Сағынышым жырыма қанат берген

0

Жарқын Қоңырбайқызы Өтешова 1956 жылы 17 қаңтар күні Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылында дүниеге келген.
Ақтоғай ауылындағы орта мектептің табалдырығын 1963 жылы аттап, 1973 жылы орта мектепті үздік бағалармен аяқтайды.
Арманы асқақ ару Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының жаратылыстану факультетінде 1974‑1980 жылдары білім алады.
Еңбек жолын Ақтау қаласындағы № 11 мектепте мұғалім және директордың орынбасары болып бастап, 1988 жылға дейін сол білім ошағында оқушыларды білім нәрімен сусындатады.
1988 жылдан Москвадағы » Қазақ тілі «қоғамын басқарып, қазақ диаспорасында қызмет жасады. Москвадағы қазақ балаларын қазақ тіліне баулу үшін 2007 жылы Қызылордадағы Қорқыт -Ата университетінің филология факультетін сырттай оқып 50 жасында бітірді. Москвадағы Қазақ диаспорасындағы әлеуметтік мәселелерді көтере жүріп, осы тақырыпта өлеңдер жинағы мен прозалық тақырыпта бірнеше кітаптар шығарды. 2008 жылдан осы күнге дейін Москвадағы «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттерді колдау » Астана» Қорының президенті. ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық Жазушылар қоғамы мүшесі, ҚР Ұлттық «Ана тілі» газетінің Ресейдегі меншікті тілшісі.
Маңызды кітаптары мен шығармалары
«Сағынышым жырыма қанат берген» (2007)
«Мәскеу: Өмір өзен» (2010)
Жазушы, ақын ретінде әдеби шығармалар жазған.
Ерекше назар аударатын жайттар
• Мәскеуде тұрып, қазақ мәдениетін насихаттаушы тұлға.
• Қазақ диаспорасының бірігуі мен тіл мәселесін жиі көтеріп жүрген белсенді.
• Қазақ тілі мен әдебиетін үйрету ісінде үлкен үлес қосқан.

 

