Еңбегімен елге үлгі болған ер
Сарысу ауданында орналасқан қарт Қаратаудың фосфоритті қойнауы берісі кешегі кеңес одағына, әрісі алыс-жақын шет елдерге танымал кен орны. Осындағы стратегиялық маңызы бар фосфорит кенін өндіру мақсатында КСРО Халық комиссарлары Кеңесінің 1941 жылғы 27 тамыздағы шешімімен «Қаратау» тау-химия комбинаты салына бастайды. «Шолақтау» кенішінен ашық әдіспен алғашқы фосфорит кенінің шығарылғанына да келесі жылы 80 жыл толайын деп отыр.
1953 жылы жерасты кенішінің құрылысы басталды. 1962 жылы «Ақсай» кенішінің Ұсақтап-сұрыптау фабрикасы іске қосылды. 1964 жылы «Шолақтау» жерасты кеніші іске қосылып, фосфорит кені шахталық әдіспен өндіріле бастайды. Жаңатас қаласында құрамында бірнеше құрылымдық бөлімшелері бар, дәуірлеп тұрған кезінде жиырма мыңнан астам адам еңбек еткен алып кәсіпорын «Қаратау» өндірістік бірлестігі құрылады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары тұрғындары 60 мыңнан асқан Жаңатасқа сол кездегі кеңес елінің түкпір-түкпірінен мыңдаған адамдар жұмысқа келіп, осында тұрақтап қалады.
1969 жылы қала типтес Көксу поселкесінің Жаңатас қаласына айналуына тікелей фосфорит кені өндірісінің ықпалы болды. «Қаратау» өндірістік бірлестігі 90 жылдары «Қаратау» өндірістік бірлестігі акционерлік қоғамы болып қайта ұйымдастырылды. Сол кезде акционерлік қоғамның құрамында ОБФ (орталық байыту фабрикасы), ҰСФ (ұсақтап –сұрыптау фабрикасы) және «Көксу», «Ақсай», «Шолақтау», «Шилібұлақ», «Орталық», «Оңтүстік Шығыс» кеніштері мен 12 көмекші цехтары мен бөлімшелері жұмыс істеген еді. 1998 жылы «Қазфосфат» ЖШС құрамында «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешендері болып құрылды.
Кен өндіру басталғалы бері өткен уақыттарды өндіріс орындарында өз ісінің білгірі, мықты ұйымдастырушылық қабілетке ие, есімі елге белгілі А.И.Шеин, А.В.Недогон, М.Фрид, Ж.Шарипов, С.Түйтебаев, Ж.Қаленов, М.Сатымбеков, Ф.Сандт, М.Ескендіров сынды тұлғалар еңбек етті. Олардың қатарында өзіндік орын алған, бүгінгі мақала кейіпкері фосфорит кенін өндіру саласына саналы ғұмырын арнаған, маңдай терін төккен, Сарысу ауданында көп жылдық еңбек өтілімен ел есінде қалған, өз ісіне адал, жауапкершілікті ту еткен, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан азамат-Мұратқали Бақыткерейұлы Сәрсенов.
Мұратқали Бақыткерейұлы 1955 жылғы 26 қарашада Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Қабылтөбе ауылында дүниеге келген. Ауылда туып-өскен соң ауыл тіршілігінде жүргізілетін шаруалардың бәрін де атқарып, жастайынан еңбекке араласты. Өз қатар құрбылары сияқты ауыл мектебінде оқып, 1972 жылы орта білім алып шығады. Жоғарғы білімді маман болып туған жеріме, еліме қызмет етсем деген бала арманы Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтының табалдырығын аттады. Қабылдау емтихандарын ойдағыдай тапсырып, студент атанады. Институт қабырғасында жүргенде де сабақты жақсы оқыды, алдыңғы қатардағылардың легінен көрінді. 1977 жылы институтты аяқтап, инженер-механик мамандығын алған жас маман арнайы жолдамамен Орал қаласына барып, қаладағы химиялық тазалау және киім бояу жөніндегі жеңіл өнеркәсіп фабрикасында құрал-жабдықтарды жөндеу жөніндегі электрші-слесарь болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Біраз уақыт өткен соң осы фабрикада инженер- жылу технигі, одан соң «Орал колхоз құрылыс» тресінің 62-жылжымалы механикалық колоннасының шебері болып абыроймен еңбек етті. Еңбекке араласқан алғашқы жылдардан бастап қай жерде жұмыс атқарса да әрдайым тиянақты, жауапкершілікпен жұмыс істуге дағдыланды.
