Осында өсіп көктедік
Биыл біздің Әйтеке би мектебіне 90 жыл толып отыр. Бұл мерейлі дата менің өмірім үшін үлкен белес. Мен биыл 76 жастамын. 7 жасымда мектеп табалдырығын аттаған болсам, 70 жылға жуық бүкіл ғұмырым осы мектеппен байланысты.
1956 жылы Жайылма ауылында орналасқан «Қызыл ту» бастауыш мектебіне 1-ші сыныпқа бардым. Мектеп оқу ісінің меңгерушісі Көшеков Сман ағай болатын. Ол кісі Ұлы Отан соғысына қатысқан, бір аяғынан соғыста жараланып, мүгедек болып қайтқан кісі еді. Өте мейірімді, барлығымызды еркелетіп ұстайтын.
1-ші сыныптағы ұстазым Ажақаева Дәрбала апай болатын. Сабақты өте жақсы оқыдым, сыныптағы оқушылардың дені жақсы оқитын. Апайымыз сабағына тиянақты, оқушыларының тазалығына мұқият қарайтын жауапкершілігі мол кісі еді. Бізді емін-еркін сөйлеуге, ойымызды бүкпесіз айтуға мүмкіндік беретін. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген нақыл сөз осы кісіге арнап айтылғандай. Біз де таза, ұқыпты, әр сабақққа дайындықпен келетінбіз. 3-ші, 4- ші сыныпта ол кісі декреттік демалысқа кетіп, орнына Садықова Тұрсын апай сабақ берді. Ол кісі сәл қаталдау, алғашқыда именіп жүрдік, кейін үйреніп кеттік. Бірақ бағаға сәл тарлау еді. Маған кейбір сабақтарымнан «4»-тік қойып қоятын. 4-ші сыныпты бітірер кезде «үздік» бола алмай қалып, жылап Сман ағайға барып, «менімен бірдей оқитын Рымтай, Мінтай деген қыздар үздік болды, мен үздік бола алмай қалдым» деп айтқаным есімде. Сман ағай арқамнан қағып «ол үшін жылама, келесі жылы үлкен мектепке барғанда күшіңді көрсетесің» дегені бар.
Шынында келесі жылы В.И.Ленин атындағы орта мектепке, қазіргі Әйтеке би атындағы мектептің 5-ші сыныбына келдік. «Қызыл ту» бастауыш мектебінде жүргенде орыс тілінен Кенжеғалиева Фарида апай, суреттен Құлшыманов Сағындық ағай сабақ берді.
Орыс тілінен жақсы білім алдық, соның нәтижесі орыс тілінен диктант жазғанда қате жібермейтінмін.
Институтқа барғанда да диктанттан 5 алдым, ал суреттен берген Сағындық ағайдың салған суреттері, әсіресе табиғаттың көріністері әлі күнге көз алдымда.
1960 жылы В.И.Ленин атындағы орта мектепке келдік. Мектеп директоры Қалманбаев Нағашыбек ағай екен. Сман ағай айтқандай 5- ші кластан бастап үздік оқыдым. Сынып жетекшіміз дене тәрбиесі пәнінің мұғалім Шаханов Жылысбай ағай болды.
«Қызыл ту» мектебінде 3-ші сыныптан пионер қатарына қабылдандық. Ол кезде бізді пионерге Әбдікәрімов Керімбай ағай қабылдады. Пионерге өту үшін ант қабылдадық. Бұл мектепке келген кезде пионервожатый Есмаханов Амангелді ағай болатын. Әр сынып 1 отряд, 3 звеноға бөлінетін. Отрядтың председателі жоғарғы сыныптан, ал звено вожатыйлары сыныптағы үздік оқушылар болатын. Ең қызығы сол отряд вожатыйымыз күн сайын келіп, біздің тәртібімізді, сабағымызды, тазалығымызды тексеретін. Ол кісіге сыныптағы звено вожатыйлары, тазалықшы, староста барлық жаңалықты беріп отыратын. Сыныпта үлкен бәсекелестік болатын. Әр сынып басқа сыныптармен жарысқа түсіп отыратын. Мұның бәрін мектептегі пионерлердің дружина советі ұйымдастыратын. Дружина советінің сол кездегі председателі Бөженова Сайлаукүл 8-сыныпта оқитын. Әр ай сайын дружина советінің жиыны далада спорт алаңында өтетін. Сол жиында әр сыныптың отряд вожатыйлары дружина советінің председателіне рапорт беріп, отрядтың жетістіктерін, кемшіліктерін баяндайтын. Біз үшін бұл үлкен жетістік, қызықты жұмыс еді.
