Терроризм – дінге жат ұғым
Жастар – ел болашағы. Олар әрдайым қамқорлық пен дұрыс бағыт-бағдарды қажет етеді. Әсіресе, дін саласы сияқты нәзік тақырыпта жас ұрпақтың көзқарасы айқын әрі сауатты болуы аса маңызды. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл бар. Сондықтан діни тәрбиенің бастауын ең алдымен отбасынан алу қажеттігі айрықша атап өтілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде тәуелсіздікті нығайту жолында этносаралық келісімді сақтап, дінаралық татулықты дамыту бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта ауылдық округтерде дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтары жоспарлы жұмыстар жүргізуде.
Осы орайда Досбол орта мектебінде «Терроризм – дінге жат ұғым» атты оқушылармен кездесу өтті. Шараға Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің теологы М.Мырзағараев пен Досбол ауылдық округінің маманы Н.Шалбек қатысып, оқушыларға теріс діни ағымдардың зардаптары мен олардың қоғамға тигізетін қауіптері жайында кеңінен түсіндірді.
Кездесу барысында діннің ізгілікке, бейбітшілікке, татулыққа үндейтіні айтылып, жастарға экстремизм мен терроризмнің дінмен ешқандай байланысы жоқ екені жеткізілді. Сонымен қатар, оқушыларды саналы болуға, қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті бағалауға шақырды.
Осындай танымдық кездесулер жас ұрпақтың рухани дүниесін қалыптастырып қана қоймай, олардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді арттыруға, теріс идеологияға қарсы иммунитетті күшейтуге септігін тигізері сөзсіз.
С.Есқара,
«Sarysý»