1979 жылы жас маманның еңбек жолында үлкен өзгеріс, жаңалық болды. Осы кезде даңқы кеңес одағына жайылған, жаңадан жұмысын бастаған Жаңа Жамбыл Фосфор зауытына маман кадрлар қажеттігі туындап, еліміздің әр аймағынан инженерлер, механиктер, энергетиктер жұмыс істеуге ағылып келе бастаған тұс еді. Осы жайды бағамдаған Мұратқали да алып кәсіпорында жұмыс істеуді мақсат етіп, тәуекелге бел байлап, туған жері батыс өңірінен оңтүстіктегі бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласына келеді. Зауытта бірінші кезекте маман кадрларға жұмыс ұсынылған еді. Зауыт басшылығы жас маманды іскерлік көңіл күймен қарсы алып, зауыттың кептіру-ұнтақтау цехының ауысым шебері жұмысына қабылдайды. Көп уақыт өтпей жаңа орында іскерлік қабілетін аңғарған басшылық аға шебер етіп ауыстырады. Зауыттың жұмысын, оның күрделі де қиын технологиясын меңгерген Мәкеңе зауыттағы жауапты қызметтер: ауысым бастығы, бөлім бастығы, цех технологі, цех бастығының орынбасары, цех бастығы, бас механик міндеттерін тапсырады. Өзіне тапсырылған жұмыстарды, қызметтерді абыроймен атқара жүріп, алып зауыттың қыр-сырына, күрделі технологиясына әбден қанығады. Осы салада ұзақ жылдар еңбек етіп жүрген көрнекті өндіріс қайраткерлері Тұрғынбек Темірбеков, Еркінбек Мырзағалиев, Леонид Франгулиди, Александра Голиков сынды азаматтардың ақыл-кеңестерін, қамқорлығын көргенін де айту абзал. Мұратқали Бақыткерейұлы Жаңа Жамбыл Фосфор зауытында ширек ғасырға жуық еңбек етті.
2005 жылы «Қазфосфат » ЖШС-і филиалдары «Қаратау» және «Шолақтау тау-кен өңдеу кешендерінің директоры қызметіне тағайындалды. Тау-кен өңдеу кешендері Қаратау жоталарынан фосфорит кенін өндіріп, кенді Тараз қаласындағы минералды тыңайтқыштар зауыты мен Жаңа Жамбыл Фосфор зауытына жеткізумен айналысатын. Жаңа қызмет орны Мәкеңді бұрынғыдан да ширатты, шынықтырды. Неге дегенде, кешенде екі мыңнан астам адам еңбек ететін. Ендігі жерде өндірістегі санқилы жұмыстан бөлек, сол жұмысшылардың тағдырына, жұмыс жағдайына жауапты болды. Осы қызметте жүргенде өзінен кейінгі орта буын мамандарды тәрбиеледі, ақыл-кеңестерін айтты, оларды қолдады, өндірістің өзіндік жұмыс стилін үйретті, жауапты қызметтер ұсынып, жақсы маман болып қалыптасуына ықпал етті. Олардың қатарында Нұрхан Прекешов, Талғат Досаев, Темірхан Оразбаев, Бекен Өтепбергенов, Жарылқасын Төкебаев, Қайрат Рахымжанов, Қайрат Жарылқапов, Ізбасар Абилғазиев, Жанат Құлданов, Жанболат Құсайынов сынды азаматтар болды. Қазір осы азаматтардың бәрі де өндіріс саласының белді мамандары болып еңбек етіп жүр. Кейінгі жас толқан Ғани Несіпбаев, Марат Рахымжанов, Рахат Мақұлов, Асхат Қоржынбаев, Самат Серікбаев, Әнуар Баймұхановтарға жауапты қызметтерді ұсынып шыңдады. Саматтың аудандық мәслихаттың депутаты болуына кеңес беріп, ықпал жасап еді. Үш ауданның да ардагерлерімен тығыз қарым –қатынаста болды. Олармен ақылдасты, кеңесті, ақ ниетті батасын алды. Созақтағы Қарабура әулиенің жыл сайын өтетін асына қатысу үшін аудан ардагерлерін көлікпен қамтамасыз етіп отырды. Бірнеше рет Түркістан қаласына саяхат жасатты, «Көктал» сауықтыру орнына жыл сайын 10 ардагердің тегін демалуын қамтамасыз етті.
