Сарысу ауданындағы Әйтеке би атындағы мектепке — 90 жыл
Осы күнгі Сарысу ауданының негізгі тұрғындарының ата-бабалары мен көне көздері бұдан алпыс жылдай бұрын, қыс қыстайтын мекені бойы Іргежал, Шу, Мойынқұм болса, жаз жайлайтын жайлауы Арқадағы Сарысу өзенінің бойы болатын. Сондықтан да олардың көктем шыға-ақ, Бетпақтағы қақ, жаңбыр суларын пайдалана отырып, кең өрісті Арқа алабын бетке алатын көшпелі дәстүрі болатын.
Сарысу ауданы Қазан төңкерісіне дейін рулық жікке қарай бөлінген тоғыз болыс ел болған-ды. Олар: Ақжар, Шонай, Шу, Сераң, Қарақыз, Көктас, Қосағалы Сарыкөл,Мұңлы болыстары болып, Ақмола уезіне қараған екен. Кейініректе олар іріленіп, Сарыкөл, Көктас, Мұңлы, Қарақыз болыстарына бірікті.
1922 жылы бұл болыстар Шымкент уезіне қаратылды. Елді отырықшыландыру жүргізіле бастады. Арқа жақтағы біраз елді 1922 жылдың өзінде-ақ Талас өзенінің бойына көшіріп әкелді.Алайда отырықшылық тірлікке бірден бауыр баса алмаған жұрт көктем шыға Сарыарқаға қайта көшіп кеткен екен.Кеңес өкіметін осы өңірде 1925 жылға дейін толық орнату аса қиындық келтірді.
1928 жылы «Қазақстанды аудандастыру туралы» қаулы шығысымен, артынша үкіметтің «Қазақстанда көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарды белгілеу туралы» арнайы қаулысы жарияланды. 1928 жылы құрылған Сарысу ауданы Сырдария округына қаратылды. Бірақ көшпелі аудан болғандықтан бұл ауданды бір орталықтан басқару ісі қиындап кетті. 1931 жылы республикадағы округтардың облыс болып қайта құрылуына байланысты ол бұрынғы Петропавл облысының құрамына берілді. 1932 жылы Петропавлдан бөлінген Қарағанды облысының құрамына енді. Ал 1933 жылы Сарысу ауданы тұрғындарының басым көпшілігінің Саудакент аймағына тұрақты қоныс аударуына байланысты Оңтүстік Қазақстан облысына қосылды. 1939 жылы Жамбыл облысының құрылуына орай Сарысу ауданы осы облыстың құрамында қалдырылды.
Отызыншы жылдарда басталған әпербақандық саясат — «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» секілді ұрдажық ұранның салдары халыққа тиді. Халық күнкөріс көзінен, малынан айырылды. Елде аштық басталды. Арқадан, Шудан шұбыра көшкен жұрттың қырылудан аман қалған бөлігі Талас өңіріне, Саудакент төңірегіне сәуірдің басында жетті. Жолға шыққан 6 мыңдай отбасының 2 мыңдайы ғана шаңырақ көлеміндегі адамдар арып-ашып келген-ді. Мұнда келгенде де аштан өлу қарқыны толастаған жоқ. Әнжемді, әлділері Түркістан, Шымкент, Әулиеата, Өзбекстан, Қырғызстан, т.б. жақтарға ауа көшті. Саудакент төңірегінде Кеңес өкіметінің ықпалы 1924 жылдан бастап жүре бастаған еді. Әрі диқаншылықты, әрі мал шаруашылығын кәсіп етіп, Қаратау баурайын, өңірін, алабын мекендеген отырықшы елде алғашқы мектеп осы күні Жайылма жеріндегі Маятас елді мекенінде орналасқан Бабақұл молданың мешітінде ашылған болатын. Бұл бұрынғы Карл Маркс, бүгіндері Донда Сенбин атындағы мектептің бастау алуы 1926 жылы еді.
1927 жылы Саудакентте, Талдыбұлақта, Үшбаста бастауыш мектептер ашылды.
Осы күнгі Жайылма, Бәкен Серікбаев атындағы кооперативті шаруашылықтар отырған жерге Жаңа Жол, Қызыл Ту, Еңбек, Ленин, Интернационал, Киров, Чапаев, Жақсылық, Тілектес сияқты серіктестіктер орналасып, кейіннен колхоздарға топтастырылды. 1933–1935 жылдары Чапаев, Жақсылық, Киров, т.б. колхоздарда бастауыш мектептер ашылды. Сондай-ақ Қарақоға дейінгі жерде алғашқы бастауыш мектеп ашылып, оған жетекшілік болған азамат Байдәулетов Әбуғали еді.
1934 жылы күзде Шабақты өзенінің батысында Жақсылық, Тілектес колхозында ортақ бастауыш мектеп жұмыс істеді. Оның меңгерушілігіне Дәукен Алпысбаев бекітілген болатын. Чапаев атындағы колхоздағы мектепте Жакиев Мәмбет, Киров атындағы колхоздың мектебінде Нұрпейісов Шерен жетекшілік етті.
Сол кезде елімізде оқу білім беру мәселесі күн тәртібінде өткір қойылды. Сарысу ауданының тағдыры үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, ат үстінен түспей күн кешкен ауыл азаматы Ораз Жандосов сол кездегі «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1935 жылы 1 маусым күнгі санында үлкен мақала жариялады. Онда аудан болашағы, оның мүмкіншілігі туралы терең ой толғайды. «Жаңа аудан орталығы – Байқадамнан жеті жылдық мектеп ашып, бұл ауылға толық білімді мұғалімдер беру керек», – деп жазды. Осыған орай Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті тиісті шараларды жүзеге асыруды қолға алды.
1934 жылдың аяғына таман аудандық партия комитеті Байқадам орталығында және Жайылма өңірінде орталау мектептер салу туралы қаулы қабылдайды. Соған байланысты Жайылма маңындағы колхоздар біріге отырып, ерте көктемнен бастап, дайындық жұмыстарын жүргізеді. Ауылдағы жарамды азаматтар өгіз арбамен жиырма шақырымнан астам жердегі қалың нулы, жынысты Бестоғайдан ағаштар дайындайды. Қазоты бойынан қамыс шабады. Жазда жаңадан піскен егіннің сабанын қосып, «бірбасар» деп аталатын үлкен қалыппен кірпіш дайындау қызу қарқынмен жүргізілді. Ұзындығы 40 метрдей, ені 8 метрдей ескі мектеп үйінің қабырғасы қалана бастайды. Оның орналасқан жері өзге колхоздардан қатынап оқитын оқушыларға қолайлы болсын деп оянған, айналасы ашық Қарашұңқыр маңы таңдалды. Құрылыс жұмысы асар тәсілімен жүргізілді. Оның жалпы басшылығын тума шебер, атақты ұста Сәбденбек Есболовқа жүктелді. Кейінірек қосымша құрылыстар, мұғалімдерге арналған үйлер салынып іске қосылды. Сөйтіп бұл мектеп 1935 жылы сәуір тамыздың бел ортасынан ауған шақта толық аяқталып, есік-терезесі салынып, жаңа оқу жылының қарсы алар дайын тұрды. Оған Ленин есімі берілді де, сол жылы 1 қыркүйекте орталау мектеп болып, өз есігін оқушыларға айқара ашты.
Ол 1940 жылы тұңғыш рет орта мектепке айналдырылып, оның алғашқы түлегі 1943 жылы оқушыларын бірінші шығарды. Осы жылдар аралығында бұл мектепте Азаматов Өмір, Ақшолақов Елеубай, Жақыпов Көшей, Көшеков Сман, Мақашев Төкен, Нұрпейісов Әбдікей, Орақбаев Айтжан, Абдуллаев Бек, Ахметов Тілеген, Арынов Ібіжан, Сазанбаев Рақымбай, Шүленбаев Отжан секілді азаматтар түрлі деңгейдегі мектеп басшылары, оқу ісінің меңгерушілері болып қызмет атқарды.
Соғыстың ортасында елге жарақат алып оралған Донда Сенбин 14 жыл бойы осы мектепті басқарды. Кейінірек «Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алды.
Осы жылдары бұл мектепте аудан көлемінде танымал болған ұстаздар жемісті еңбек етті. Бүгінгі мынау яғни 2025 жылы 90 жасқа толғалы отырған күні солардың есімдерін құрметпен атап өтсек, артықтығы бола қоймас. Олар Сүшин Ібіжан, Есмаханбет Әбен, Исабекова Шәм, Жәкина Рақыш, Байдәулетов Әбуғали, Сәрсенбаева Рысжан, Бөлегенов Әбділа, Қадірова Манат, Кенжебеков Терлікбай, Байдәулетов Ілияс, Сұлтанбекова Рабиға, Сүлейменов Найманбай, Нұркенов Ынтымақ, Уланова Марина,Өткелбаева Күлжахан, Штрэгейм Мария, Бұқпанов Берген, Оленина Галина, Құлжабеков Ашықбек, Дүйсенбаев Төлеубек, Смайылов Ақтай, Лекеров Ескермес , Әбділдина Гүлбағдат, Ерғараев Ынтымақ , Мақажанов Қарғаш, Сармашев Жазықбай, Мұсатафин Хайдар, Үсенбаев Базарбай, Дүйсенбаев Жақып, Дүйсенбаев Өте, Сәрсенбаев Қошқар, Хамзина Ғарифа секілді ұстаздар. Өкінішке орай, осы аталған ұстаздардың барлығы бұл күнде бақилық болып кеткен. Ақ самайлы шәкірттері болып, біразын көзім көрген осынау азаматтардың атын мектеп мерекесі үстінде еске алғанның өзі – ғибратты іс.
