз айы болатын. Түс мезгілінде отарды үй іргесіндегі құдыққа суға әкелдім. Осы кезде механизатор Жексенбаев Дәулетше ағай қос тіркемемен шөп әкелді. Бір қаршыға үй үстін айналып ұшып жүрген еді. Баймаш көке, Дәулетше аға үшеуміз құдық басында әңгіме шертіп тұрғанбыз. Бір уақытта аспанда қалықтап ұшып жүрген қаршыға төмен қарай құлдилап, көз ілеспес жылдамдықпен түйе тауықтың балапанының үстіне түсті. Тырп етуге шамасы келмеген балапанды кеудесінен шұқып жей бастады.
— Бұйыртса бұл қаршығаны қазір ұстаймыз,-деді Баймаш көкем.
-Қалай ұстаймыз?-деп таңқала сұрақ қойды Дәулетше аға.
-Тұзақ құрамыз.
Көкем шұғыл іске кірісті. Қалтасынан бәкісін алды да мен мініп жүрген аттың жалынан қажетінше кесіп алды. Таянған бетте қаршыға бізден үркіп, көк төріне көтеріліп кетті. Өлген балапанның үстіне тұзақ құрып болған көкем:
-Қаршыға әлі тояттаған жоқ. Қазір қайтып оралады,-деді.
Шынында солай болды. Біз ұзаңқырап кетісімен қаршыға өлі балапанның үстіне қайта келіп қонақтады. Іле-шала қанаттарын сабалап тыпырлады да қалды. Бұл тұзаққа түскенінің белгісі, құтылып кетудегі әрекеті еді. Көкем көздері оттай жанып тұрған қаршығаны тұзақтан босатып, сылап сипады да маған ұсынып сөзге келді.
-Бұл қаршыға енді сенікі болады. Құс баптау менің қолымнан келмейді. Байқадамдағы Әлмен інімді шақырыңдар. Сөз реті келгенде Әлмен інімнің кеңшардың ірі қара малын баға жүріп бүркітті қалай ұстағанын айтып берейін. Сол жылы қыс ерте түсті. Желтоқсан айының басы еді. Табынынан бөлініп кеткен оншақты ірі қараны іздеп шыққан інім Іргежалға таянып қалғанда аспанда қалықтап ұшып жүрген екі қыранды байқайды. Аңшы адам зерек келеді ғой. Жан-жағына жіті қарап құмды белеске шыққанда еңістегі көлтабанда жайылып жүрген бір топ киікті көзі шалады. Шұғыл шешімге келіп, келген ізімен кері қайтады. Ондағы ойы қырандардың киікке түсетінін сезіп, үркітіп алмайын дегені екен. Бір мезгілде бүркіттің бірі төмен қарай құлдилай ұша жөнеледі. Іле-шала екінші бүркіт те солай етеді. Інім ат сауырына қамшы сілтеп желе шоқытып таянғанда киікті алып, кеудесін шұқи бастаған екі бүркіт қайтадан ұшып көкке көтеріліп кетеді. Інім атынан асығыс аударыла түсіп, алдымен шала жансар жатқан киікті бауыздайды. Содан соң аттың жалынан бірнеше кыл кесіп алып киіктің үстіне тұзақ құрады. Құрылған тұзақты киіктің аяғына байлап атына қайта қонады. Едәуір жер ұзап кеткен соң екі бүркіт те киікке қайта оралады. Бірінің тұзаққа түскенін қанаттарын сабалағанынан сезе қойған інім атының жүрісін тездетіп жетеді. Таяна бергенде екінші бүркіт ұша жөнеледі. Жоғалған сиырларды іздеу жайына қалып, інім тұзаққа түскен бүркіт пен ажалы жеткен киікті мәз болып алып келген еді. Есейіп кеткен қыранды қолға үйретіп баптау өте қиын болды. «Мұзбалақ» деп ат қойған сол бүркітті он жылдай аңға салып қызығын да көрді,-деп әңгімесін аяқтаған еді көкем.
