Жазушы-адам жанының инженері

0

Пернебайды алғаш тануым-оның шығармаларындағы бір­ін­ші беттегі жоқтау өлеңі еді. Ол жоқтауды бір оқып шығып, бү­кіл кітаптың мазмұнын білгендей боласың. Яғни, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін екі ауыз жоқтауға сыйғызған тапқыр­лығына таң қаласың.
Аспаннан түскен жасымды,
Жасынға тіктім басымды.
Теңізден маржан сүзгендей,
Теріп бір алды-ау асылды.
Қаптай да көшкен қауымның
Қорымы қалды-ау, ой, жалған.
Ардағы кетіп ауылдың,
Тобыры қалды-ау, ой, жалған.
1917–1918 жылдардағы туған жоқтау.
Жақсылар әр жерде шарапатын көрсетер, жаман тар жерде кесапатын көрсетеді. Осылайша тоқсанға келіп, тоқырауға ұшырап жүрген кезімде Шұғыла қызым: «Ата, сізге сыйлық кітаптар әкелдім» деп, үш кітапты қолыма ұстата берді. Қарасам, авторы Пернебай Дүйсенбин інім екен. Арнау сөзінде: «Аса құрметті Ордабек ағай, сізге осы шығармамды ықыласпен сыйлаймын. Өмірге деген құштарлығыңыз арта берсін. Деніңізге саулық болсын»,- депті.
Басқалар болса «Е-е-е» деп қоя салар едім. Пернебайдың жөні бөлек қой. Бұл кісі Республика жазушыларының ішіндегі ең танымал, бірінші орындағы адам. Шығармалары тұрақты түр­де жүлде алып отырады. Соған қарамастан «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, өте қарапайым. Тағы бір қасиеті-қоғамдық іс­терге қалмай қатысады. Сонда жазуға уақытты қайдан табады дейсің ғой.
Мен балалар арқылы Пернебайға: «Айт, бір-екі кітабын оқуға берсін» деп сәлем айтқанмын ғой. Мұны естіген Пекең: «О, ол кісіні мен білемін, кітапты қатты оқиды» депті. Ойпырмай, менің қатты оқитынымды қайдан білген? Жазушыны «адам жанының инженері» деуші еді, содан білді ме? Ал менің кітапқа құмарлығымды оятқан әкем Қоңырбек еді. Сол кездегі жалғыз ХТЗ тракторымен Ащысайдан май таситын, жол-жөнекей аудан орталығы Шолаққорғаннан хат-хабар, поштаны алып қайтатын. Кешке отырып маған газет оқытатын. Осылайша мен 5–7-сынып аралығында нұқыл газет оқитынмын.
Пернебай інім тоқсаныншы жылдан бастап Кеңес Жазушылар одағының, тоқсан төртінші жылдан-Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Республикалық жабық конкурстардың 6 дүркін, халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің 2 дүркін лауреаты. 2015 жылғы Халықаралық «Дарабоз» конкурсының гран-при иегері, Сарысу аудандық мәслихатының 2 мәрте депутаты.
Пернебай інім мені тоқсанға келгенде сергітіп, бойымды тіктеп ұстауға көмектескені, мендей бір уыс шалды елеп-ескеріп, маған арнап жүректен шыққан жылы сөздерін жазып ұсынғаны үшін үлкен рахмет! Өзіңе Алла разы болсын! Тек жақсылық болсын! Қазақ халқының әлем алдында мақтанышы бол!

Ордабек Қоңырбеков,
ауданның Құрметті азаматы,
еңбек ардагері

Leave A Reply

Your email address will not be published.