Қарты бар үйдің — қазынасы бар
Қазақта, «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген даналық сөз бар. Бүгінде халқымыз аталы сөзге тоқтап, қарттарын қадірлеген. Бұл ұлттық болмысымыздың айқын көрінісі.
Осы орайда, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері Еңбек күні, қарттар күні және Ұстаздар күніне орай, Ұзақбай Сыздықбаев ауылының тұрғыны, ұлағатты ұстаздыққа зор еңбек сіңірген адал еңбек иесі Жұмашбек Әділбековтың шаңырағында болып, мерекемен құттықтады.
Шырайлы жүздесуде аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Жарықбасов жылы лебізін білдірді:
— Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларыңыздың ауданның өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер,-деді.
Кездесу барысында ұйымдастырушылар бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған ардақты қарияға ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тілеп, сый-сияпат көрсетті. Өз кезегінде қазыналы қарт елдің амандығына тілектестігін білдіріп, ақ батасын берді.