Тоғызкент ауылдық округі әкіміне үміткерлер

0

                                                          ЖҰМАБАЙ ЖАНДОС ЖАМАУБАЙҰЛЫНЫҢ

                                                                  САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

Жандос Жамаубайұлы Жұмабай 1994 жылы 29 желтоқсанда Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген.
2016 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2020 жылы Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппаратының өткізу режимінің инспекторы болып бастаған.
2021-2023 жылдары Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппаратының статисті, 2023-2024 жылдары Түркістан ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, 2025 жылдың қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің бас инспекторы қызметтерін атқарып келеді.

Құрметті ауыл тұрғындары!
Мен, Жандос Жамаубайұлы Жұмабай Тоғызкент ауылдық округі әкімі лауазымына өз кандидатурамды ұсына отырып, еліміздің ауыл шаруашылығы, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық саяси, мәдени және рухани дамуына үлес қосуды алдыма мақсат етіп қоямын.
Ауылдық округтің дамуы үшін алдыма қойған мақсаттарды орындауға барлық күшімді, білімімді және жастық жігерімді жұмсаймын.
Сіздердің сенімдеріңізге ие болып, ауылымыздың өркендеуіне үлес қосу-мен үшін үлкен жауапкершілік әрі абырой.
Осы орайда өз сайлауалды бағдарламамның негізгі бағыттарын назарларыңызға ұсынамын:
1. Инфрақұрылымды одан әрі дамыту
— Ішкі жолдарды жөндеу және жарықтандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен іске асыру. — Ауылдық округке қарасты Әбілда мен Майлыкөл ауылдарының көшелерін жөндеуден өткізу және көше жарықтарын орнату. — Майлыкөл ауылына кіре беріс жолға түнгі көше жарығын орнату;- Ауыз су жүйесін жаңғырту және тұрақты қамтамасыз ету; — Ауылдық округ аумағында ұялы интернет жылдамдығын арттыру;
2. Кәсіпкерлікті дамыту
— Шағын кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға берілетін қайтарымсыз мемлекеттік гранттармен шағын несиелерді алуына ықпал ету; — «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғындарға 2,5% жеңілдетілген несие алуға ықпал ету.
3. Әлеуметтік саланы қолдау
— Денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт салаларының дамуына ықпал ету; — Ауылдық округтегі мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулаторияның материалдық-техникалық базасын жақсарту; — Жастар мен балаларға арналған спорт және мәдениет нысандарын дамыту, ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалану үшін заманауи спорт алаңшалары мен бүлдіршіндер үшін ойын алаңшаларын орналастыру; — Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында спорт ойындарын ұйымдастыру;
— Ауылдық учаскелік полиция өкілімен, ауылдық ардагерлер кеңесі, ауыл жастарымен бірлесе отырып, қылмыстың, құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу; — Тоғызкент ауылында жаңа ангарлы спорт зал ғимаратын салу; Тоғызкент ауылы Төле би көшесіне балалар ойын алаңшасын орнату;
— Майлыкөл ауылына ойын алаңшасы мен стритворкаут орнату және Әбілда ауылына стритворкаут орнату;
— Тоғызкент ауылына волейбол ойын алаңшасын орнату;- Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға нақты көмек көрсету;
4. Ауыл шаруашылығын қолдау
Ауыл шаруашылығы-ел экономикасының өркендеуі жолында маңызды рөл атқаратын салалардың бірі. Сондықтан ауыл тұрғындарын осы саланың дамуына көбірек тартуға күш саламын. Тоғызкент ауылдық округі мал өсіруге қолайлы, осы бағытта мал басының өсуіне бар күш-жігерімді саламын. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының мал басына, қарапайым малдарды асылдандыру бағытында жұмыс атқаратын боламын.
— Шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан қолжетімді бағдарламалар жөнінде кеңес беру;
— Жер және су ресурстарын тиімді әрі әділ бөлу;
5. Тазалық пен экология
— Қоқыс полигондары мен тазалық жұмыстарына бақылауды күшейту, тұрақты сенбіліктер ұйымдастыру
— Су арналары мен арық жүйелерін ретке келтіру;
— Ағаш отырғызу, саябақ аймақтарын жасау;
— Майлыкөл ауылында «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабын орнату;
— Ауылдық округтің төлқұжатын орнату;
6. Ашықтық пен есеп беру;
— Әр тоқсан сайын тұрғындармен есептік кездесулер және қоғамдық қабылдаулар өткізу;
— Әкімдік жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету;
— Ауылдық қоғамдастықтың мүшелерімен, ардагерлер кеңесімен және жастармен тұрақты байланыс орната отырып, бірлесе жұмыс жасау;
Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңында көрсетілген ауыл әкімінің құзіретіне жататын барлық міндеттердің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етемін.
Құрметті ауылдық округ тұрғындары!
Ауданымызды, ауылдық округімізді көркейту барлығымыздың азаматтық парызымыз.
Ауылдың болашағы-әрқайсымыздың қолымызда. Мен халық үніне құлақ асып, ортақ мәселелерді бірге шешуге дайынмын. Ауылымыздың өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етуге уәде беремін. Сіздерді сайлауға бір кісідей қатысып, дұрыс таңдау жасайды деп сенемін.
Ауылдың дамуы-еліміздің дамуы! Ауылымызды бірге көркейтейік!

Leave A Reply

Your email address will not be published.