Пионер жұмысы өте қызықты еді. «Тимуршылар командасы» қарт кісілерге, жалғыз басты кісілерге қамқорлық көрсететін. Металл сынықтарын жинау, макулатура жинау сияқты қоғамдық жұмыстар қызу жүріп жататын. Бізге 5-ші сыныпта математикадан Жанкелов Мейрамбек ағай, қазақ тілінен Жұмаділова Үміт апай, тарихтан Байдаулетов Ілияс, географиядан Сәрсенбаев Қошқар ағай берді. Ол кісілердің берген дәрістері бізге үлкен білім алуға жол ашты.
Пионер жұмысына қызыққанымыз соншалық азанда сабақ, түстен кейін қоғамдық жұмыс күніміз мектепте өтетін. Оқушы кезімізден қоғамдық жұмысты атқаруға машықтанып қалдық. Кейін осы оқушылар мектепке мұғалім болдық. Олар : Сманова Зағиша, Олжабаева Қымбат, Тынбаева Дәмегой, Икежанов Үкібай, Мергенбаева Мейраш, Ахаева Айбала, Өтжанова Жаңыл, Кемелбекова Аманкүл, Орақбаева Ақжүніс тағыда басқа аты аталмаған азаматтар баршылық. Біздің осындай болып қалыптасуымызға Есмаханов Амангелді ағайдың үлесі зор. Оқушыларды экскурцияға апару, табиғатты тамашалау, түрлі спорт ойындарын ойнау, мектепішілік спорт жарыстарын өткізу сияқты пайдалы тірліктермен айналысуға үйретті. Сонымен қатар мектептегі пәндердің ұстаздары ұйымдастырған математика, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, тарих т.с .с үйірмелері біздің білімді, саналы, тәртіпті болып қалыптасуымызда үлкен рөл атқарды.
Менде өзімнің қызығушылығымның арқасында дружина советінің председателі, мектептегі бастауыш комсомол ұйымының хатшысы сияқты жауапты жұмыстарды абыроймен атқардым. Пионерге балаларды қабылдау, комсомол қатарына өтуге дайындау сияқты жұмыстарға барынша үлес қостым.
1961 жылдан мектеп директоры болған Жүнісбеков Ошақбай ағай тынымсыз әр іске байыппен қарайтын кісі болатын. Мектеп жанынан құдық қаздырып, мектеп маңайын көгалдандыруға көп үлес қосты. Тал отырғызылды, көкөністер, жеміс ағаштарын да екті. Сол ағаштардың әлі де өсіп тұрғанын көріп отырмыз.
1966 жылы осы мектепті күміс медальмен бітірдім. Оқуға бардым, жолым болмады. Сол жылы тұрмысқа шығып кеттім. Жолдасым жоғарыда айтып отырған Аманкелді ағай болды. Аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен мектепке пионер вожатый болып орналастым.
Осы жерде бір эпизодты айта кетейін. Сағындықов Арқаш ағай 1965 жылы Қырғыздың педагогикалық университетін бітіріп, бізге математикадан мұғалім болып келді. Жас, іскер, тынымсыз. Математика үйірмесін құрды, оған жақсы оқитын оқушыларды жинады, мектептегі оқушылар комсомол ұйымын басқарды. Бізге көп жұмыс үйретті. Үйірме жақсы жұмыс істеді. Барлығымыз қатыстық.
Ол кезде біз Талас ауданымен бірге болғанбыз. Келесі жылы Талас ауданынан бөлініп, Сарысу ауданы болдық.