Бұл кезде Әлмен әкем зейнет демалысына шыққан. Қарамағындағы кеңшардың ірі қара малын өткізіп, Байқадамға қоныстанған еді. Бүркіт, лашын, ителгі, қаршыға десе ішер асын жерге қоятын құсбегі әкем хабар жетісімен кідірмей жетті. Қаршығаны қолына алып, басынан, арқасынан бірнеше рет сипап:
-Қаршыға табиғатынан кішкентай шағын құс. Бірақ ұшуы жылдам, қимылы шапшаң болғандықтан қырғауыл, қоян ұстауға өте шебер. Құсың құтты болсын. Өкінішке қарай бұл қаршығаның өмірі ұзақ болмайды,-деді.
-Неге, әке?-дедім мен аң-таң болып.
-Бұл тазалықты мейілінше ұнататын жыртқыш құс. Малды ауылда тіршілік ете алмайды. Әсіресе түтіннің иісін ұнатпайды. Ол жағын уақытында көре жатарсың. Қыран құс ұстап, аңға салып үйрене бергенің дұрыс. Алғашқы қар жауғанда қаршығаңмен қансонарға шық. Ол күні тазыларыңды ертпе. Қаршығаңды жазым етіп жүрер.
Әкем айға жуық үйде болып, қаршығаны баптау мен аңға салудың барлық айла тәсілдерін үйретіп кетті. Әр нәрсе өз уақытысымен. Күн суытып, қыс ызғары сезілді. Мен асыға күткен алғашқы қар да жауды. Ел орынға отыра себелеп жауып басталған қар ат тобығынан аспай толас тапты. Тәңірдің ақ таңы арайлап атқанда көк аспанда бір шөкім бұлт болмады. Жер беті ақ мамық көрпе оранғандай әсер қалдырады. Ертеңгілік ас үстінде жұбайым Рыскүлге:
-Бір отар қойға бүгін сен еге бол. Мен қансонарға шығайын. Қаршығамның бабы келіссе бағын ашайын,-дедім.
-Жарайды, малға алаң болма,-деді ол.
Тазыларымды үйшіктеріне қамадым. Жүріс пен жүгірісті аңсайтын тазыларым қыңсылап қала берді. Ат үзеңгісіне аяқ салып, қаршығамды білегіме қондырдым. Шешенбай өңірі қалың өскен жыңғыл, шеңгел, қамысты боп келеді. Арасында көлемі кең әрі жазықты көлтабандары да көп. Түнде ғана жауған аппақ қардың бетіне қасқыр, түлкі, қояндар із де салып үлгеріпті. Бірақ ешқайсының бойлары көрінбейді. Қақпан құрмасаң жыңғыл, шеңгел, қамыс арасында жүрген аңдарды аулау оңай шаруа емес. Қояндар әрі-бері жортып із салған көлемі жалпақ көлтабанды бетке алдым. Көзім шалып қалды. Бұта түбінде шоқиып отырған ұзын құлақ сұр қоян зытып берді. Қаршығамның қырағы көзі де байқап қалған екен. Дауыс шығарып, ұшатынын сездіргендей қанатын қомдады. «Жолың болсын» деп күбір еттім де білегімді жоғары көтеріп ұшырып жібердім. Әкем айтқандай ұшуы тым жылдам екен. Қас-қағым сәтте көк төріне көтеріліп кеткен қаршығам көз ілеспес шапшаңдықпен төмен қарай қанат қақты. Аңшылық өнер де баптаған тұлпарыңды аламан бәйгеге қосқандай делебеңді қоздырады. Алып ұшқан көңілмен астымдағы торы атымның сауырына қамшыны тым қатты сілтеп жібергенімді де аңғармай қалдым. Аңшылық өнердің қызығының әсері болар. Айдалада жападан жалғыз болсамда мал қайырғандай айқайды да үдете түсіппін. Мен жеткенде қаршығам ор қоянды арқасынан бүре тырп еткізбей қос жанары оттай жанып отыр екен. Аттан асығыс түскен бетте әлсіз тыпырлап жатқан қоянды бауыздадым да мойын етінен кесіп алып қаршығама бердім. Қызылқұмар құс қой. Ол қомағайлана шұқып жей бастады. Бұйырған кетпейді деген емес пе? Бұл күнгі қансонардан екі қоян, бір қырғауылды қанжығаға байлап, үйге олжалы қайттым. Тазыларым да қаршығаммен бірге аң аулауға үйренді. Жыңғыл, шеңгел арасындағы қырғауылдарды із кесіп әрі -бері жортқан тазылар ұшырғанда қаршыға қағып түсіретін болды. Көктем шыққанша аң аулауға жиі шығып, бірнеше қоян, қырғауылдарды олжаладым. Әкемнің айтқаны айнымай келді. Сәуір айында қаршығам бір күн ауырып өліп қалды. Ішім удай ашып, қатты өкіндім. Бұдан кейін бүркіт тұқымдас құстар ұстау пешенеме жазылмады. Есесіне қақпаншы, тұзақшы әрі құралайды көзге атқандай мерген болдым.
