Қаржы жүйесіндегі технологиялар ілгерілейді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Президент жолдауының негізгі тақырыбы ретінде цифрландыру мен ЖИ-ді дамыту мәселесін көтерді.
Мемлекет басшысы банктер туралы заң жылдың соңына дейін қабылданатынын айтты. «Экономикамыздың жоғары технологиялық салаларына бір миллиард долларға дейін инвестиция тарту туралы бағдарлама әзірлеу қажет. Оны Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп дайындауға тиіс. Жаңа инвестициялық кезеңді ойдағыдай бастау маңызды. Екінші дәрежелі банктер нақты секторға белсенді түрде қаржы салуы керек. Бұл мәселе қоғамда баяғыдан қызу талқыланып жатыр. Осы жұмысты көп созбай қолға алу қажет. Қазақстандағы банктердің активтері мен қаражаты дамыған елдерге қарағанда орта есеппен бірнеше есе көп пайда әкеледі. Себебі, біздің банктер экономикаға несие бергеннен гөрі қаржылық тәуекелі төмен бағыттарға ақша салғанды жөн көреді. Осы мәселені депутаттар, сарапшылар үнемі көтеріп жүр. Ұлттық банк пен Үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуы қажет. Енді бұл мәселені созуға болмайды, шұғыл шешу қажет. Банктер туралы заң қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл заңда экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі қажет. Құжатта бәсекені күшейту, нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, қаржы жүйесіндегі технологияларды ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру мәселелері қамтылуы керек. Үкімет Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, заң жобасын жан-жақты пысықтауы қажет. Депутаттардан осы заңды жыл соңына дейін қабылдауды сұраймын»,- деді Президент. Мемлекет басшысы криптоактивтерге баса назар аудару қажет екенін атап өтті.
Бір палаталы парламент енгізу. Тоқаев Сенатты таратып, бір палатаны қалдыруды ұсынды. Ол 2027 жылғы референдум кезінде шешіледі.
Жасанды интеллект пен цифрландыруды дамыту. Елде Жасанды интеллект және Цифрлық даму министрлігі құрылатын болады.
Е.Имашев,
аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы