Еңбегі ерен азамат
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі: «Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз. Елімізде түрлі саланың кәсіби мерекесі бар. Көбінесе мұндай мейрамдар назардан тыс қалып жатады. Менің ойымша, «Еңбек күніне» орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн. Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады»,-деп айрықша атап өтті.
Әлеуметтік жаңғырудың мәні қарқынды экономикалық дамудың негізінде жасалған игіліктердің қоғамның ілгері басуына қызмет етуі мен әділеттілік қағидаттарына сүйенген әлеуметтік қатынастарды қалыптастыра білуде. Өйткені әділеттілік пен адалдық, заң мен тәртіп үстемдік құрған қоғам қай кезде де табысты болмақ. Ал осынау қоғам игілігіне айналар құндылықтар мен материалдық, мәдени-рухани байлықты жасайтын еңбек адамы. Барлық жетістіктердің бастауы, бар тұрғыда табысты болудың жалғыз жолы – адал еңбек, ерінбей, жалықпай, қай салада болса да шеберлігін шыңдап, өз кәсібінің ұстасы болу. Сондықтан алдыңғы қатарлы қоғамда еңбек адамына деген құрмет ерекше болмақ.Ауданымыздың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрге еңбегі ерен азаматтар кейінгі өскелең жастарға сара жол салып, ағалық қамқорлық танытып келеді. Осындай жанның бірі Мұхтар Мельдеев.
Мұхтар аға Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Коммунар кеңшарында 1960 жылдың 23 қазанында өмірге келген.
Еңбек жолын 1977 жылы Коммунар кеңшарында жұмысшы болып бастап, 1978-1981 жылдары Шымкент совхоз техникумын оқып бітірді. 1981-1983 жылдары Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеп, туған жерге оралады. 1983-1984 жылдары Алматы қаласындағы Алматы ауыр машина жасау зауытында жұмыс істеді. 1984 жылдан 1997 жылға дейін №19 Байқадам кәсіптік – техникалық училищесінің өндірістік оқу шебері, аға өндіріс шебері қызметтерін атқарды. 1997 жылмен – 2000 жыл аралығында «Назерке» шаруа қожалығының төрағасы. Мектепаралық оқу комбинатында 2000 жылы қыркүйек айынан бастап аға өндірістік оқыту шебері, 2012 жылы сәуір айынан бастап осы мекеменің директоры. 2012 жылы тамыз айынан бастап қайта құрылған Техникалық шығармашылық орталығының директоры қызметін атқарды.
Мұхтар ағаның ұзақ жылдар бойы үздіксіз еңбек еткен маңдай тері ақталды.
2019 жылы облыстық білім басқармасымен, облыстық кәсіподақтар кеңесінің, 2013 жылы Сарысу ауданы әкімінің, 2011 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2017 жылы Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Алғыс хатымен, 2019 жылы Жамбыл облысы әкімінің төсбелгісімен марапатталған.
2023 жылы Қазақстан Республикасының Оқу ағарту министрінің Құрмет грамотасымен, білім саласында жеткен жетістіктері үшін 17 тамыз 1994 жылы Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2016 жылы көп жылғы еңбегі және білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен жеткен жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрінің Алғыс хатын алған.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының жыл сайынғы өтетін ғылым күніне арналған «Жас техниктер мен өнертапқыштардың» техникалық шығармашылық байқауына жүлдегерлерді дайындағаны үшін Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының 2016, 2017, 2018, 2019, 2020, 2021 жылдары Алғыс хатымен марапатталды. 2018 жылы Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу әдістемелік орталығы өткізген «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» республикалық байқауына жеңімпаздарды дайындап өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі қол жеткізген табыстары үшін Алғыс хатпен және бас жүлдені иемденген шығармашылық жұмысы «Әмбебап күбі» облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы үйінде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясында өткізілген іс-шараға халықтың тамашалануына қойылды. 2017 жылдың 17 сәуірі мен 28 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу әдістемелік орталығы жалпы орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында өткізген «Жастар, Ғылым, Техника» Республикалық байқауында «Авто-ХХІ» үйірмесінің оқушысы Ибрахимұлы Бекзаттың жетекшісі М. Мельдеев өздерінің жасаған шығармашылық жұмыстарымен қатысып І – дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының 18 тамыздағы № 7 хаттамалық шешімімен Еңбек ардагері медалімен марапатталды. М. Ибрагимұлының ұжымымен бірігіп жеткен жетістіктері ақпарат беттерінде жарыққа шығып, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленді
Мұхтар Ибаргимұлы білім беру саласында білім алушылардың сапалы білім алуына зор үлесін қосқан. Аудандық конференцияларда қатысып, өз тәжірибесімен бөлісіп, педагогтардың ашық сабақтарын сапалы түрінде көрсетуге қолынан келгенше көмек көрсетіп отырған – өз ісіне адал, шығармашыл және үздіксіз дамуға ұмтылған ардагер ұстаз. Ол осы еңбек еткен жылдары өзін іскер, ұйымдастырушылық қабілеті мол қызметкер ретінде көрсете білді.
С. Есқара, «Sarysý»