Сарысу ауданының комсомол комитетінің 1-ші хатшысы Шәкен Елеубаева, 2-ші хатшысы Сопбеков Оңалбек, 3-ші хатшысы Сағындықов Арқаш болып сайланды. Арқаш ағай мектепке оқушылар комсомол ұйымына мұғалімдерден бөлінген, мен оқушылардан сайланған хатшы едім. Қалаға семинарға апарып, семинардан шыққан соң «Нюрнбергский процесс» деген немістермен болған соғыс кезіндегі оқиғаға байланысты түсірілген киноға апарды. Мені қаламен таныстырып, қаланың кинотеатрларымен таныстырған Арқаш ағама рахметім шексіз.
Сол 1-ші, 2-ші, 3-ші хатшылар менің мектепте жүрген кезімнен таныс, ісіме разы кісілер болатын. Сондықтан мені мектепке вожатый етіп жіберді. Өзімді көрсететін кезім басталды. Пионер жұмысына деген қызығушылығым жақсы істерді ұйымдастыруға жетеледі.
Бұл кезде мектебімізге директор болып, Ұлы Отан соғысының ардагері Бекенов Зикен ағай келген. Өте іскер , талапшыл, сұсы басым, басқа басшылардай онда-мұнда бара бермейтін, жұмысты кабинетте отырып басқаратын, түсі де, тұлғасы да келіскен біртуар азамат деседе болатындай. Әрбір ісімізге лайықты бағасын беретін әділ, шыншыл бастық болды.
Мен вожатыйлықты пионер бөлмесін жабдықтаудан бастадым. Пионерлердің жасаған жұмысын бөлмеге ұйымдастыруға тырыстым. Әр сыныптың отряд вожатыйларына, дружина советінің күнделікті істеген жұмыстарын күнделікке түсіріп отыруды үйреттім. Сол кезде соғысқа кетіп, қайтып оралмағандарды іздестірдік, яғни «Қызыл ізшілдер» тобы жұмыс істеді. Бұл кісілердің суреттерін үйлеріне барып, суретке түсіріп алдық, суреті жоқтардың аты -жөнін жазып алдық. Нәтижесінде үлкен «Ер есімі-ел есінде» деген стенд жасадық.
Оқушыларға патриоттық тәрбие беру үшін соғыстан келген ағаларымызбен үнемі кездесу өткізіп отырдық. Еңбек ардагерлерімен, механизаторлармен, еңбек озатарымен кездесу өткізіп, олардың құрмет тақталарын жасадық. Осындай ізгі жұмыстар әрине пионерлердің күшімен жасалды. Өкінішке орай директор мені 1969 жылдан бастап бастауыш сыныпқа мұғалім етіп жіберді. Ол кезде де мен абыроймен жұмыс істедім. Директор ағай әр сабағымызға қатысып, өзімен бірге пән мұғалімдерін қатыстырып, сабағымызға талдау жасап, жақсылығымызды мақтап, дұрыс емес жерлерімізді ескерту жасап, бізді қатты ширатты.
Сол жылдары Жамбылдағы педагогикалық институтының математика бөліміне оқуға түстім. 1973 жылы диплом алып, математика пәнінің мұғалімі болдым. Қай жерде жұмыс істесем де алдыңғы қатарда жүрдім.
Келін болып түскеннен кейін жолдасымның ата-анасының мектептің алғашқы ұстаздары екенін білдім.
Атам Есмаханов Әбен ескіше хат таныған, кейіннен колхоздағы бастауыш мектептен білім алған кісі екен. Ол кісінің құжаттары сақталған. 1934 жылдан Киров колхозындағы мектепте мұғалім болғаны, 1935 жылы Ленин атындағы мектепке пионер вожатый, комсомол ұйымының хатшысы болғаны, 1939-шы, 1940 жылдары Каганович мектебінде істегені, сонымен бірге 1941 жылы В.И.Ленин атындағы мектепте жұмыс істегені, Жайылма ауылындағы бастауыш мектепте шала сауаттыларды сауаттандыру үшін сабақ бергені, 1940 жылы партия мүшесіне өту үшін алған рекомендациясы барлығы үйде сақталған.
