Сенбілікке серпін берейік
Аудан әкімдігінің «Қоғамдық орындарды абаттандыру және сыртқы безендіру екі айлығын өткізу туралы» Қаулысына сәйкес, 6 қыркүйектен бастап тазалықтың күзгі екі айлық жұмыстары басталды. Енді, міне, екі аптаға жуық уақыт өтті. Бұл уақытта күнделікті атқарылып жатқан жұмыстардан басқа 2 рет сенбілік ұйымдастырылды.
Өткен аптада ұйымдастырылған сенбілікте мекеме айналасындағы, жол бойындағы ретсіз өскен шөптер шабылып, қураған ағаш бұтақтары кесілді. Сондай-ақ 2 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар жинақталып, арнайы орынға шығарылды. Тазалық айлығы басталғалы 290 метр арықтар тазаланды.
Сенбі күнгі сенбілікке аудан орталығындағы мекемелерден 380 жұмысшы-қызметкер қатысып, өнімді жұмыс атқарды. Олар әрбір сенбілік сайын қоғамдық орындар ғана емес, өз мекемелерінің маңайын тазалап, ағаш отырғызып, мекеме маңайын безендіруде де жақсы жұмыстар атқаруда.
Ал, сенбілік жұмыстарында төбе көрсетпеген мекемелер де кездесті. Олардың атын атап, түсін түстеуді жөн санамадық. Келесі тазалық жұмыстарында бақылап көріп, сенбілікке шықпаған, мекемелерінің айналасына тазалық жұмыстарын жүргізбеген ұжымдарды жариялайтын боламыз.
Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.
«Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, әрбір ауылдың таза да, көрікті, жасыл желекке жамылып тұруына барлығымызда атсалысайық.
Камели Сүлейменова,
«Sarysý»