Отандық статистикаға сенім зор
Статистика — қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын, әлеуметтік-экономикалық процестерді сандар тілімен сипаттайтын ғылым. Ол жай деректер жиынтығы емес, шынайы өмірдің көрінісін айқындайтын дәлдік пен сенімділіктің символы. Әр санның артында адамдардың еңбегі, уақыт пен жауапкершілік жатыр. Статистиканың басты мақсаты — қоғамдағы өзгерістерді өлшеп, объективті түрде бағалау арқылы шешім қабылдауға негіз болу. Бүгінде бұл сала мемлекеттік басқару мен экономикалық жоспарлаудың, әлеуметтік саясаттың ажырамас бөлігіне айналды. Сандар арқылы елдің даму қарқыны, халықтың тұрмыс деңгейі мен еңбек нарығындағы үрдістер айқын көрінеді. Демек статистика-қоғам дамуының айнасы.
Еліміздегі атаулы датаның тарихы 1920 жылғы 8 қарашадан басталады. Қазақ АКСР үкіметі Қазақстандағы бірыңғай орталықтанған статистика жүйесінің бастауы болған «ҚазАКСР-дегі мемстатистика туралы ережені» қабылдағандықтан, осы күн еліміздің статистика саласы үшін тарихи дата ретінде белгіленіп, кәсіби мерекелердің қатарына енген.
Жалпы алғанда, статистика Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси және бизнес шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде де аталған саланың рөлі зор. Әсіресе мемлекеттік басқару органдарының, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдардың, халықты еңбекпен қамту және жұмыссыздық, кедейшілік, баға, халықтың әл-ауқаты, инвестиция, төлем балансы, сыртқы экономика және тағы басқалар жөнінде сапалы және жедел статистикалық ақпараттардың мемлекеттік статистика жүйесінде өзіндік орны бар.
Қазіргі кезде «Статистика» деген сөзді естімедім дейтін адам сирек болар. Статистика термині «Stato»»Status»-жағдай деген латынның сөзінен шыққан. Солай дей тұрсақ та, кейбіреулер «Статистиканы» ешқандай маңызы жоқ, қаз-қатар сандар тізбесі деп түсінеді. Мұндай ұғымды ұстанушылар-көрсетілген сандық көрсеткіштердің неге керек екенін білмейтіндер, оның мағынасын жетік түсінбейтіндер және өзі өмір сүріп жатқан елінің жетістіктері мен кемшіліктерін саралай алмайтындар. Шын мәнінде статистика дегеніміз сандық көрсеткіштердің жиыны. Ол уақыт өткен сайын өзара байланыста әрқашан дамып, жетіп, толығып отырады. Олай болса, оқыған, білімдар адамдар сол көрсетілген сандық көрсеткіштерді оқи және түсіне білуі керек. Себебі ондағы көрсетілген сандық көрсеткіштер арқылы мемлекетіміздің саяси және әлеуметтік-эко номикалық даму немесе кему процестерін толығымен көруге болады. Сонымен бірге статистикалық сандық көрсеткіштерді қолданып, оған талдау жасау арқылы болашаққа, яғни белгілі бір кезеңге болжам жасауға толық мүмкіндік туады. Демек, статистикада жай әншейін берілген құрғақ сандық көрсеткіштер емес, онда тек қана айқын, дәлелді, нақты сандық мәліметтер көрсетіледі. Мысалы, қанша халықтың тұратындығы, оның ішінде:
— еңбеккке жарамдылары:
— дүниеге қанша сәби келіп, қанша адамның қайтыс болғаны;
— өнеркәсіп орындарының өндірген өнімдері;
— халықты күнделікті керекті тұтыну заттарымен қамтамасыз ету;
— азык-түлік мөлшерінің қанша және қандай жағдайда екендігі;
— олардың облыстарға, аудандарға қалай бөлінетіндерін біз біліп отырғымыз келеді. Ендеше ондай сұрақтарға толық жауапты тек статистика органдары арқылы ғана алуға болады.
Мемлекеттік статистика органдарының негізгі міндеті-сапалы статистикалық ақпарат алуда пайдаланушылардың сұранысын қанағаттандыру. Статистика органдарының қызметкерлері ел дамуындағы көптеген маңызды міндеттердің табысты түрде шешілуіне өз үлестерін қосып келеді.
Қазіргі уақытта Қазақстанның мемлекеттік статистикасында заманауи статистикалық жүйелердің барлық міндетті атрибуттары бар. Олар: заңнамалық база статистикалық құрылым, стандартқа сай статистикалық әдістемелер. Осының барлығы статстикалық ақпарат сапасының кепілдемесі болып есептеледі.
Серік Жарқынбеков,
аудандық статистика басқармасының басшысы