Еңбек-ешқашан ескірмейтін құндылық
Қай кезеңде болсын, қоғамның дамуы мен елдің өркендеуі -қарапайым еңбек адамдарының қажырлы еңбегінің жемісі. Тыныс-тіршіліктің қай саласына көз жүгіртсек те, елге қызмет етіп жүрген мыңдаған жұмысшы мен шаруа адамдарының маңдай тері мен табандылығына куә боламыз. Ауыл шаруашылығында, өндірісте, құрылыста, білім мен денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген жандар-мемлекеттің тірегі, қоғамның нағыз жанашырлары.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны-осы еңбек адамдарына деген үлкен құрметтің белгісі. Бұл-ел экономикасын өрге сүйреп келе жатқан еңбеккерлердің мәртебесін арттыру, олардың қоғамдағы орнын кеңінен насихаттау жолында маңызды қадам.
Сондай еңбек адамдарының бірі-Жайылма ауылында тұратын елге сыйлы азамат Іскендір Тоғманов. Бар ғұмырын туған жердің өсіп-өркендеуіне маңдай терін арнаған кейіпкеріміздің ғұмыр жолы ғибратқа толы.
Адам баласының алғашқы тәрбиесі отбасында қалыптасады. Жас ұрпақтың бойындағы адами қасиеттер, ұлттық тәрбие мен рухани байлық бәрі де ең алдымен шаңырақтың ішіндегі тәлім мен өнегеге байланысты. Іскендір Тоғманов бұрынғы Калинин кеңшарында (қазіргі Жайылма ауылы) 1954 жылы 27 тамызда Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері Тоғман Күлшеев пен Нұрила Күлшееваның отбасында үш қыздан кейінгі төртінші перзент болып өмірге келген. Жылуы мол жанұяда өсіп-өнген ол бала күнінен шаруаға бейім болды. Қаршадай кезінен үлкендерге қолғабыс тигізіп, үнемі алғысқа кенеліп жүрді. Оның үстіне үйдегі ер бала болған соң Іскендір Тоғмановқа көп міндет те артылатын. Ондайда бала екенмін-ау деп еркелікке салынбай, керісінше сенімге селкеу түсірмеуге тырысып бағатын.
Кейіпкеріміз 1973 жылы Ленин (қазіргі Әйтеке би)) атындағы орта мектепті бітірген бойда бірден Калинин кеңшарындағы шөп ору, қоражай салу науқандарына атсалысты. Ал 1974 жылы Саудакент ауылындағы СПТУ-124 кәсіптік-техникалық училищесіне қабылданды.
Жасыратыны жоқ, Кеңес Одағы тұсында елдің экономикалық, өндірістік, техникалық әлеуетін арттыруда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі шешуші рөл атқарды. Бұл оқу орындары ХХ ғасырдың екінші жартысында миллиондаған жастарға қолынан іс келетін маман иесі болуға жол ашты. Ауылдан шыққан жасөспірімдерге-болашақ, қоғамға-жұмыс күші, мемлекетке-тұрақты дамудың негізі болған осы училищелердің тарихи орны ерекше.
Кәсіптік-техникалық училищелер жүйесі – кеңестік білім беру құрылымындағы ең қолжетімді әрі нақты өмірге бағытталған буын болды. Қоғамға құрылысшылар, дәнекерлеушілер, жүргізушілер, ауыл шаруашылығы механизаторлары, токарьлар, электриктер, тігіншілер, аспаздар сияқты нақты мамандық иелері қажет еді. Осы сұранысты өтеу мақсатында КСРО-ның түкпір-түкпірінде кәсіптік училищелер ашылып, жастар қысқа мерзім ішінде нақты бір кәсіпті меңгеріп шығатын болды. Студенттер жатақханамен, тамақпен, оқу құралдарымен қамтамасыз етілетін. Сонымен қатар олар шәкіртақы алып, оқып жүріп тәжірибе жинақтады. Оқуды аяқтаған соң жұмысқа жолдама берілді. Бұл қазіргі жастарға ертегі сияқты көрінуі мүмкін, бірақ сол уақыттағы әлеуметтік теңдік пен мемлекеттің жұмыс күшімен нақты жұмыс істеуінің көрінісі еді.
Міне, Іскендір Тоғманов та СПТУ-124 кәсіптік-техникалық училищесінің көлік жүргізушілер курсында білім алып, маман ретінде шыңдалды. Оқуды тәмамдаған соң Калинин кеңшарында трактор тізгіндеді. Көктемгі арпа ору науқанында комбайн да жүргізді.
Кеңшардың шаруасы сан салалы ғой. Еңбек десе ішкен асын жерге қоятын шаруалар қандай жұмыс болса да аянып қалмайтын. Техниканың қыр-сырын жақсы меңгерген кейіпкеріміз кейде қой қырқу науқанына да білек сыбана кірісіп кететін. Тіпті, талай додаларда да бақ сынап көрген.