Қақпанға қор болған арлан
Аңға қақпан құру еріккеннің, зеріккеннің ермегі емес. Аңқұмарлықтың да патша көңіліңді көтеріп, сезіміңді сергітіп, делебеңді қоздыратын өзіндік ерекшеліктері, қызықтары жетерлік. Жалын атқан жас шағынан қақпан, тұзақ құруды кәсіп етіп, әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген де Оразбай қария екен. Сонымен бірге қанды ауыз қасқырдың, қулығына құрық бойламайтын түлкінің бітім болмыс, қасиеттерін де жақсы білетін боп шықты. Аңшының өткенді еске алып, бастан кешкен, көз көрген, куә болып айтқан әңгімелері де қызықты.
-Қасқыр атына сай жыртқыш болғанымен текті аң,-дейді Оразбай ақсақал,-Қазақ бөріні киелі деп «пір» тұтқан. Қазақ халқы көне заманда байрағына бөрінің бейнесін бейнелеген. Иттің иесі болғанымен, бөрінің тәңірісі бар. Терісін тірідей сойып алсаң да қыңсылап дыбыс шығармайды. Күшік кезінен асырасаң да, құйрығын бұлғаңдатып еркелемейді. Бөлтіріктесе маңайындағы елді мекендердің малына шаппайды. Қасқырдың ішігін жамылған адамға боранның да, ызғардың да суығы өтпеген. Қасқырдың жүрегімен баланы ауыздандырса, ол бала қасқырдай өжет, алғыр әрі тегін болмайды екен. Қасқырдың тісін, тырнағын адам баласы бойтұмар етіп тағып жүрсе тіл-көзден ада болады деген секілді қасқыр жайлы аңыз жорамалдар өте көп.
Қасқырдың бөлтіріктерін ауыздандыра бастаған кез еді. Мал аяғы баспайтын қалың жыңғыл мен шеңгелдердің арасына қақпан құрып тастағам. Қақпандарды тексеру үшін тортөбел атымның арқасына ер салып жатқанымда үрген иттің дауысы жететін қыстауға көшіп қоныстанған шопан Төлубай аға келіп қалды. Ердің жасы елуді еңсеріп қалған кісі. Қазақ жанама ат қойғыш қой. Ептеп маңқаланып сөйлейтін болған соң құрдастары «Маңқа Төлеубай» атап кеткен. Әдетінше қалыптасып қалған тілімен сөйлей бастады. Өзінің тілінің бізі, бірқақпайы бар адам болатын.
-Әй, Оразбай інім, мен жас кезімде сен секілді атақты аңшы болғым келген. Қалай екенін қайдам, құрған қақпаныма қасқыр түспеді, атқан оғым аңға тимеді. Құрысын, сосын қойғам. Бүгін қолым бос, ішім пысып, сенің құрған қақпаныңды көргелі келдім,-деді.
