Құрылтай сайлауы: ашықтық, жауапкершілік және халық таңдауы
Қазақстан жаңа саяси кезеңге қадам басты. Биыл 23 тамызда ел тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл науқан жаңа өкілді органды қалыптастырумен қатар, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 1 шілдедегі № 1338 Жарлығының негізінде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы ағымдағы жылғы 23 тамызға тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы қаулысы шықты.
Сарысу аудандық аумақтық сайлау комиссиясы күнтізбелік жоспар бойынша тиісті жұмыстарды атқаруда. Осы жөнінде аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулетберді Амангелдіұлы Шортанбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.
— Дәулетберді Амангелдіұлы, сайлаушылар тiзiмдерi және оларды жасау тәртiбi жайлы айтып өтсеңіз…
-Сайлаушылар тізімі және оларды жасау тәртібі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында және «Сайлаушылардың дауыс беруге арналған тізімдерін қалыптастыру, сондай-ақ оларды сайлау комиссияларына ұсыну қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 23 тамыздағы №11/197 қаулысында айқындалған.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 24-бабының 5-тармағына сәйкес сайлаушылардың тұрғылықты жерi бойынша тiзiмiн тиiстi жергiлiктi атқарушы орган жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың негізінде жасайды.
Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.
Егер сайлаушыға сайлаудан кемiнде отыз күн бұрын, яғни 23 шілдеге дейін сайлау күнi өзiнiң тiркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкiндiгiнің болмайтыны белгiлi болса, ол өзiнiң болатын жерi бойынша жергіліктi атқарушы органға өзiн тиiстi сайлаушылар тiзiмiне енгiзу жөнiнде жазбаша өтiнiш беруге құқылы.
Азамат осы тармаққа сәйкес өтiнiш жасаған кезде жергілiктi атқарушы орган азаматты тiркелген жері бойынша сайлаушылар тiзiмiнен алып тастауды және оны сол азамат дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзудi ұйымдастырады.
-Ал, азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу қалай болады?
-Сайлаушылар тізімдеріне дауыс беру күніне он сегiз жасқа толған, белсенді сайлау құқығына ие және тұрғылықты жері бойынша тиісті сайлау учаскелерінің аумағында тіркелген Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі.
Сайлаушылар тiзiмдерiне Қазақстан Республикасының белсендi сайлау құқығы бар азаматтары тиiстi сайлау учаскелерiнің аумағындағы тұрғылықты жерi бойынша енгізіледі.
-Уақытша тіркелген азаматтарды сайлаушылар тізімдеріне енгізу тәртібі жайлы не айтасыз?
-Уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізімдеріне жергілікті атқарушы органға берген олардың өтініші негізінде дауыс беру күніне дейін отыз күннен кешіктірмей немесе 2026 жылғы 23 шілдеге дейін енгізіледі.
Әкімдік азаматты дауыс беретін сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізуді және оны тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды ұйымдастырады. Азамат тек бір ғана сайлаушылар тізіміне енгізіле алады.
-Сайлаушылардың тізімдерімен таныстыру жайлы мәлімет беріп өтсеңіз
-Күнтізбелік жоспарға сәйкес әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылардың тізімдерін тиісті әкім дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын, яғни ағымдағы жылғы 2 тамызда акт бойынша учаскелік сайлау комиссиясына ұсынады.
Сайлаушылар тізіміне өзгерістер енгізілген жағдайда, учаскелік сайлау комиссиясы бұл туралы жоғары тұрған сайлау комиссиясына хабарлайды.
Учаскелік сайлау комиссиялары азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылған сайлау учаскелері бойынша сайлаушылардың тізімдері сайлаушыларға өздері туралы деректермен танысу үшін дауыс беру күнінен он бес күн бұрын, 7 тамыздан бастап ұсынады.
Сайлаушылардың тізімдеріне енгізу, олардан шығарып тастау не тізімдерге түзетулер жасау қажеттiлігi туралы өтініштерді тиiстi сайлау комиссиясы өтініш сайлау комиссиясына келiп түскен күнi қарайды.
Әрбiр азамат сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенiне, дұрыс енгiзiлмегенiне немесе тiзiмнен шығарып тасталғанына, сондай-ақ тiзiмдегi сайлаушы туралы деректерде дәлсіздіктердің жiберiлгенiне шағым жасауға құқылы.
2026 жылғы 7 тамыздан бастап сайлаушыларға тиісті әкімдіктің интернет-ресурсы немесе байланыс орталығы арқылы нақты сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізімінде өзі туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі.
-Сайлаушыларға дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алу тәртібі
-Сайлаушы өзінің болатын жерін ауыстырған кезде дауыс беру күніне он бес күн қалғанда немесе 2026 жылғы 7 тамыздан бастап учаскелiк сайлау комиссиясына өз өтініші бойынша және жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін ала алады.
Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру күнінен бір күн бұрын, яғни 2026 жылғы 22 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде тоқтатылады.
Есептен шығару куәлігін сенімхат бойынша алуға рұқсат етіледі. Сенімхатты нотариатта куәландыру талап етілмейді.
Есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда ол қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы берілмейді.
Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді.
Уақытша болатын жері бойынша сайлау учаскесінде дауыс беру кезінде учаскелік сайлау комиссиясы сайлау күні сайлаушыны жеке басын куәландыратын құжаттың негізінде сайлаушылар тізіміне енгізіп, есептен шығару куәлігінің орнына дауыс беруге арналған бюллетень береді.
-Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет
Сұхбатты жүргізген:
Камели СҮЛЕЙМЕНОВА, «Sarysý»