Ересектерге сабақ бергенін менің анам Зағипа, жеңгем Тиыштықтар айтып отыратын. Ал Дөкеева Рыскүл деген жеңгем ол кісінің «Қызыл әскер» деген өлеңді қалай тақпақтап айтуды үйреткенін, мектепке ата-аналар жиналысына келгенде оқушыларға өте жігерлі қимыл қозғалыспен көрсететін. Атамыз Оңтүстік Қазақстан облысында, яғни Шымкентте білімін көтеруге барғаны туралы да құжаттары, суреттері сақталған.
Жайылмадағы Баймаханов Адамбай ағамызға сабақ берген екен. Ол кісі: «аталарың өте өткір, шешен, сырбаз, білімді кісі болатын» деп бізге айтып берген.
1941 жылы Ұлы Отан соғысына кеткен, 6 айға дейін хат келіп тұрған, ол хаттарда үйде сақтаулы соңғы хаты 1941 жылдың қазан айында келген, жарақаттанып госпитальға түскен. Содан хабарсыз, іздестіру шаралары нәтижесін бермеді.
Жолдасымның анасы Жакина Рақыш та осы мектепте оқыған, осы мектепте ұстаздық еткен, ол кісінің де құжаттары, бұйрықтары, Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтты бітіргені туралы қағаздары үйде сақтаулы. Бұл апай бастауыш сыныпқа сабақ берген екен. Асанәлі Әшімов ағамызды, Пернебай Дүйсенбинді, Сембин Болатты, Дүйсенбина Мерекені, Өміртаева Рымкүлді, Сармолдаев Өтелбайды, Түсенов Октябрьді, Сағындықов Амантұрдыны бастауышта оқытқан екен. Олардың әрқайсысы да біздерге апамыздың жазу үлгісінің өте керемет екенін, оқушылардың сабақты жақсы оқығанын, өте сұлу, мейірімді болғанын айтып беретін. Өзім де ол кісімен 17 жыл бірге өмір сүрдім. Апамда ашу деген болмайтын, біз немерелеріне дауыс шығарып айқайласақ бізге ренжитін. Өмірінің соңғы кезінде «Калинин» атындағы совхоздың балалар бақшасында жұмыс істеп зейнетке шықты. Ол кісімен қызметтес болғандар өте жақсы көреді екен. «Ата-анаңның көзін көрген өлмесін» деген қағиданы сол кісілер айтқан естелік арқылы құнын жоймайтын қағида деп есептеймін.
Бұл кісілердің құжаттары бойынша Абай атындағы Алматы педагогикалық институтының ректоры Мәлік Ғабдуллин, проректоры Т.Құлахметов, Жамбыл облыстық кадр бөлімінің бастығы Исаев, Сарысу аудандық кадр бөлімінің бастығы Азаматов, Мұсабаев, Каганович (қазіргі Байқадам) мектебінің директоры Үсенбаев Базарбай, аудандық оқу бөлімінің басшысы Жылқышиев, Жылқыбаев, Жорабеков, Жолдыбаев, Оспанов, Ленин орталау мектебінің директоры Азаматов, Ақшолақов, сырттай оқу бөлімінің директоры Өсербаев. Рекомендация берушілер аудандық мемлекеттік банкісінің бастығы, аудандық оқу бөлімінің бастығы Мұхамбетжанов Әуелбек, аудандық атқару комитетінің орынбасары Жылқыбаев, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Жүнісбеков, Ленин мектебінің директоры Бөпежанов Қаһарман, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Жұмаділов, Баймұратов, Жұмабаев, Баймбетов, Шүленбаев, Хамзин, Ленин мектебінің директоры 1940 жылы Жақыпов Көшей, Сембин Донда сияқты сол кезде ауданымыздың оқу-тәрбие жұмысында қызмет еткен біршама адамдардың есімін көруге болады.
