Кітапханашы болу бір бақыт

0

«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана- мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды»,-деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кітапханашылардың ішінде ерекше көзге түсіп, өз мамандығының шебері атанған, жастарды кітап оқуға, талмай ізденуге бағыт-бағдар беріп жүрген кітапханашылардың бірі-Аяулым Жамбылқызы Досаева жайлы мереке қарсаңында басылым бетінде жариялауды жөн санадық.
Аяулым Жамбылқызы 1990 жылы қаһарлы қыс мезгілінің 25 желтоқсанында Игілік ауылында дүние есігін ашқан.
1996 жылы ауылдағы білім ордасы Шоқай датқа атындағы орта мектебінің табалдырығын имене аттаған балауса қыз мектептегі үздік оқушылардың қатарында болды. Білім ордасында ұйымдастырылатын әр түрлі байқаулардың, сайыстардың бел ортасында жүрді. Кітап оқуға деген қызығушылығы сол жылдары оянған болатын. 2007 жылы Шоқай датқа атындағы орта мектебін бітіріп, Тараз қаласындағы М.Х Дулати атындағы көпсалалы колледжін «Кітапхана ісі» бойынша оқып, кейін білімін жоғарылату мақсатында 2011 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін “Кітапхана ісі” мамандығы бойынша тәмамдаған. Біліктілігі- кітапханашы.
Дипломын қолына алған жас маман еңбек жолын 2013 жылы кітапхана саласында бастап, осы салада үздіксіз еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары қызметін атқаруда. Жалпы еңбек өтілі-15 жыл болса, соның ішінде мәдениет саласында-12 жыл.
Аяулым Досаева әрбір кітапханада өткізілетін іс-шараларға зейін салып, көпшілік оқырмандармен жаксы қарым-қатынас орната отырып, әрбір оқырманның кітапханаға қызығушылығын арттырып, кітапхананың жұмысын жақсы деңгейге жеткізген кітапханашылардың қатарында. Кітапханадағы шараларға мектеп оқушыларын арнайы шақырып ұлағатты біліммен, елін, жерін сүюге, елінің патриоты болуға бағыт-бағдар беріп отырады.
Еңбек жолындағы кәсіби қызметі мен белсенділігі ескеріліп, түрлі деңгейдегі марапаттар мен Алғыс хаттарға ие болған. Атап айтар болсақ, 25 қазан — Республика күні мерекесіне орай Сарысу ауданы әкімінің Құрмет грамотасы,
Тәуелсіздік күніне орай Жаңаталап ауылдық округі әкімінің Құрмет грамотасы, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаты, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының Алғыс хаттарымен марапатталған. Облыс, аудан көлемінде ұйымдастырылған байқаулардан да қанжығасы бос қайтпаған. «Сезім болып төгілген жібек жырлар» атты облыстық байқаудың Бас жүлде иегері атанса, сол аттас аудандық байқауда І дәрежелі диплом; «Жыл маманы-2022» облыстық байқауында ІІ дәрежелі диплом; «Саусақ ұшындағы инклюзия» облыстық байқауында ІІІ дәрежелі диплом; «Шерхан оқулары» аудандық байқауында ІІІ дәрежелі диплом; «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлері» аудандық байқауында ІІ дәрежелі диплом; «Поэзия әлемінде» аудандық байқауда ІІІ дәрежелі дипломдардың иегері атанған.
Қоғамдық өмірге белсенді қатысып, жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, мәдени мұраны сақтау және рухани құндылықтарды насихаттау жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан кітапханашылардың жұмыстарына табыстар тілейміз.

Камели Сүлейменова,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.