Жұмыр жоспар жолында жұмыла еңбек етеміз

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында сан саланы қамтыған салмақты стратегия ұсынды. 

«Баршаңызға мәлім, соңғы жыл­дары Қазақстанда ауқымды өзгеріс­тер жасалды. Еліміздің саяси жүйесі ана­ғұрлым озық әрі ашық бола түсті. Азаматтарымыздың сана-сезімі, болмы­сы өзгеріп жатыр. Соның арқасын­да халқымыздың мемлекеттік институт­тарға, заңға және әділдік пен тәртіпке деген сенімі нығаюда. Бірақ алдымызда ауқымды жұмыс бар. Қоғамды жаңғырту үшін әлі де көп шаруа атқаруымыз керек.
Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық.
Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіре­се, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр.
Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәр­тіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады.
Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек» деп атап өтті Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдау жолдарында таяудағы жылдарда ат­қар­ылуы тиіс жеті бағытты айқын­дап берді. Атап айтқанда елімізге қомақты инвестиция тарту, өңдеу өнеркә­сібі­нің дамуына жаңа серпін беру, ауылшар­уа­шылығын жаңа деңгейге көтеру, кө­лік-логистиканы одан әрі өркендету, тұр­ғынүй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту, кәсіп­кер­лердің елімізді цифрлық дамытудың қозғаушы күші болуы, адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер сияқ­ты басымдықтардың қай-қайсысы бол­сын өте өзекті.
Бірінші бағыт бойынша Президент қазір дүние жүзінде инвестицияға та­ластың күшейіп бара жатқанына, сондық­тан да жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажеттігіне тоқталды. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы: «Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағыт­қа, қандай мақсатпен және қанша көлем­де қажет екенін нақты білу қажет. «Инвес­тицияға тапсырыс» өндірістің сұраны­сы­на сай жасалуы керек.
Еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы. Қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады. Ал қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту-кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек. Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-министрге жүк­теледі. Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ»-деп, нақты тапсырма берді.
Сонымен қатар Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөн­ін­дегі нақты іс-шаралар жоспарын мей­лінше қысқа мерзім ішінде әзірлеу, Бас прокуратураның Заңсыз активтер­ді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөнін­д­егі комитет деп өзгерту, инвестор­ларға ұсынылатын салық жеңілдіктерін мұқият ойластырып, байыппен қолдану, ел экономикасы үшін маңызы, пайдасы бар жобаларға басымдық беру міндеттелді.
Бұдан бөлек экономикамыздың жо­ғары технологиялық салаларына бір мил­­лиард долларға дейін инвестиция тар­ту туралы бағдарлама әзірленетін бол­ды. Сондай-ақ Жолдауда Банктер туралы заң қабылдау, цифрлық активтердің то­лық­қанды экожүйесін тезірек қалып­тас­тыру, киберқылмыстардың алдын алу­­ға мүмкіндік беретін барынша интел­лек­туалды жүйе құру, арнайы эконо­мика­лық аймақтардың тиімділігін арттыру үшін терең сараптама жасау қажеттілігі айтылды.
Екінші бағыт ретінде өңдеу өнер­кәсі­бінің дамуына жаңа серпін беруге баса назар аударылды.
«Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі жә­не сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, те­рең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс. Қазір бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп жатыр. Қолдау шарасын ұс­та­нымдары мен талаптары әртүрлі институттар жүзеге асырады. Мұндай ахуал кә­сіпкерлерді әбден шатастырады. Бұл са­ланы ретке келтіріп, үйлестіру жұ­мы­сын толығымен қолға алу керек.
Тау-кен металлургиясы қашанда Қа­зақ­станның жаңа индустриалды қалы­бы­ның сенімді тірегі болып келеді. Оның ел экономикасындағы үлесі-8 пайыз.
Бірақ саланың даму әлеуеті зор. Әсіре­се, терең өңделетін өнімдерді шығару­ға мол мүмкіндігі бар.
Жаһандық үдерістерге сәйкес, сирек кездесетін метальдардың және айрықша қажет басқа да материалдардың маңызы арта түсті.
Бұл саладағы әлемдік өндірістер мен сауда-саттықтың жаңа желісінде өз орнын нықтап алуына Қазақстанның толық мүмкіндігі бар»,-деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жолдауда үшінші бағыт ретінде ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажеттігі атап көрсетілді. Расында да бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет тарапынан соңғы жылдары ауқымды ре­фор­ма жүргізіліп жатыр. Дегенмен мәселелер де жоқ емес. Президент түйт­кілдердің түйінін тарқатудың жолдарын көрсетіп берді. Әр аймақта дайын өнім­ді өндірістен дүкен сөресіне дейін жет­кізетін біртұтас желі қалыптастыру, үздік агрокәсіпорындардың тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасау, мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеу, елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту сияқты қадау-қадау мін­деттер белгіленді.
