Спорт-бұл қозғалыс, денсаулық, өмір.
Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Ата-бабамыз «Тәні саудың-жаны сау»-деп бекер айтпаған. Салауатты өмір сүру дегеніміз-тазалық сақтап, дене тәрбиесі және спортпен шұғылдану. Қазіргі уақытты өткен кезеңмен салыстыра алмаймыз, себебі уақыт өте көптеген өзгерістер өмірге енді. Тіпті бала тәрбиесіне жаңаша көзқараспен қараймыз. Қазіргі таңда қоғамдағы жат қылықтар жастарға кері әсерін тигізуде. Жастар арасында темекіге, ішімдікке еліктеушілік, тіпті нашақұмарлық та өршіп бара жатқандай. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда дене тәрбиесінің маңызы зор. Жастарды болашақтың тірегі болатын, денсаулығы мықты азамат ретінде қалыптастыру керек. Жастардың жан-жақты дамуын спортсыз елестету мүмкін емес. Спорт-барлық тәрбие атауының бір саласы. Оның түп негізі-қозғалыссыз тіршілік болмақ емес. Спорт жаттығуларын жүйеге түсіріп белсенді бір мақсатқа бағыттаса, оның берері көп. Бірінші байлық-денсаулық деген, ал сол денсаулықтың кепілі спорт. Салауатты өмір сүрмей тұрып, өмірге қажетті нәрсені ала алмайсың. Адам баласы жарасымды тұрмыс құрып, үйлесімді дамуы үшін біздің ауданда жағдай жасалған. Спорттың барлық түрімен айналысуға болады.
Оқушыларды спортқа, шапшаңдыққа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Балалар шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен «Біз спортты сүйеміз» атты аудандық ұжымдық эстафеталық ойындар жарысы өткізілді. Жарысқа ауданның қосымша білім беру мекемелерінің командалары қатысты. Атап айтар болсақ, Балалар шығармашылық орталығының «Найзағай», балалар-жасөспірімдер орталығының «Сұңқар», Жаңатас аула клубының «Жас қыран», техникалық шығармашылық орталығының «Қыран», Саудакент ауылдық аула клубының «Жебе», Жаңатас қалалық өнер мектебінің «Жалын» командалары бақтарын сынады.
Жарыста спорт ардагері Баянбек Жетпісбаев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Нұркелді Алашбаев, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұржан Айнеков, бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Айберген Ниязов, білім бөлімінің әдіскері Гүлмира Күленова әділ-қазылық етіп, жас спортшылардың еңбегін бағалады.
Сайыста командалар-эстафета таяқшамен жүгіру, допты кедергілер арасынан өткізу, секіртпемен жүгіру, мергендер сайысы, допты сеткаға салу, қаппен жүгіру, «Кім жылдам допты алады?», капитандар сайысы «Ләңгі» тебу, арқан тарту-тоғыз шарт бойынша жарысқа түсті.
Барлық командалар өздерінің ұйымшылдығы, жігері және алға ұмтылысы арқылы жарысқа белсенді қатысты. Жарыс нәтижесінде 1-орынды балалар шығармашылық орталығының «Найзағай» командасы, 2-орынды балалар-жасөспірімдер орталығы мен Саудакент ауылдық аула клубы өзара бөліссе, 3-орынды Жаңатас қалалық аула клубы иеленді.
Сонымен қатар, техникалық шығармашылық орталығы мен Жаңатас өнер мектебі Алғыс хатпен, ал барлық қатысқан командалар сыйлықтар және медальдармен марапатталды.
Жарыс барлық қатысушыларға ұмытылмас әсер қалдырып, балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға, ұйымшылдық пен ынтымақтастыққа баулыды.
Камели СҮЛЕЙМЕНОВА,
«Sarysý»