Адамды адам еткен- кітап, адамзат еткен- кітапхана.

0

Кітап оқитын ұлттың руханияты да, мәдениеті мен әдебиеті де берік болары сөзсіз. Адамзатты игілікке бастайтын, ақыл-ойдың тамыршысы кітапқа деген қоғамның құрметі де әрқашан биік болмақ. Осы ретте рухани ордаға баланған кітапханалар мен олардың шырақшысына айналған кітапханашылардың рөлі басым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапханалар мен кітапханашылардың жағдайына, заманауи сапасына, ақылды ұлт қалыптастыру жолындағы жоспарына ерекше маңыз қойып, тоқталып отыр. Бұл мерекелік дата кітапханалардың жұмысын жандандырып, сала мамандарының беделін арттыру мақсатында бекітілген еді.

«Әділетті Қазақстан-Адал азамат» ұлттық құрылтайының екінші отырысында Мемлекет басшысы: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел ғана ақылды ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын оятуымыз керек»,-деп атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп отырған кітапханалар мен кітапханашылардың жағдайына ерекше назар аударады. Бұған Қазақстанда Үкіметтің қаулысымен бекітілген-Кітапханашылар күні дәлел бола алады. Елімізде 11 мыңға жуық кітапхана болса, ауданда 26 кітапхана жұмыс істейді. Олардың штатында 63-тен астам адам бар, кітап қоры 454998 данадан асты.
Мереке қарсаңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Айтбала Абухасқызы Жолмахановамен хабарласып, келе жатқан мерекесімен құттықтап, газет бетінде жариялауға еңбегімен ерекшеленіп жүрген кітапханашыларды оқырмандарға таныстырып, газет бетінде жариялайық деген ұсынысымызды айтқан болатынбыз. Бұл ұсынысымызды қуана қабылдаған директор:
-Біздің кітапханашыларымыз бірінен-бірі өткен еңбекқор. Біздің кітапханашылардың еңбегіне өздеріңіз куә болып жүрсіздер. Олар өткізілетін әрбір іс-шараға мұқият, жан-жақты ізденіп дайындалады. Бір жазушының немесе ақынның кешін өткізетін болсақ, олар жайлы жазылған шығармалармен танысып, жарық көрген кітаптарына шолу жасайды. Сонымен қатар, кейіпкерлері жайлы көпшіліктің алдында жаңылыспай, саспай айтып беруге тырысады. Қай мереке болсын, кітапханашылардың үлесі зор. Кітапханада бірі көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан, бірі аз жылдардың ішінде білімділігімен, ізденімпаздығымен көзге түскен кітапханашыларды газет бетінде жарияласаңыздар болады,-деді. Міне, кітапханалар жүйесінің директоры ұсынған кітапханашылардың еңбегімен оқырмандарды да таныстыруды жөн көрдік.
Аудандағы кітапхана ісіне өз өмірінің бөлшегін арнап, әл-қадірінше абыройлы қызмет атқарып жүрген, еңбегімен оқырмандарына таныла білген жан Ақжарқын Серікбайқызы Жанжолова.
Ақжарқын Серікбайқызы 1972 жылдың 25 қыркүйегінде Жайылма ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Жайылма ауылындағы орта мектепке қабылданып, 1989 жылы мектепті үздік бағалармен аяқтап шығады.
1992 жылы Жамбыл педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1995 жылы тәмамдайды.
Кейіннен, 2015 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне (ЖенПИ) оқуға түсіп, 2017 жылы «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алады.
1999 жылдан 2015 жылға дейін Жайылма ауылындағы балабақшада тәрбиеші болып қызмет атқарды. 2015 жылдан бастап осы күнге дейін Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің аудандық кітапханада кітапхана қызметкері болып еңбек етіп келеді.
Көпжылдық еңбегі мен мәдениет саласына қосқан үлесі ескеріліп, 2024 жылы Кітапханашы күні мерекесіне орай Сарысу ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Өз ісіне жауапкершілікпен қарайды, оқырманмен жұмыс жасауда мол тәжірибеге ие. Кітапхананың мәдени және ағартушылық бағыттағы іс-шараларына белсене қатысады.
Ақжарқын Серікбайқызы, өз мамандығының шебері екенін ауыз толтырып айтуға болады. Ол кісі қызмет атқарған жылдарда өз білімін шыңдай отырып аудандағы тәжірибелік кеңестерде, аудан бойынша өткізілген кітапханашылар байкауына белсене қатысып, биік-биік шыңдардан көріне білді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.