Бұдан кейін 1957 жылдардан бастап мектепті Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Қаһарман Бөпежанов басқарды. Бұдан соң Нағашыбек Қалманбаев, Ошақбай Жүнісбеков, Зикен Бекенов, Кеңесбек Төлмағанбетов, Пернебай Дүйсенбин, Тұрған Жанәбіловтер басқарды. 1976 жылдан бастап Ленин атындағы орта мектеп оқушылары контингенті 800 оқушыдан 1238 оқушыға дейін өсті. 1981 жылдан қатарында мектеп оқушылары жаңа үлгімен салынған, жаңа құралдармен жабдықталған 1176 балалық мектепке көшірілді.
Бүгінгі таңда 90 жасқа толып отырған Әйтеке би (Ленин) атындағы орта мектептен небір білікті азаматтар, ғалымдар, өнер адамдары шыққандығын ерекше мақтаныш етіп айта аламыз. КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асанәлі Әшімов осы мектептен білім алды. Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, техника ғылымдарының докторы Өскенбай Аяпов, Социалистік Еңбек Ері, белгілі ұшқыш Асылбек Жасымбеков, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының бұрынғы басшысы, үшінші дәрежелі заң кеңесшісі Болат Сенбин, ғылым кандидаттары Қаршыға Төлегенов, Меруерт Мұсабаева, «Дарын» сыйлығының лауреаты, көптеген конкурстардың жеңімпазы, дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Жанпейісова, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ардақ Исатаева, Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың лауреаты Дариға Игенбаева, атақты биші Байдәулет Сазабеков, “Алаш”сыйлығының лауреаты Берік Шаханов, талантты журналистер Әбдуәли Әлиев, Қали Сәрсенбай, Жеңіс Шыныбеков, Темірлан Әбілдаев, Болатбек Төлепбергенов, Сәулет Есқараевтар – мектебіміздің мақтаныштары. Бұл қатардан көп жыл басшылық қызметтер атқарған, атқарып жүрген осы Ленин атындағы мектептің 1945 жылы алғаш бітірген алты түлектің бірі Алдаберген Сәрсенбаев, сондай-ақ Сайдалы Жайлауовтар есімдері мектеп мерейін биіктетері сөзсіз. Орта мектеп болғаны бері мектебіміздің 40-тан астам оқушысы алтын және күміс медальдармен бітірді. Олардың барлығы дерлік жоғары оқу орындарын тәмамдады.
Тоқсанның торқалы асуына келген алтын ұя – мектебіміздің өткен жолынан Отанымыздың тарихының бір бөлшегін көруге болады. Осы мектептің көптеген түлектері, мұғалімдері кешегі қан майданда ерлік көрсетті, кешігіні оралған жоқ. Ауған оқиғасы да бұл мектептің біраз түлектерін шарпып өтіпті. Небәрі 20-ға толар-толмас шағында Серік Мәлтаев ауған жерінде ерлікпен қаза тапты.
Егемендік алған еліміздің бүгінгі, ертеңгі ұрпақтарына білім нәрін беретін, бастау көзі бола беретін мектебіміздің мерейтойына ізгілік тілектен басқа айтар сөз жоқ. Қашанда алар асуы, жеңіс шыңы биік, абыройы асқақ, мәдениеті, өскелең сатысына өтелі берсін білімнің қайнар көзі болып келе жатқан мектебіміздің сапары мәңгілікке жалғаса бермек. Алтын дала төсінде дүниеге келген ұлы ғұламалар – әл-Фараби, Абай, Ыбырай, Жамбыл дәстүрлерін бойына сіңіріп, жолдарында қалдырған даңғылына ұласа берсін дейік.
1997 жылы мектеп ұжымының шешімімен мектебіміздіи ұлы бабамыз – Әйтеке бидің атымен атау жөнінде ортақ шешімге келдік. Аудандық ономастикалық комиссияның шешімі облыстық комиссияға жолданып ҚР-ның Үкіметі бекітті. Жаңа оқу жылында осы ұлы есіммен аталған мектептің есігін оқушылар зор қуаныш сезіммен ашады, деген ойдамыз.
Пернебай ДҮЙСЕНБИН,
жазушы