Құрылтай сайлауына қатысу – азаматтық жауапкершілік
2026 жылдың 23 тамызында Қазақстан Республикасының азаматтары еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды тарихи сәтке-жаңа бір палаталы Парламент-Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысады. Халықтың сенімі мен еркін таңдауына негізделген әділ сайлау-тұрақты мемлекеттің, дамыған қоғамның және жарқын болашағымыздың берік кепілі.
Бұл науқан-мемлекетіміздің саяси жүйесін жаңғырту жолындағы батыл қадам әрі халықтың шынайы еркін білдіретін, заң шығару қызметін жүзеге асыратын өкілді органды қалыптастырудың айрықша кезеңі. Науқан қарсаңында Сарысу аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Дәулетберді Амангелдіұлы Шортанбаевпен сайлауға дайындық барысы жайлы сұхбат өткізген болатынбыз.
Сұрақ: Құрылтай сайлауына дайындық бойынша тоқталып өтсеңіз
Жауап: Ағымдағы жылғы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарының сайлауын дайындау мен өткізу үшін аудан бойынша 1 аумақтық, 26 учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс атқарады.
Ауданда орналасқан 26 сайлау учаскелерін жарақтандыру жұмыстары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2012 жылғы 23 қазандағы № 21/183 қаулысымен бекітілген сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған үй-жайды жарақтандыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүргізілуде.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 21 желтоқсандағы № 24/217 қаулысымен бекітілген Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдарға сәйкес мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды іске асыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Сұрақ: Сайлауды ақпараттандыру бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
Жауап: Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы дайындаған ақпараттық материалдар бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, лэд-экрандарда (бейнероликтер, аудиороликтер, инфографикалар) үздіксіз жариялануда. Ақпараттық материалдардан: сайлау науқанының кезеңдері, азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу туралы, дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігі, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау туралы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының сайлаушыларға арналған үндеуі және т.б мәліметтерді алуға болады.
Бүгінгі таңда күнтізбелік жоспарға сәйкес аумақтық сайлау комиссиясының құрамы мен орналасқан жері және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Сонымен қатар аудан әкімдігі тарапынан сайлау учаскелерінің шекаралары және сайлау комиссияларының орналасқан жерлері туралы хабарлама да бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Сұрақ: Сайлаушылардың сайлауға қатысу белсенділігін арттыру бойынша тоқталып өтсеңіз
Жауап: Сайлауға қатысу әркімнің ерік білдіру бостандығы болып табылады. Сайлауда әркімнің дауысы ерекше маңызды. Болашақ кез келген адамның жасаған таңдауы арқылы айқындалады.
Айта кету керек, жастарды сайлауға қатысуға ынталандыру, олардың құқықтық мәдениетін арттыру және жауапты азаматтық ұстанымын қалыптастыру да күн тәртібіндегі негізгі мәселе болуы маңызды.
Ақпараттандыру жұмыстары аясында сайлаушылардың сайлауға қатысу белсенділігін арттыру үшін сайлау комиссиялары тарапынан сайлау туралы тиісті ақпараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету пәрменді түрде жүргізілуі өте маңызды. Осы орайда БАҚ рөлі – халық пен билік арасындағы дәнекер деп айтуға болады.
Сұрақ: Заңнамада белгіленген жалпыға бірдей сайлау құқығы туралы
Жауап: Заң талаптарына сәйкес жалпыға бірдей белсенді сайлау құқығына республиканың он сегіз жасқа толған азаматтары тегіне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына және кез келген өзге жағдаяттарына қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы берілген. Сайлауға сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.
Сұрақ: Сайлаушылар тізімінде өзіңізді қалай тексеруге болады?
Жауап: Сайлауға қатысуға конституциялық құқықты іске асырудың кепілі – сайлаушылар тізіміне енгізу болып табылады. Нақтылы сайлау учаскесiнде азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады.
Азаматтар тіркелу орны бойынша сайлаушылар тізімінен өздеріне тиісті әкімдіктің сall-орталығы арқылы тексере алады. Бұқаралық ақпарат құралдарында Сall-орталығының құрылғаны жөнінде арнайы хабарлама жарияланды.
Заңнама талаптарына сәйкес дауыс беру күніне 20 күн қалғанда, яғни 2 тамызда тізімдер сайлау учаскесіне беріледі. Учаскелік сайлау комиссиялары азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылған сайлау учаскелері бойынша сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы деректермен танысуы үшін сайлаушыларға дауыс беретін күнге он бес күн қалғанда, яғни ағымдағы жылғы 7 тамыздан бастап ұсынады.
Бұл ретте азаматтарға тиісті сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар тізімдерімен танысу, сондай-ақ оларға өздері туралы енгізілген деректердің дұрыстығын тексеру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Сұрақ: Құрылтай депутаттарының сайлауында сайлау процесіне қатысушы тараптар туралы айтып берсеңіз…
Жауап: Сайлау – еліміздің болашағын қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды саяси үдеріс. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелет жасына толған әрбір азамат сайлауға қатысуға, өз таңдауын жасауға және заңда белгіленген талаптарға сай болған жағдайда сайлануға құқылы екендігі айқындалған.
Сайлау процесін ұйымдастырып өткізуге негізінен үш тарап қатысады. Атап айтқанда олар: сайлау комиссиялары, сайлаушылар, және байқаушылар мен сенім білдірілген адамдар және БАҚ өкілдері. Сайлау комиссияларының қызметі алқалылық, жариялылық және ашықтық негізінде жүзеге асырылуға негізделген.
Сайлаудың заң талаптарына сәйкес өтуіне және оның ашықтығын қамтамасыз етуде жоғарыда аталған тараптардың рөлі маңызды. Жалпы, сайлау процесіне қатысушылардың мақсаты бір, сайлаудың ашықтығы мен заң талаптарына сәйкес өтуін қамтамасыз ету болып табылады.
Сайлау комиссияларының міндеті – сайлауды заң талаптарына қатаң сәйкестікте, ашық, жария әрі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізіп, сайлау үдерісіне қатысушылардың барлығына тең жағдай жасау деп ойлаймын.
-Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет
Камели Сүлейменова, «Sarysý»