-Жақсы келдіңіз, аға. Тап қазір құрған қақпандарыма барғалы жатыр едім.
-Онда тездетіп жүрейік. Аң аулауға аңсарым қатты ауып тұрғаны.
Жолға шықтық. Құрған қақпанымның біріне қасқыр түскен екен. Орнында болмай шықты. Сүйретілген тоқпақтың ізіне түстік. Әудем жер жүрген соң қалып кеткен тоқпақты кездестірдік. Шынжырға жалғанған сымы шіріп жүр еді. Ақыры үзіліп тынған екен. Шөп бастарын сындырып әрі топыраққа із салып отыратын тоқпақсыз қасқырды табу оңай шаруа емес. Қасқыр айлакер, өжет те қайсар аң. Аңшының көзіне түспеуді, тас кенедей жабысқан қақпаннан құтылудың амалдарын жасайды. Бірі інге тығылу, екіншісі өз аяғын өзі шайнап сындыра үзіп қақпанды қалдырып кету. Қақпанның салмағымен әр жерде шөп басының сынғанынан із қалып отырғанын байқадым. Төлеубай аға шыдамсыз екен.
-Өстіп қара жерге қадала қарап сандалып жүре береміз бе? Қасқырдың беті құмға қарай екен. Құм белестеріне шығып, мен ала келген дүрбіге көз жүгіртейік те,-деді.
-Мен қақпан түсірген ізбен келе жатырмын, аға.
-Өй, сенде, аңшының бәрі мақтаншақ келеді. Аңшы дегенге білгішсініп,-деп Төлеубай аға кейіп те алды.
Қасқырдың аяғындағы қақпан әзер түсірген іздері ауызы кең қазылған інге әкеліп тіреді. Қасқырдың інге кіргені анық болды.
-Сілекейінен қан ағып тұратын қорқауды іннен қалай суырып аламыз?-деді Төлеубай аға шыдамсызданып.
-Бір әрекетін жасаймыз, аға.
-Ол қандай әрекет?
-Іннің ауызын бітеп, ауылдан күрек, шелек, құрық әкелеміз.
-Әй, Оразбай іннің ауызын бітеп әуре боп жүргенімізде екінші жағынан шығып кетпей ме?
-Жоқ, олай болмайды. Қу түлкілер ғана інді бір жағынан кіріп, екінші жағынан шығып кету үшін қазады.
Ін маңында ірі өскен жыңғылдар көп екен. Қажетінше сындырып, іннің ауызын бітеп тастадық. Ауылға ат ізін салып, түстік асымызды іштік. Күрек, шелек, құрық алып інге қайта оралдық. Мен інді қазуға кірістім. Төлеубай аға жіп байланған мен салған шелектегі құмды сыртқа тартып алып төгіп тұрды. Көлбей қазылған іннің шұңқыры кісі бойынан асты. Төлеубай аға сөзге келді.
-Әй, Оразбай, қазған ініңнің ұзындығы үш метрден асты. Қасқыр мұнша тереңдікте ін қазбайды. Сен шатастың. Теріс кеттің. Бұл тірлігіміз Бетпақдаладан құдық қазғандай болды.
-Мен дұрыс келе жатырмын, аға.
-Өй, сен де білгішсіне береді екенсің.
Қасқырға жеткенімді күректің ұшынан, топырақтың былқ ете қалғанынан сезе қойдым. Сақтанбаса болмайды. Енді тезірек сыртқа шығу керек. Әйтпесе ызалы қасқыр айбат шегіп, адамға атылудан тайынбайды.
-Төлеубай аға, мен қасқырға жеттім. Шелекті тастап, мылтықты қолға алыңыз,-дедім.
Ол кісі шелекті лақтырып жіберіп, мылтықты кеудесіне көтерді. Мен қазылған шұңқырдан тездетіп шыққаным сол, қасқыр үстіне жиналған топырақты сілке, жан-жағына шаша көтерілді да қанды ауызын арандай ашып, арс ете қалды.