Фосфорит кенін өндіру жұмыстары Сарысу, Талас, Созақ аудандарынан және Түркістан облысының аймақтарында жүргізілді. Ендігі кезекте осы үш ауданның да өзекті мәселелерін шешумен айналысуға тура келді. Қыс,көктем айларындағы қиын қыстау кезеңдерде осы аудандарға арнайы техникалармен, адам күшімен көмектесу дағдыға айналды. Мәселен, 2012 жылғы табиғаттың алапат апаты кезінде үш ауданға қолдау білдіріп, көмек қолын созғаны елдің есінде. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы ел басындағы ауыртпашылық өндіріс саласына да кері әсерін тигізгені рас. Өндіріс ошақтары жабылды, алып жүк техникалары тоқтады, мамандар жан-жаққа күнкөріс қамымен кетті. Осы жағдай «Қаратау» мен «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешендерінің де басынан өтті. Қайта қалпына келтіру, өндірісті іске қосу, жұмыс орындарын ашу оңайға соқпады. Қызмет уақыты осы түспен қатар келгендіктен осы қиындықтарды жеңуге бар күш-жігерін жұмсады, уақытпен санаспай еңбек етті. Кешенге басшылыққа келген тұстан бастап өндіріс ошағы қалыпты жұмыс істеді, бірыңғай өндірістік жүйеге енгізілді. Тек өндіріс жұмысымен ғана айналысып қоймады, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, олардың денсаулығына үнемі көңіл бөліп, үлкен мән берді. Мәселен, бір ауысымда 60 адамға сауықтыру қызметін көрсететін «Көктал» емдеу-сауықтыру кешені, үш ауысымда мыңға тарта жұмысшылардың балалары демалатын «Жұлдыз» балалар лагері, сондай-ақ, кешен қызметкерлерінің спорттың түр-түрімен айналысуға «Фосфорит» стадионы, бильярд, теннис, ауыр атлетика залдары, би, шахмат, дойбы үйірмелерінің тұрақты жұмыс істеуі соның айқын айғағы еді. «Көктал» ЕСК мен «Жұлдыз» балаларды сауықтыру кешенін жыл сайын маусымға дайындау, ағымдағы жөндеуден өткізу, көріктендіру, абаттандыру жұмыстары да Мәкең басқарған кешеннің еншісінде болатын. Осы жолдардың авторы да кешеннің әкімшілік-шаруашылық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас менеджері болып қызмет еткендіктен бұл жайларға қанық еді.
