Абырой асқақтаған күн
2011 жылдан бастап қазанның соңғы жексенбісінде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл күн – еселі еңбегімен, қапысыз қамқорлығымен қарттарға қызмет ететін, мүгедектігі бар адамдарға, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көмек көрсететін барша жанға деген шынайы құрметтің белгісі.
Сала қызметкерлерін ынталандыру мақсатында жыл сайын «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» байқауы өткізіліп тұрады.
Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын тапты. Күні кеше Астанада әлеуметтік сала ардагерлері мен қызметкерлерін, сондай-ақ «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Олардың қатарында елге белгілі азамат, мемлекеттік қызметтің ардагері Болат Үсембаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған республикалық «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» байқауында Жамбыл облысы «Нақты көмек» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Шолпан Ахметова «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, марапатталды.
Жалпы, Болат Базарбайұлының жүріп өткен жолын сарысулықтар жақсы біледі. Атпал азамат ұзақ жылдар бойы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін абыроймен басқарды. Тоқсаныншы жылдардағы терең тоқырау қай салаға болсын оңай соққан жоқ. Жаңатастың өзінде өндіріс тұралап, жұмыссыздық белең алды. Ауылдарда да кітапхана сияқты нысандардың есігіне қара құлып ілінді. Міне, осындай алмағайып уақытта уәкілетті органның тізгінін қолға алған Болат Үсембаев түйткілдің түйінін тарқатуға сүбелі үлес қосты. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламалардың тиімділігін түсіндірді. Жұртшылықты уақыт талабына сай жаңа кәсіп түрлерін меңгеруге шақырды. Қаншама жасқа «Жастар практикасының» жолын көрсетті. Іргелі өндіріс ошақтарының сұранысына орай жаңа мамандықтардың тізбесін нақтылап, бағыт-бағдар берді. Сондай ілкімді істердің нәтижесінде ауданда жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың қатары азайды. Осындай жұмыстарды пайым-парасатымен, білім-білігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен атқара білген Болат Базарбайұлы абыроймен зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа шықты.
Өмірден көрген-түйгені көп азаматтардан ақыл-кеңес сұраушылар да аз болмайды. Мұндайда Болат Үсембаев білгенін үйретуден жалыққан емес. 2023 жылғы 22 тамызда «Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Сарысу аудандық мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылғанда да мекеме директоры Назира Шалбаева өзінің тәлімгері Болат Базарбайұлына бірлесе қызмет атқару туралы ұсыныс тастады. Бұл сала өзіне жақсы таныс болған соң іскер азамат келісімін берді. Аудандағы мүгедектігі бар балаларды қолдау, оңалту және олардың қоғамда өз орнын табуына жәрдемдесу мақсатында ашылған орталық аз уақыттың ішінде-ақ өз тиімділігін дәлелдеді. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап ата-аналардың өтініштеріне сәйкес және басқарманың бұйрығы негізінде қызмет алушылар саны 30 балаға дейін ұлғайтылды.
Орталық қызметінің басты мақсаты – психоневрологиялық ауытқулары және тірек-қимыл аппараты бұзылыстары бар 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың өмір сапасын арттыру, олардың әлеуметтенуіне және қоғамға бейімделуіне қолайлы жағдай жасау.
Көрсетілетін қызметтер Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексіне», Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларын бекіту туралы» №230 бұйрығына және 2023 жылғы 29 маусымдағы бекітілген «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» №263 бұйрығына сәйкес реттеледі.
Бүгінгі күні орталық психоневрологиялық ауытқуы бар 10 балаға, тірек қимыл аппараты бұзылған 20 балаға қызметтер көрсетуде. Балалар жасына қарай екі топқа бөлінді. Атап айтқанда, кіші топта 2-7 жас аралығында 8 бала болса, үлкен топта 8-18 жас аралығында 22 бала қамтылған.
Қай кезде де қиындықтан қаймықпай, байыпты бастамаларға батыл кірісе білетін Болат Базарбайұлының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы орынды шешім болды. Бұл тек кейіпкерімізге ғана емес, аудандағы әлеуметтік сала қызметкерлеріне көрсетілген құрмет деп қабылдаған жөн.
«Sarysý» ақпарат