Жылдың басты құжатында төртінші бағыт ретінде көлік-логистиканы одан әрі дамыту керектігі айқындалды. Бұл тұр­ғыда еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жақсартуға жаңа инвестиция тарту, өңірлердің көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналысу, негізгі дәліздер аясында автомобиль жолдарын дамытуға баса мән беру, көлік жүйесін басқарудың жаңа үлгісін жасау, контейнермен жүк тасымалдау ісін жандандыруға арналған арнайы бағдарлама қабылдау сияқты міндеттер белгіленді.
Бесінші бағыт тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығы мен су инфрақұры­лы­мын жаңғырту мәселесіне арналды. Алдағы уақытта «Ақылды қала» құру тұжырымдамасы еліміздің барлық өңірі­не таратылатын болады. Коммунал­дық шаруашылықты жаңғырту ісі инфрақұры­лымдар мен тұрғын-үй қорын энергия­ны үнемдеуге көшіру шараларымен қатар жүреді. Сондай-ақ тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы саласын үнем­шіл болуға ынталандыратын жаңа эко­логиялық және санитарлық-гигиена­лық ережелер енгізілмек. Президент өз сөзінде соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан тұрғын үй құрылысы саласына да айрықша назар аудару керектігін айтты. Сонымен бірге құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект технологияларының (Building Information Modeling, BIM) көмегімен ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану керектігін айтты. Осы орайда Үкімет құрылыстың барлық кезеңдерін толық есепке алуды, жоспарлауды, оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ете­тін ұлттық цифрлық платформаны іске қоспақ. Ал жаңа Құрылыс кодексі осы саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына жол ашатын берік заң­намалық негізге айналуға тиіс.
Мемлекет басшысы су мәселесін шешу мақсатында да нақты міндеттер жұктеді. Жолдаудың алтыншы бағытында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың жоспары баяндалды. Президенттің айтуынша, шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, ал жұмыспен қамту ісіндегі үлесі 50 пайызға жуықтаған. Осы орайда Мемлекет басшысы іскер азаматтардың әлеуетін то­лық ашуды, тиісті құқықтық базаны жаң­ғыртуды, заңнаманы түгел тексеріп, зер­де­леуді, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Ин­теллект арқылы реттеу орталығын құру­ды тапсырды. Бұдан өзге де көп мін­деттер жүктелді. Мұның барлығы да түптеп келгенде елімізді қарқынды да­мы­туға негізделген қадамдар екендігі сөзсіз.
Жетінші бағыттың да жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Бұл тұрғыда экономи­каны жан-жақты цифрлық жаңғырту жұ­мыс­тары адам капиталын дамытуға қа­тысты жаңа міндеттер жүктейтіні айтылды. Бұл жерде білім беру саласы ай­рық­ша рөл атқаратындығы белгілі.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиіс.
Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс артып келеді.
Сол себепті менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті жоғары тех­но­логиялық жобаларға тартуды көз­дей­тін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Алайда жасанды ин­тел­­лектімен жұмыс істеу құзіретін қа­лып­­тастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алыну­ға тиіс.
Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды ин­теллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет.
Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады» деп атап өтті Президент.
Қай бағытты алып қарасақ та жаңа технологияларға, цифрлық үдерістерге, жасанды интелектке негізделген. Биыл­ғы Жолдаудың негізгі өзегі де осы. Бір сөзбен айтқанда алдымызда уақыт талабынан туындайтын тың өзгерістер күтіп тұр.
Осы орайда Сарысу ауданында да халықтың игілігіне бағытталған байып­ты бастамалар қолға алынуда. Өндіріс өркен жайып, агроөнеркәсіптік кешен алға басуда. Құрылыс қарқын алып, кә­сіп­керліктің көкжиегі кеңейіп ке­леді. Тұрғынүй-коммуналдық шаруа­шы­­лық саласында да ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды істер ат­қар­ылуда. Жаңатас қаласы жаңғырып, ауыл­дық округтердің де ажары ашыла түскен. Мұның барлығы да мемлекет тара­пынан жүзеге асып жатқан жүйелі рефор­ма­лардың жемісі екендігі сөзсіз.
Жаңа Жолдауда жүктелген міндет­тер аясында жарқын істер одан әрі жан­дана түседі. Өйткені, бағытымыз ай­қын, мақсатымыз үлкен. Жылдың бас­ты құжатында баяндалған жұмыр жос­парды жүзеге асыру жолында жұмыла еңбек ете беретін боламыз.

Сәкен Мамытов,
аудан әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.