АНАМ МЕНІҢ

Анам, Жаңаарқада, 1920 жылы, октябрь айында дүниеге келіпті. Тама руы, Төлеген ұрпағы. Нағашыларым ақын жанды, әнші, музыкант, қол өнер шебері, ұста, жүйрікті баптай білетін жандар болған. Сарқырап аққан тау өзенінің бірі арғы бетінде сырнай тартса, бірі бергі бетінен ән салып қосылады екен. Төрелер мен билердің атын бәйгеге бірі баптап қосса, бірі ер тоқым жүгенін күмістеп жасап отырған. Балуан да болған. 90 жасқа келген бір қойды, бір өзі жеп, талай балуанның жамбасын жерге тигізген Батыр атам, нағашымды, ол кісінің анасы, Батыр әжемді өзім көрдім. Батыр атамның есімі Зікрия болатын. Әжемнің атын білмедім ( Ол кісіні неге Батыр әже деп атағанын сұрамаппын). Баламыз ғой. 7-8 жастағы. Жастығының астынан қылшық- қылшық мәмфаси мен құртын шақырып алып беретін. Сол, кезде: » И, и, и,… Жұрағатым ! деп, маңдайымнан иіскейтін. Беу, дүние-ай, бүгінде оларды білетін, еске алатындарда қалмады. Өзімнің нағашы атамды көрмедім. Өте жақсы кісі болған дейді. Арабша сауатты. Небір сырты терімен қапталып, жиегі күміспен апталған кітаптар жинаған екен. Соны нағашы әжем айтатын 1932 ашаршылық жылы Арқадан Шуға қарай ауғанда, бір сандық бағалы кітапты Бетпақдалаға көміп кеттік деп. Солай оны іздеген жан болмады. Балапан тұсымен, әркім өз басымен болып кеткен заман болды. Әжем ол кітаптар қасына неше уақыт жинаған соғымның бас сүйектері мен кәрі жіліктерді де бір қап көміпті. Жалғыз ұлы Әбіш атам, анамның жалғыз ағасы. Анасының сөзін жерге қалдырмай шамасы жеткен жерге дейін, сол сүйектерді арқалап келген екен. Әжем сондай пірадар, діншіл кісі болған. Әжем туралы өз алдына бір дастан жазуға болады. Ол әлі жазылар. Әңгіме, жыр, ертегі айтуға шебер әжемнен менің осы жазуға жақындығым қалыптасты. Жатқан жерлерің жұмақ болсын, менің асыл нағашыларым. Осындай ортада туып- өскен анам, 1930 жылдары қазіргі Таразға, Крупская атындағы мектепке келіп оқиды. Бір топ қыздарды, сол кезде Ораз Жандос Ташкенттегі САГУ дың рабочий факультетінің тігіншілер бөліміне оқуға апарады.Анам үздік оқып, математикадан алдына жан салмайтын оқушы болған. САГУ дың рабфакда сол кезде бар қазақтың (қазақ энциклопедиясындағы) зиялысы сабақ берген. Содан болар анам тігінші мамандығын керемет меңгергенімен қатар физика, математика, биология, химия, тарих пәндерін, неміс тілін жақсы білген. Ташкенттің тігін фабрикасында жасамаймын деп, анам комсомол билетін тапсырып,мектепке мұғалім болып келіпті. Бәрі алдыңдағы ұстазыңа байланысты дейтін анам. Қара партада отырғанда, нені меңгересің өмірде соның жемісін көресің деуші еді, асылым! Мектепте қырық жыл, сабақ берді. Математика, химия, биология, неміс тілі пәндерінен сабақ оқытты. Неміс түгілі бір орысы жоқ Қаратаудың жоталары ортасына орналасқан ұзыннан созылған бір көшесі бар Ақтоғай ауылында, кейіннен, Бетпақтың шетіндегі Жайлаукөл совхозында ұстаздық етті. Бір әулеттен үш ұрпаққа сабақ берген екен. Математиканы өте жақсы білетін. Алматы қаласында қазақ балаларына арнап, бес мектеп ашқан, баласы Әбдімажит Өтеш, білім саласының белгілі маманы, жетекші математик, отыз жылдан астам мектеп директоры болып, өкіметтің ең жоғарғы Құрмет белгісі орденін алғанда, арманым жоқ, мен жасай алмағанды сен жасадың балам, деп қуанған еді. Жеті баласының бесеуі мұғалім, күйеу бала, келіндері, немерелері мұғалім. Төрт немересі, немере келіндері, шөбере келіндері мұғалім болып елге қызмет етуде. Сарысу ауданынан САГУ ды бітіріп келген, қызыл дипломға, Сарысудың саңлақ қызы бүгін 105 келеді екен. Артына сансыз шәкірттер қалдырып, үлкен Педагогтар династиясының басы болған анашым, жұмақтан болсын орының. Мұғалім болыңдар, мұғалім ең таза, адал қызмет дейтін. Алдыңда отырған пәк баладан ештеме алдап алмайсың, оны алдап өтірік айтпайсың деуші еді. Мұғалім болып табалдырық аттаған да, әр баланың қасында менің анам тұрғандай болатын. Сабаққа дайындалмай келме, бала өседі, сонда оның сұрауы сенен дейтін. 90 жастан асып, далаға шыға алмай қалғанда да, үлкен қызметтегі шәкірттері ақ бастарын иіп сәлем беруге келетін. Бұл анамның халықтан алған құрметі еді. Белгілі ақын, жазушы, композитор, суретші ағамыз Илья Жақанов талай ат басын бұрып келіп, сәлем беретін. Сізге келсем, жолым ашылады деп. Атақты Асаналі ағамыз, анамның оқушысы болмасада сәлем беріп кететін, жолы түскенде.Кеше бауырым, марқұм Әбдімажит Өтештің, Мәулен деген оқушысы, жып — жылы ұстазы жайлы естелік жазыпты. Жүрегім жылуға толды. Уақыт өтсе де, ұстазын ұмытпай еске алатын шәкірттер , жақсы азаматтар артында қалдырған, анам мен бауырымның пейіште нұры шалқысын! Бауырымды еске алып, жекеме хат жазып тұратын шәкірттері қаншама. Бәріне алғысым зор! Ә. Өтештің ұстазы анам Күлжан Тайкеш қызының еңбегі, әлі талай ұрпаққа жетері анық. Анашым, анашым, ұстазым, жұмақтан болсын, орының!

Жарқын ӨТЕШОВА,
Мәскеу қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.