Ол уақытта облыстық, аудандық деңгейде ұйымдастырылатын қой қырқу байқаулары еңбек додасының шарықтау шегі еді. Онда әр ауылдан, әр шаруашылықтан ең үздік қырқымшылар келіп, шеберлік танытатын. Байқау кезінде қойды қанша уақытта қырыққаны, жүннің сапасы, қырқу тәсілі, қырқым орнындағы тәртіп пен ұқыптылық түгел ескерілетін. Жеңімпаздарға мақтау қағаздары, ақшалай сыйлықтар, тіпті «Құрмет тақтасына» іліну секілді үлкен марапаттар берілетін.
Мұндай жарыстар еңбек адамының мәртебесін көтеріп, жастарға үлгі көрсететін тәрбие мектебі де болды. Қарапайым еңбек адамының есімі елге танылып, ауылдағы рухты арттыратын. Іскендір Тоғманов та Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында өткізілген облыстық қой қырқу байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленген болатын. Сол кезде алған марапаттары бүгінде құнды жәдігер ретінде отбасылық мұрағатта сақтаулы тұр.
Ардагер бүгін де сый-құрметтен кенде емес. Ұзақ жылдар бойғы жемісті еңбегі үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын иеленді. «Сарысу ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісін кеудесіне жарқырата тақты.
Қазыналы қария жетпістің жайлауына ат шалдырса да қол қусырып қарап отыруды білмейді. Қазіргі таңда өзі «Ербосын» шаруа қожалығын басқарады. Агроқұрылым иелігіндегі 4 гектар жерге жоңышқа, жүгері егіп, әр мезгіл сайын тұтынушыларды қамтамасыз етіп отыр.
Бұдан бөлек салауатты өмір салтын насихаттап, түрлі сайыстарда алдыңғы қатардан көрінуде. Мысалы, аудандық ардагерлер арасында өткізілген асық ату жарысында ешкімге дес бермей, бірінші орынды иеленді. Сол сияқты дойбы ойынында да қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. Велосипед тебуден де топ жарды. Ал шахматтан өткен бәсекеде екінші орынды еншіледі. Кейіпкеріміз сонымен қатар Жайылма ауылындағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады.
Дана халқымызда «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз бар. Іскендір Тоғманов 1974 жылы өмірлік серігі Майра Мұсаевамен бас құрап, алты баланы тәрбиелеп өсірді. Майра апамыз да кеңшарда әртүрлі жұмыстар атқарған еңбек адамы. Бүгінде балаларының үлкені Нұрлан ауылдағы балабақшада, Нұржан «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде, Мейрамбек пен Ерболат, Қанағат Алматы қаласында еңбек етуде. Манарбек ұлдары Тоғызкент ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Білікті бапкердің оқушылары да осал емес. Асылжан Орынбасар самбодан Әлем чемпионы болса, Нұр Аманшүкір дзю-додан Әлем чемпионы атанып, ауданның ғана емес, тұтастай еліміздің абыройын асқақтатып жүр.
-Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген өлең жолдарын білмейтін адам кемде-кем шығар. Расында да еңбек еткен адамның еңсесі тік, ертеңі жарқын болады.
Мен трактор да айдадым, комбайн да жүргіздім, қой да қырықтым, қора да тұрғыздым. Басында ауырлау болатын, бірақ соның арқасында өмірге бейімделдік. Таңмен таласа тұрып, кеш батқанша тер төктік. Сол бір күндердің шаршатқаны емес, ширатқаны есімде. Қиындықпен өсіп, еңбектің қадірін ерте ұқтық. Қазір соның бәріне шүкірлік етемін.
Бүгінде ойлап қарасам, мені адам еткен де, ұрпағымды ұяға қондырған да- ең алдымен, еңбек. Қазір елдің алдында отырып, сөз айта алатын жасқа жетсем -ол да адал маңдай тердің арқасы.
Жастарға айтарым- еңбектен қашпаңдар. Қолдарыңнан іс келсін, табаннан тозсаң да, тапқан нанның дәмі бөлек. Қандай жұмыс істесең де, шын ықыласпен, жауапкершілікпен атқар. Атақ қуып, жеңіл жол іздеген адам уақытша ғана көрінеді. Ал еңбекпен көтерілген адамды халық өзі іздеп табады.
Қазір техника да, мүмкіндік те мол. Бірақ соның қадірін білу үшін адамның бойында еңбекке деген құрмет болуы керек. Еңбек-тәрбие. Еңбек-намыс. Еңбек — ерлік. Оны сезіне алған адам өмірден де өз орнын табады.
Аллаға шүкір, өзіміз алты бала өсірдік. 18 немере, 1 шөбере сүйіп отырмыз. Перзенттерімнің барлығы да еңбек етіп жүр. Олар жұмыс істеп келсе, соған риза боламын. Өйткені адал еңбек етіп, маңдай терімен тапқан нәсіп – шын береке.
Еңбек-ешқашан ескірмейтін құндылық. Ол адамды ширатады, тәрбиелейді, өсіреді. Жастар адал еңбекке бет бұрса, елдің болашағы да, ұрпақтың тағдыры да жарқын болады,-дейді Іскендір Тоғманов.
«Sarysý» ақпарат