“Қаламгер ғұмыры-халыққа мұра” атты әдеби-сазды кеш

0

Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасы және Сарысу ауданы әкімі Сәкен Мамытовтың қолдауымен 2025 жыл “Әулиеата-кітап оқитын өңір” жобасы аясында жүзеге асып жатқан “Кітап оқитын мектеп” бағдарламасы бойынша Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінде мектеп кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, балалар ақыны, жазушы, журналист Совет Әлімқұловтың шығармашылығына арналған “Қаламгер ғұмыры-халыққа мұра” атты әдеби-сазды кеш өтті.

Кеш барысында оқушылар мен ұстаздар жазушының өмірі мен шығармашылық жолына шолу жасап, оның балалар әдебиетіне қосқан зор үлесін кеңінен таныды.
Әдеби кешке қаламгердің ұлдары-Бақытжан Советұлы мен Сәулет Советұлы арнайы қатысып, әкелерінің өмір жолы, адамдық болмысы және шығармашылық ұстанымдары туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, оқушылардың қойған сұрақтарына жауап беріп, жастарды кітап оқуға, руханиятқа және ізгілікке баулудың маңызын атап өтті.
Іс-шараға Жамбыл облыстық мәслихат депутаты, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова да қатысып, Совет Әлімқұловтың қазақ әдебиетіндегі орны мен шығармашылық мұрасының мән-маңызы туралы тағылымды ойларын айтты. Айтбала Әбухасқызы өз сөзінде мектеп ұжымын және оқушыларды кітап оқуға, әдебиетті сүюге шақырды.
Кеш соңында мектеп директоры М.Мамытов қорытынды сөз сөйлеп, іс-шара қонақтарына алғыс білдіріп, алдағы уақытта Бақытжан Советұлының шығармаларын да кеңінен насихаттап, оқушылар арасында оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.

Майра Ажакаева, кітапхана меңгерушісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.