Сонымен бірге Алматы мемлекеттік педагогикалық және мұғалімдер институтының (Абай атындағы) сырттай бөлімінің жыл сайын оқуға шақырған бұйрықтарының көшірмелерін кездестіруге болады.
Міне мен осындай мұғалімдер отбасына келгеніме қуандым. Өзімнің ұстаздықты жанымдай жақсы көруіме сәйкес жолдасым да сол кезде бастауыш сыныптарға сабақ беріп жүр екен.
«Аңшының ашуына, мылтықтың басуы» дегендей екеуміз мектептің бүкіл қоғамдық жұмыстарына аянбай араластық. Мектепке жыл сайын жоғары оқу орнын бітіріп мұғалімдер келіп жұмыс істеп жатты. Кейбіреулері уақытша, кейбіреулері орнығып қалды. Әр жас маман келген сайын мектепке үлкен жаңалық алып келетін. Оқушыларға би үйрету, әдеби кештер өткізу, оқырмандар конференциясы, жазушылардың шығармаларына байланысты талдау жасау сияқты сан түрлі істер толассыз жүріп жататын.
Біздің алдымызда бізге жол көрсетіп жүрген үлкен аға ұстаздарымыз үлкен команда еді. Ол кісілердің әрқайсысына тоқталса, айтып тауыса алмайсың.
Сушин Ібіжан, Байдаулетов Ілияс, Бөлегенов Әбілда, Ілиясова Мағрипа, Ілиясова Гүлжаухар, Шатаев Әубәкір, Мұсабаев Насурла, Молдабеков Аралбай, Ермекбаев Киміл, Зетов Байдаулет, Жұмаділова Үміт, Жұмаділова Жаңагүл, Ерғараев Ынтымақ, Жүнісбеков Ошақбай, Жақыпова Әуес, Қуандықов Сейдан, Ұзынғазиев Сайлау, Ержанов Сайлау, Бұқпанов Берген сияқты ( кейбіреулері еске түспей жатса кешірім сұраймын) аға буын өкілдеріне дән ризамын.
Айтары бар, байқары бар осындай ағалармен, апайлармен жұмыс істеу бақыты бұйырғаны үшін біз ол кісілерге қарыздармыз. Мұғалімдердің үлкен толқыны жыл сайын ортамызды толтыра берді.
Одан кейін өзімізбен қатар келіп, бірге еңбек жолын бастаған әріптестеріміз шетінен сен тұр, мен атайын еді. Жұмысқа оң иығын беріп тұратын. Күнделікті сабақтарын үлкен дайындықпен өткізе отырып, мектептің қоғамдық өміріне атсалысатындарды көптеп санауға болады.
Аға буын ұстаздардан кейінгі орта буын ұстаздар Исаев Іздаш, Қосақбаев Жарқынбек, Уызбаев Жаңатілеу, Есмаханов Аманкелді, Дүйсенбаев Берікбай, Серікова Аман, Дондаева Нұрбибі, Белгібаева Бәтима бастаған топ мектепте драма үйірмесін ашып «Беу, қыздар-ай» комедиялы спектакльді ауыл-ауылға, аудан орталықтарына апарып қойды. Сол жылдары бұлар үлкен марапатқа ие болып, облыстық драма театрында спектакльден көріністер біраз жыл ілініп тұрды. Бұлардың осынау жанқиярлық жұмысына Ерғараев Ынтымақ ағай да оқытушылардан домбырашылар үйірмесін ұйымдастырып, концерт дайындап, оркестрмен бірнеше күй шығарып бірге жүрді.
Алдымыздағы аға буын, орта буын аға-апаларымыздың бұл жұмыстары мектебіміздің мәртебесін көтеріп отырды. Осы орайда мен өз жолдасым Есмаханов Аманкелдінің істерін айта кеткім келеді.