-Атыңыз, аға,-дедім асығыс үнмен.
Төлеубай аға көкжалды атқан жоқ. Көздері шарасынан шыға бақырайып кейін шегініп барады. Мен ол кісінің қолындағы мылтықты жұлып алдым да қасқырды атып салдым. Ол бұраң етіп қазылған шұңқыр ішіне сұлап түсті.
-Қасқырды неге атпадыңыз, аға?-деп сұрауға тура кеді.
-Құрысын, ұсқыны жаман екен. Қорқып кеттім. Менің аңшы болмағаным дұрыс бопты. Ендігі қоян жүрек мені бір қаныпезер қасқыр баяғыда-ақ жеп қояды екен.
Арлан қасқырды Төлеубай ағаның қанжығасына байладым.
Қу түлкінің айласы
-Сол жылғы қыста еселеп жауған қар қалың түсті. Аңшы адамның аң аулауға аңсары жиі ауып тұратын әдеті. Түлкі аулауға ниет еттім. Екі тазымды ертіп Тереңқұмды бетке алдым. Шешенбайдың қалың жыңғылы мен шеңгелінің арасынан түлкі аулау мүмкін емес. Тереңқұм бойында сексеуіл мол болғанмен аралары сирек. Жүгірген, қашқан аңнан көз жазбайсың. Жеті қазынаның бірі, итттің төресі атанған салпаң құлақ тазылар екі аңға ғана жете алмайтынына куә болдым. Олар ақбөкен мен қарақұйрық. Табиғатынан солай жаратылған шығар. Ақбөкен мен қарақұйрық небір желден жүйрік тазыларға шаң қаптырып кетеді екен.
Іргежалға жете бергенімде қарға аунаған қызыл түлкі сылаң қағып зыта жөнелді. Тазыларымның қырағы көздері байқап қалған екен. Оқ жыландай атылып қуып берді. Аң қуғанда өмірдің бір қызығы. Айқайға басып, атқа қамшы сілтеп шауып келемін. Екі тазым да қатарласа түлкіге қуып жетті. Түлкі қулығын асырды. Ірі сексеуілдің түбіне келгенде құйрығын бұлаң еткізді де жалт бұрылды. Екі тазы бірдей сексеуілге барып ұрынды. Шапшаң қимылмен бой түзеген тазылар әудем жерде кетіп бара жатқан түлкінің соңына қайта түсті. Жүгіргенде жердің апшысын қуырып жіберетін тазыларымның қуып жеткенін қайтейін. Тұмсығы біздей болған қу түлкі айласын тағы асырды. Ірі сексеуілдің түбіне жете бере ұзын құйрығын тағы да бұлаң еткізіп, жалт бұрылды. Бұл жолы тазыларым сексеуілге қатты ұрынды ма, әлде ызаланды ма екен. Қыңсылап дыбыс шығарып түлкіні тағы қуды. Ат тұяғы сүрініп, әлде қардан тайып жығылса айдалада жазым боп қалам ба деген ой қаперімде жоқ. Айқайды үдетіп мен келемін. Әр нәрсенің шегі бар. Бұл жолы қарға аунаған қызыл түлкі айла жасауға әрекет ете алмай қалды. Сексеуілі сирек, жалтаңдау жерде тазыларымның тісіне ілікті.
Кеңшардың бір отар қойын баға жүріп, аң аулаудың осындай талай қызықтарын бастан кештім. Зейнет жасында болсам да ата кәсібіміз малдан да, аң аулаудан да әлі қол үзгенім жоқ. «Қырық кепе» мал жайылым участогінде отбасылық фазенда, төрт түлік малымыз бар. Бүгінде мал шаруашылығы мен аңшылық кәсіпті ұлым Айдос та жалғастырып жүр.
Малшы да, аңшы да болған Оразбай ақсақал әңгімесін осылай аяқтады.

Темірлан Әбілдаев,
ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.