Мұратқали аға руханият саласына да бей-жай қарамайтын. Қала жастарының «Жайдарман» КТА ойындарына қатысуына бірнеше мәрте демеуші болды, жергілікті жазушы Дулат Шалқарбаевтың Сарысу ауданының тарихына арналған «Дүрбелең» кітабының, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Пернебай Дүйсенбиннің Жаңатас қаласының 50 жылдығына арналған «Жаңарған Жаңатас» кітабының шығарылуына қаржылай көмектескенін көрдік, білдік, естідік. Кешеннің еңбек ардагері, ақын Советкүл Жарылқасынованың әдеби кешін өткізуге қолдау жасаған болатын. Мәкеңнің бойында ата бабаларының қанымен келген жомарттық, қайырымдылық, мейірімділік, қарапайымдылық қасиеттері мол еді. Кеңсесіне сәлем бере келген Шәміл Әбілтаев, Төлжанбек Жақсыбаев сынды бірнеше әнші, сазгерлерге, ақындарға көмек берген кезінде басы-қасында болғаным бар. Жаңатас қаласының орталығында жасалған «Ұрпақтар аллеясында» тұрғызылған монументтегі тасты екі қолымен жарып тұрған кенші сұлбасы да Мұратқали ағаның ұсынысымен жасалғаны есте. Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Пернебай Дүйсенбиннің тарихи-танымдық «Қарахан» журналына берген «Жақсыдан-шарапат» атты мақаласында: «Қайырымдылық, қарапайымдылық, елгезектік–үлкен өндіріс басшысы Мұратқали Бақыткерейұлына тән қасиеттер. Оның табиғатына кісімсіну, мардымсу жат. Ол туған ана тілінің шын жанкүйері» деп жазған еді.
Кешенге қажетті мамандар оқытып дайындау мақсатында Жаңатас көпсалалы коледжімен әлеуметтік серіктес ретінде жыл сайын меморандум жасалатын. Соның арқасында, 2007 жылдан бастап колледжде тау-кен электромеханикалық жабдықтарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету, маркшейдерлік іс, кен орындарында пайдалы қазбаларды ашық түрде қазу мамандықтары бойынша мамандар дайындала бастады. Осы мамандықтарда оқып жатқан студент жастары өндіріс ошағында іс-тәжірибеден өтіп, болашақ мамандықтарының қыр-сырымен ерте бастан таныса беруге мүмкіндік жасалды және оқу орнын бітірген жастарды кешенге жұмысқа қабылдауды да жолға қойды.
Мұратқали аға ұлтжанды азамат екенін кешен басшысы болып еңбек еткен жылдары дәлелдеді. ҚР «Мемлекеттік тіл» туралы заңының талаптарына сай кешендегі барлық іс-қағаздарды мемлекеттік тілге көшіруді қолға алды. Өзге тілде келетін қатынас хаттарын, кешеннің ішінде шығарылатын құжаттар мен актілерді қазақ тіліне аударып отыратын арнайы штат ашылды, білгір маман жұмысқа алынды. Сөйтіп, кешенде іс жүргізу мемлекеттік тілге көшірілді, күнделікті өткізілетін селекторлық кеңестер мемлекеттік тілде өтетін болды. Алғашқы кезде, тек орыс тілінде сөйлеп, сол тілде іс-қағаз жүргізетін мамандарға оңайға соқпады. Бірақ, басшының талабы болған соң орындауға тура келді.