Бұл кісінің мамандығы тарихшы. Бірақ ұсталығы басым, сондықтан мектеп шеберханасында еңбек етті. Балаларды еңбекке баулу арқылы мектептегі кабинеттерді жабдықтау, мектеп ауласына көгалдандыру жұмыстарын, мектеп ауласын таза ұстау сияқты тірліктің бәрі қолынан өтті. Мектеп кәсіподақ ұйымын басқарды, мектеп мұғалімдері арасында саяси сабақ жүргізді, бастауыш сыныпқа да сабақ берді. Қай жерде жүрсе де абыройлы болды. Үй ішінде үлкен кісілерге де көмектесті. Үйіміздің маңайын гүлдендірді. Балаларымызды еңбекке тәрбиеледі. Кітап оқуды, сурет салуды, домбыра тартуды балаларына үйретті. Шахмат ойнау, суретке түсіріп шығару, табиғат аясына саяхат жасауды әдетке айналдырды. Мектеп оқушыларын Мәскеуге, Самарқанға, Түркістанға апарды. Аулымыздың көрікті жерлерін таныстыру, балалардың табиғатқа қызығушылығын оятуды алдына міндет етіп қойды. Ол кезде мұндай істерді жасау әжептеуір қиындық туғызатын. Керекті заттарды табу да оңай емес еді, бірақ қалаға барып, іздеп ойға алған тірліктерін іске асыратын. Ерінбейтін, ізденгіш, жаңалыққа жаны құмар. Оқушыларды саяхатқа апарып, сол жаққа қондырып, түнгі табиғат көрінісін тамашалау, сол жердегі құстар мен аңдардың тіршілігін балалармен бірге тамашалаудан рақат табатын. Қолөнермен айналысу бос уақытында түрлі мебельдер жасау, үйге керекті дәрі салғыш, телефон қойғыш, майда -шүйде заттарды салатын қораптарды сыйлық ретінде жасайтын.
Жолдасым, Бауыржан Момышұлын қатты құрметтейді, ол кісі туралы шыққан бүкіл шығармалармен, кітаптармен таныс, бәрін ( әрине қолына түскендерін) оқып шықты. Қазірде үйде кітапханасында бұл кітаптар, Шерханның, Әбіш Кекілбайдың, Ілияс Есенберлиннің, Бауыржан Момышұлының, өзіміздің жерлес жазушыларымыз Қали Сәрсенбайдың, Болатбек Төлепбергеннің Пернебай Дүйсенбиннің кітаптары тізіліп тұр.
Бұл кісінің Бауыржан Момышұлының суретін ағашқа ойып жасаған бейнесі Жуалы ауданындағы Б.Момышұлының музейінде сақталып тұр. Үйде де төрімізде ілулі тұр.
Мені алғаш қоғамдық өмірге тәрбиелеген, адалдыққа, шыншылдыққа, өжеттікке үйреткен, балаларымызды парасаттылыққа, адамгершілікке, кішіпейілділікке тәрбиелеген ұстазымыз десек те болады.
Әкесі ұстаз, шешесі ұстаз ел аузындағы кісілерден осындай ұрпақ болуы заңды сияқты. Өз балаларымыз да әкесі сияқты кісінің ала жібін аттамайтын, тәрбиелі ұрпақ болатынына сенімдімін. Ағайымыз алдағы жылы 85 жасқа толады. Бұл азаматымыз бізге өмірлік айнымас тәрбиенің бұлағы. Осындай азаматқа жолыққаным үшін бақыттымын.
Бұл кісі де өзіне лайық марапаттаулары баршылық. Бұрынғы партия мүшесі, Халық ағарту ісінің үздігі, аудандық, облыстық құрмет тақталарында суреттері ілінген. Мәскеуден, республикадан, облыстан, ауданнан алған марапаттары бар.
Бұл мектеп өмірі туралы алғашқы жазбамның басы, жалғасын жаза беремін. Қасиетті қара шаңырағымыз үйімізден кейінгі Әйтеке би орта мектебі . Бұл мектеп біздің өміріміз. Мен 40 жыл, жолдасым 45 жыл еңбек еткен алтын ордамыз. Әлі де жазарым, айтарым кейінгі әріптестерім туралы сырымды енді бастаймын.
Балкүл Шардарбек, ардагер ұстаз,
Қазақстан Республикасының халық ағарту
ісінің озық қызметкері