Отбасылық құндылық ұлықталды
15 қыркүйек күні Тараз қаласындағы Достық үйінде мазмұны ерекше, тағылымы мол шара-«Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» республикалық жобасының «Азамат тәрбиелеген отбасы» бағыты бойынша салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Аталған іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан «Отбасы күніне» орай ұйымдастырылып, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, көп жыл бірге ғұмыр кешіп, бала тәрбиесінде өнеге болған жанұяларды ұлықтауды мақсат етті.
Жоба аясында үш негізгі номинация бойынша әр аудан мен қаладан іріктелген, өмір жолы мен ұрпақ тәрбиесіндегі үлгісі арқылы елге танылған отбасылар марапатталды.
Атап айтар болсақ үш кезеңнен құралған сайыстың «Алтын шаңырақ» номинациясы бойынша ауданымыздан қатысқан Есмахановтар отбасы жеңімпаз атанып, бағалы сыйлықтармен және дипломмен марапатталды.
Бұл жанұялар-елге адал қызмет етіп жүрген, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азаматтарды тәрбиелеп өсірген өнегелі шаңырақ иелері. Олардың балалары мемлекеттің түрлі салаларында табысты еңбек етіп, Отанға деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісін көрсетуде.
Олардың отбасылық құндылықтарды сақтауға, дамытуға және жас ұрпаққа үлгі боларлық өмір сүру дағдыларын қалыптастыру жолындағы еңбегі ерекше атап өтілді.
«Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» жобасы аясындағы бұл бастама-ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды ұлықтауға, отбасылық дәстүрлерді жаңғыртуға бағытталған маңызды жоба ретінде бағаланды.
Мұндай тағылымды шаралар арқылы қоғамда береке мен бірлікке негізделген отбасылық құндылықтар кеңінен насихатталып, болашақ ұрпаққа өнеге болары анық.
С. Рысбекұлы,
«Sarysý»