халықты сайлау мәдениетіне баулуға бағытталған іс-шаралар

0

«Саналы түрде таңдаңыз» атты конкурс шеңберінде «Үздік қоғамдық іс-шара» номинациясының бағдарламасы азаматтық белсенділікті арттыруға, сайлау мәдениетін қалыптастыруға және жастардың қоғам өміріне қатысуын ынталандыруға бағытталды. Сарысу аудандық аумақтық сайлау комиссиясы бағдарлама аясында аудан көлемінде түрлі форматтағы кездесулер, көрмелер, флешмобтар, ақпараттық акциялар және шығармашылық байқаулар ұйымдастырды.

Алдымен ауданның бірнеше мектептері мен кітапханаларында «Сайлау – ел болашағы» атты ақпараттық бұрыш ашылып, сайлау процесінің кезеңдері мен сайлаушылардың құқықтары туралы танымдық материалдар ұсынылды. Жастарға үндеу мақсатында Жаңатас көпсалалы колледжінде «Дауыс бер! Өз болашағыңа бей-жай қарама!» флешмобы өткізіліп, мотивациялық бейнеүндеу түсірілді. Бұған қоса оқушылар мен студенттер арасында «Сайлаудың қоғамдағы рөлі», «Жастар және саяси белсенділік» тақырыптарында дебат өткізіліп және «Мен әділ сайлауға сенемін!» тақырыбында эссе жазу ұйымдастырылып, олардың көзқарасы мен азаматтық ұстанымы айқындалды.
2025 жылғы 18 мамырда сайланған Жаңаарық ауылдық округі әкімінің «Сайлау – халық таңдауы» атты тұрғындармен кездесуі өтіп, сайлаудың қоғам дамуындағы рөлі талқыланды. Белсенді жастардың қатысуымен Жаңатас қаласында сайлау туралы блицвикторина түсіріліп, бейнеролик дайындалды. Сондай-ақ аудандық кітапханалар жүйесі «Сайлау тарихы» көрмесін ұсынып, Қазақстандағы алғашқы сайлаулар жөнінде деректерді ұсынды.
Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – демократиялық мәдениетті мектептен бастап дамыту. Осы мақсатта М.Әуезов атындағы мектеп-гимназия­сында «Мектеп–Колледж президентін сайлау» іс-шарасы өткізіліп, оқушылар өз таңдауларын жасаудағы жауапкершілікті тәжірибе жүзінде сезінді.
Осылайша Сарысу аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырған іс-шаралар кешені қоғамның әр жас тобына бағытталып, сайлауға саналы қатысу идеясын кеңінен насихаттады.

Сарысу аудандық аумақтық сайлау комиссиясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.