Жолдаудың міндеттері — маңызды
Ағымдағы жылы 8 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жария еткені баршамызға белгілі.
Жолдау — еліміздегі саяси оқиғалардың ең маңыздысы ретінде қабылданатын тарихи, сараланған стратегиялық құжат. Еліміздің одан әрі дамуы үшін маңызды бағдар болып табылады, ауқымы кең, көтерілген мәселелердің өзектілігі және ұсынылған шаралардың маңызы ерекше. Жолдауда саяси және әлеуметтік-экономикалық дамумен байланысты бірқатар сала қамтылды.
Президент Жолдауда инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатырғанын, мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ, Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажеттігі, жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатырғанын, жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғырту мәселесіне баса тоқталды.
Мемлекет басшысы бірнеше атқарылуы тиіс міндеттерді белгілеп, Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді:
Бірінші. Елімізге қомақты инвестиция тарту мәселесі. Жаңа инвестициялық кезеңді бастау, өңдеу саласына көбірек қаражат тарту қажеттігін айтты. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару, инвесторларға ұсынылатын салық жеңілдіктерін мұқият ойластырып, байыппен қолданылуы, ел экономикасы үшін маңызы, пайдасы бар жобаларға басымдықтың берілуі.
Екінші. Өңдеу өнеркәсібінің дамуы жөнінде. Бұл бағытта соңғы бес жылда бірқатар жетістіктің бары, өңдеу өнеркәсібі құнының екі есе өскені. Өткен жылы іске қосылған жаңа өндірістер туралы, экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керектігін атап өтті. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуі туралы жан-жақты айтылды.
Үшінші. Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру мәселесіне баса тоқталды. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет тарапынан шаруаларды қолдауға қомақты қаражат бөлініп отырғанын. Қажетті несиелер уақытында берілгені. Ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету. Сонымен қатар осы саланың экспорттық әлеуетін күшейту. Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту. Дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керектігі. Игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы.
Төртінші. Көлік-логистиканы одан әрі дамыту жөнінде. Көлік жүйесін басқарудың жаңа үлгісін жасау, контейнермен жүк тасымалдау ісін жандандыруға арналған арнайы бағдарламаны қабылдау туралы. Көліктің барлық түрін ескере отырып, бәсекеге қабілетті тариф саясатын әзірлеу.
Сонымен қатар жасанды интеллектіні қолдана отырып, тасымалды басқарудың кешенді, көпбейінді цифрлық платформасын енгізу керектігі. Автокөлікпен жүк тасымалдауға арналған шекара маңындағы қызмет сапасын жақсарту. Кедергісіз тасымалдау жүйесін қалыптастыру. Әуемен жүк тасымалдау ісіне айрықша назар аудару қажеттігі. Шетелдің ірі инвесторларын тарта отырып Ұлттық жүк тасымалдаушы компания құру арқылы қол жеткізу жөнінде айтылды.
Туризм. Туристік жерлердің барлығын ретке келтіру жөнінде. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, бұл бағыттағы ең өзекті мәселе–заманауи инфрақұрылым салу деді.
Бесінші. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту туралы. Цифрлық тәсілдерді қолдана отырып, инфрақұрылым жобаларының ашықтығын қамтамасыз ету. Коммуналдық шаруашылықты жаңғырту ісі инфрақұрылымдар мен тұрғын-үй қорын энергияны үнемдеуге көшіру шаралары. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын үнемшіл болуға ынталандыратын жаңа экологиялық ережелер енгізу керектігі.
Су үнемдейтін технологияны енгізу жұмысы. Бұл жұмысқа белгілі шетелдік компанияларды тарту мәселесі.
Алтыншы. Кәсіпкерлер елімізді цифрлық дамытудың қозғаушы күші болуы жөнінде. Мемлекеттік мүлік туралы заңының жаңартылуы. Заңда мемлекеттің экономикаға қатысу шегі нақты айқындалуы керектігі. Сондай-ақ басқару ісіне қатысты құқықтық талаптардың көрсетілуі қажеттілігі туралы айтылды.
Жетінші. Экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары, білім беру саласы айрықша рөл атқаратындығы. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған мектептердің жұмыс істеуі, мектептердің құрылысын аяқтау жөнінде. Мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажеттігі. Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керектігі. Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды тарту жөнінде айтылды.
Сонымен бірге, Президент еліміздегі демографиялық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдау айрықша маңыздылығын атап өтті. Зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту, зейнетақы төлемдерінің ұзақ уақыт бойы теңгерімді және лайықты деңгейде болуын қамтамасыз ету шаралары. Фармацевтика өнеркәсібін дамытуға баса мән беру. Өзімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейту. Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс деді. Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттыратындығы.
Цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде мемлекетіміздің ұлттық стратегиялық мүддесіне сай келетін теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясаты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орнықты дамуымызға зор ықпал ететіні айтылды.
«Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры деп, Мемлекет басшысы қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиістігін атап өтті. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет деді.
Президент парламенттік реформа жөнінде жоғары өкілді билік тармағына қатысты реформаны бұған дейінгі барлық өзгерістің, соның ішінде Президент билігіне қатысты өзгерістердің заңды жалғасы деп, бір палаталы Парламент құру мәселесін көтерді.
Сондай-ақ, Жолдауда басқа да бірқатар мәселелер қамтылды.
Жолдау осы маңызды міндеттерді іске асыруға жасалған маңызды қадам.
Сонымен қатар, облыс әкімдігінде Жолдауда айқындалған міндеттерді орындау бойынша Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеевтің төрағалығымен кеңес өтті.
Өңір басшысы Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру бағытында іс-шаралар жоспары әзірленетінін айтты. Сондай-ақ, Ербол Шырақпайұлы елімізде инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтіп, бұл жұмыстарды жандандыруды, ауыл шаруашылығы саласында да, оның ішінде дақылдарды әртараптандыру басқа да бағытта бірқатар агрожобалар іске асырылып жатқандығын жеткізді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту, цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану басқа да мәселелерге баса тоқталып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша шаралар жалғасатындығын атап өтті.
Елімізде экономиканы дамытуға бағытталған көптеген жұмыстар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының әр жылғы Жолдауында көтерілген міндеттер кезең-кезеңімен орындалуда.
Ауданымыздың мекеме, ұйым, кәсіпорындары ел Президентінің Жолдауындағы, экономиканың түрлі салаларындағы белгіленген міндеттерді назарға алды.
Биылғы Жолдауда айтылған мақсаттарды орындау үлкен жауапкершілік жүктейді. Маңызды бағдарламалар мен саяси құжаттардың жалғасы болып табылатын Жолдау — мемлекет дамуының бағыттарын нақтылап, міндеттердің жүзеге асырылуына елеулі үлес қосып, өзекті мәселелер шешімін табатынына сеніміміз мол.
Шаттық Мұсабеков,
Сарысу аудандық
мәслихатының төрағасы