Боз кілемде белдесті
Жайылма ауылындағы Бөрібек Тоғызақбайұлы атындағы спорт кешенінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жартылай ауыр салмақтағы жеңімпазы, спорт шебері Бөрібек Тоғызақбайұлын еске алуға арналған қазақ күресінен 2010-2011 жылы туылған кіші жасөспірімдер арасындағы ХI республикалық турнирі өтуде.
Турнирдің ашылуында аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйледі:
— Бүгін біз Қазақ ССР спорт шебері Бөрібек Тоғызақбайұлын еске алуға арналған республикалық турнирде бас қосып отырмыз. Мәні терең бұл турнир жас спортшыларға қолдау көрсету, бұқаралық спортты дамыту арқылы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады, — деді.
Сонымен қатар, Бөрібек Тоғызақбайұлының ұлы, ауданның Құрметті азаматы, турнирдің демеушісі Жеңіс Тоғызақбаев пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері, спорт шебері Алпысбай Исабаев та сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Республикалық турнирге Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау облыстары, Орал, Шымкент, Тараз қалаларынан және Жамбыл облысының Мойынқұм, Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Жуалы, Жамбыл және Сарысу аудандарынан 200 — ден астам балуандар қатысты.
Жарыс соңында жеңімпаз спортшылар диплом, медалдар, ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.