Өткен мен болашақ сабақтастығы
2 ақпан– Ұлттық баспасөз күні. Бұл күн отандық журналистика тарихында тек кәсіби мереке ғана емес, қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогтың, ой еркіндігі мен жауапкершіліктің символына айналып келеді. Қоғамның санасын қалыптастырып, уақыттың тамырын дөп басатын мерзімді баспасөздің орны қашанда айрықша.
Осы атаулы күнге орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистерді құттықтады.
Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары Әділетті Қазақстанды құруға және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға елеулі үлес қосып келе жатқанына назар аударды.
Президент мерзімді баспасөз өкілдерін конституциялық реформаны, сондай-ақ тұтас мемлекеттік жүйені түбегейлі жаңғыртуға бағытталған басқа да ауқымды өзгерістерді БАҚ-та жариялау кезінде конструктивті жұмыс істеуге үндеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауында патриотизм ұғымына жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарап, заңды құрметтеу арқылы егемендігімізді және тәуелсіздігімізді қорғау ұлты мен дініне қарамастан әрбір отандасымыздың міндеті екенін айтты.
Ұлттық баспасөз күні-қазақ мерзімді баспасөзінің бастау алған кезеңін еске салатын тағылымды дата. ХХ ғасырдың басында жарық көрген «Қазақ», «Айқап» сынды басылымдар ұлттың рухани жаңғыруына, саяси ой-санасының қалыптасуына зор ықпал етті. Олар тек ақпарат құралы емес, ұлттық идеяның мінбері болды.
Сол дәстүр бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жағдайында жаңа мазмұнмен жалғасып келеді. Қазіргі мерзімді баспасөз-мемлекеттік реформалар мен қоғамдық пікірдің түйіскен тұсы, билік пен бұқара арасындағы көпір.
Айта кетейік, Ұлттық баспасөз күні Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 2023 жылы бекітілді. 1913 жылы 2 ақпан күні Орынбор қаласында «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген болатын.
Ұлт зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған халқымыздың жанашырлары «Қазақ» атты тұңғыш ұлттық қоғамдық саяси және әдеби-мәдени басылымды жарыққа шығарған болатын. Бұл газеттің өзі уақыттың сұранысына сай пісіп жетілген қадам болатын. Қазақ даласында бұл кезеңде зиялылардың үлкен шоғыры қалыптасты. Жаңаша оқыған жастар көбейді. Абай туындылары да қазақ арасына кеңінен тарады. Қазақ әлемінің білім нарығында бұл кезеңде орысша-қазақша мектептері мен ислам дінінің канондарына негізделген медреселік оқу жүйесі қызмет етті.
М.Сералин қатарлы қазақ зиялылары шығарған «Айқап» журналында, өзге де БАҚ-тарда таза ұлттық нақыштағы басылымның қажеттігі, ондағы әліпби мәселесі жиі талқыланып, күн тәртібіне шығып отырды. Ахмет Байтұрсынұлының араб қарпіне негізделген «Төте жазу» әліпбиінің нақты қолданысқа енуіне де қолайлы кезең туып тұр еді. Осылайша 1913 жылы 2 ақпан күні «Қазақ» газетінің бірінші номері жарық көрді. Газеттің безендірілуінің өзі ұлттық нақышта болды. Қазақтың дәстүрлі баспанасы киіз үйінің қос босағасына төте арабша ҚАЗАҚ деген сөз жазылған. Мұндағы басты идеяның өзі – осы ел мен жердің иесі де қазақ халқы дегенді нышандап тұрғаны анық. Сонымен қоса, қазақ халқының ежелден бергі «Қос босағаң берік болсын!» — дейтін ізгі тілегі де жатыр еді, мұнда. «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын», — деген ұлт зиялыларының мақсаты да осы эмблемаға анық сіңірілген.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді», — деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы сол дәуірде айтқан болатын.
«Халықтың көзі мен құлағы» болушы баспасөздің мәні мен мағынасы, маңызы «ақпарат ғасыры» атанған бүгінгі дәуірде де әрқашан биік болып қала бермек.
«Sarysý»-АҚПАРАТ