«Қаратау» және «Шолақтау» тау -кен өңдеу кешендеріндегі ерен еңбектерін елеген аудан тұрғындары Мұратқалиды аудандық, облыстық маслихаттың депутаттығына сайлады. Соның арқасында, 2012 жылдан бастап Жамбыл облысы маслихатының қатарынан екі шақырылымында Сарысу және Талас аудандарынан халы қ қалаулысы атанды. Депутаттық мандаттың мүмкіндігін үлкен жауапкершілікпен орындады. Жаңатас және Қаратау қалаларында сайлаушыларды қабылдайтын арнайы депутат кабинеттерін ұйымдастырды. Депутаттың кестелік қабылдауларынан бөлек, кабинетте үнемі тұрғындардың талап, тілектерін тыңдап, жазып, тіркеп отыратын депутат көмекшілері отырды. Депутат болған жылдары сайлаушылар үшін атқарған бірер жұмыстарды айта кетейін. Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы Аманкелді көшесіне электр бағандарын қойып, бірнеше отбасына электр жарығын кіргізуге, тұрмыс жағдайы төмен 5 отбасына көгілдір отын кіргізуге ықпал етті, көмектесті. Осы қаладағы сайлаушылардың өтініші бойынша Қ.Сағырбаев, Ә.Молдағұлова, Төле би көшелеріне шағал тас төсеп тегістеп, тағы бірнеше көшелерге асфальт төсеу үшін қажетті қаржыны облыстық бюджеттен көлемді бөлдіруге мұрындық болды. Қаратау қаласының тұрғыны Аян Аманжолұлының ауыр науқастан емделуіне өзі басқаратын еңбек ұжымын жұмылдырып, оның шет елде сапалы ем қабылдауына жағдай жасады. Сарысу ауданының ардагерлерінің сұранысы бойынша Саудакент ауылында ауданнан шыққан 1937-1938 жылдардағы жаппай қуғын — сүргін құрбандарына арнап бұрынғы қарапайым көрнексіз белгінің орнына көрнекті ескерткіш тақта орнатудың басы-қасында болды. Ал, ауданымыздың айнасы іспеттес «Сарысу» газетіне деген қамқорлығы ерекше еді. Мен осы газетте редактор болып жұмыс атқарған кезде газетті редакция жанында жапондық «Jamaha» қондырғымен басып шығаратын едік. Газетке қажетті арнайы қағазын Шымкенттен алдыруға жүк көлігімен көмектесетін және ұжымды газетке жаздыруға ықпал етіп, кешеннің өзінде ғана мыңға тарта адам баспасөзге жазылатын еді. Жоғарыда айтқанымдай, бұлар Мәкеңнің халық қалаулысы ретінде атқарған жұмыстарының ширегі ғана. Республикалық қоғамдық-саяси «Деаутат» журналында журналист Назгүл Рабилова «Бақытын адал еңбектен тапқан азамат» мақаласында: «Бақ-кеудесін көтермеген адамның маңдайына қонады. Маңдайдағы бақты бағалай білген адамның басында бақ мәңгі қалады» дегендей Мұратқали Бақыткерейұлының депутат ретінде түйткілді мәселелердің шешімін табуға жанкешті еңбек етіп жүргені халықтың көз алдында»-деп жазған еді.
Туған жерінен тыс жерде ел үшін жасаған еңбектері мемлекет тарапынан лайықты бағаларын алды. Ол мемлекетіміздегі жоғары марапаттардың бірі «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан республикасының «Химия өнеркәсібінің үздік қызметкері» және «2015 жылдың үздік инженері» төсбелгісінің иегері. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне-20 жыл», Қазақстан Республикасының Конституциясына-20 жыл» мерекелік медальдарымен, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» , Сарысу, Талас және Созақ аудандарының Құрметті азаматы төс-белгілерімен, бірнеше Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталған.
Кез-келген жұмыста болсын, қызметте болсын үлкен жетістікке жетуі үшін адам өз мамандығының қыр-сырын терең меңгеруі, оны теориялық, практикалық жағынан жетік білуі тиіс. Мұратқали аға өзі таңдаған мамандығының үздігі атану үшін ерінбей еңбек етті, еріншектік пен жалқаулықтан ада болды. Қай істе де сабырлы, парасатты, салмақты мінезімен елге сыйлы болды. Отбасында ардақты әке, немерелеріне ақылшы ата. Ұрпағына өнегелі тәрбие беріп, ұлт болашағына өз үлесін қосып келеді.
70 жас – адам өміріндегі елеулі белес, елге еңбегі сіңген, ұрпаққа үлгі болған азаматтың мерейлі жасы.Тек жастың емес, ғибратты өмірдің, мағыналы еңбектің көрінісі. Осындай мерейлі шақта ел ағасын құрметтеп, артындағы ұрпақ оның ізгі істерінен үлгі алмақ. Мұратқали ағамызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығын тілейміз!
Диханбай Ақділда,
ҚР Журналистер одағының мүшесі