Полк командиріне шопыр болған қария

0

Қалдыбай інімізді асық атып, доп қуып жүрген бала жасынан танушы едім. Олай дейтінім сол кезде екеуміздің де әке-шешелеріміз Калинин атындағы кеңшарда қой отарларын бағатын. Шопандар қауымы үшін жаз қызығы жайлау еткен ат тұяғы басқан жерден бұлақ көздері бұрқырап қайнайтын, табиғаты ғажап, салқын самалды Көсегенің көк жоны еді. Тартылған желіге тулатып құлын байлап, сары қымыз сапырмайтын шопан үйі болмайтын. Жаз жайлауда арқаны кеңге салған шопандар күн құрғатпай бір үйде бас қосып, бағлан қозының етінен дәм татып, қызыл тобылғының ерекше хош иісіне ысталған сабада ашыған қымызынан құмарта ішіп, арқа-жарқа отырыстар жасаушы еді. Түс ауа, күн көзі еңкейіп, салқын түсе кең даланы дүбірлеткен қазақтың ұлттық көкпар ойыны басталатын. Жүректі де, білекті шабандоз жігіттердің тартқан көкпарларын қызықтап тай, құнанға мінген балалар да жүруші еді. Сол кезде он жасқа тола қоймаған Қалдыбай да тақым басқан тайменен шапқылап жүретін. Ол бала кездің өзінде елгезек, ширақ, өте пысық еді. Тайға мініп, түсуі де шапшаң әрі жылдам болатын. Балалар көбінесе қым-қуыт арпалысқа толы додаларды қызықтаушы едік. Көкпаршы ағалар балаларды додаға тақалуға қатаң тиым салатын.
-Аулақтау жүріңдер. Көкпаршылардың ауыздықпен алысқан аттары қағып кетіп, жазым етіп жүрмесін,-деп қамқорлық жасаушы еді.
Онысы рас. Додалы топты жарып шығып, аққан жұлдыздай шапқан аттардың арыны мен екпіні қатты болатын. Жон өлкесінде шопандар үйі иттің үрген дауысы ғана емес, құлаштап лақтырған тасың жететін жерде жақын қоныстанушы еді. Жазғы каникул кезі. Жанымыз тыныш, жағамыз бос, рахат. Сабақ сұрап, басты ауыртып, миымызды ашытып жатқан ағай, апайларымыз да жоқ. Сосын ерігіп, зеріккеннен көгалда доп қуып, тақыр жердің шаңын аспанға атып асық ойнаймыз.
Атқан оқтай, шапқан аттай зымыран уақытта тоқтау болмаған екен. Одан бері арада алпыс жылдан астам уақыт жел айдап көшкен бұлттай, көзді ашып жұмғандай өте шығыпты. Бір кездері асық атып, доп қуып, таймен шапқылаған Қалдыбай ініміз балалық, жастық шақтарының қайталанбас қызықты сәттерін қыр астында қалдырып, бүгінде 70 жасқа толып, кәттә қария болыпты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді дана халқымыз. Олай болса желісін тартқалы отырған әңгімеміздің әлқиссасын кейіпкеріміздің ұшқан ұясынан, көрген тәлім-тәрбиесінен бастағанымыз жөн болар. Бозбала кезімізде Қалдыбайдың асқар тау әкесі Төлмағанбет қарияны, асыл анасы Шәйі апамызды көзіміз көрді. Сәті түсе қалған күндерде қолдарына су құйып, ақ батасын алған абзал жандарды бірін көке, бірін апа деп есейдік. Үлкен өмірге сын көзбен қарап, оң мен солымызды енді-енді тани бастаған кезіміз ғой. Соқпақты да сүрлеулі өмір өткелдерін кешкен көкеміз бен апамыз ел-жұртына қадірлі, шаңырағы шаттықты, отбасы берекелі, көсегелері баламен көгерген жандар еді. Күндерде белгі, жылдарда жазу, ғасырда таңба қалады. 1906 жылы жарық дүние есігін ашқан Төлмағанбет көкеміздің жалын атқан жастық шағы аумалы-төкпелі, қиын-қыстау, қилы заман кездерімен тұспа-тұс келіпті. 1922 жылы сауатсыздықты жою мектебінен хат таниды. Ат жалын тартып, азамат болған соң кеңес өкіметінің жүргізген саясатына орай ұжымшарға бірігу науқанына белсене атсалысады. Ажал аузын арандай ашқан ашаршылық жылдары жасқа тән күш жігер, қажыр-қайрат танытады. Аштықтан қабырғасы қайысып, қайғы-қасіреттің уын ішіп, өмірден түңілген жандарға қол ұшын созады. Аңшылар бригадасын ұйымдастырады. Мергендердің атқан, қақпан, тұзаққа, ауға түскен аң, құс, балықтардың етімен аштыққа ұшыраған халықты ажал тырнағынан арашалап қалады. Өмірдің ыстығы мен суығы ерте есейтіп, құрыштай шынықтырған Көпешов Төлмағанбет көкеміз 1935 жылы «Еңбек» ұжымшарының құрылыс әрі сүт фермасын басқарады. Партия қатарына өтеді. Ұйымдастыру қабілеті мен ізденімпаз іскерлігі аудан басшылары тарапы назарынан тыс қалмайды. «Еңбек», «Жаңа жол» ұжымшарларының партия ұйымдарын басқаруға жіберіледі. 1940 жылы Шымкент қаласындағы ұжымшар қызметкерлерінің білімін көтеретін мектепте бір жыл оқиды. Осы мектепті бітіріп келген бетте еңбек адамдарының қолдауымен «Еңбек» ұжымшарының төрағасы болып сайланады. 1942 жылы әскерге алынады. Осы жылдың аяғында ауыр жараланып, госпитальда жарты жыл емделеді. Ауыр жарақаттың салдарынан ұрысқа қатысуға денсаулығы жарамсыз болған соң 1943 жылдың көктемінде елге оралып, «Еңбек» колхозында төраға, кейіннен қой фермасын басқарады. «Ынталы» су қоймасын салысуға белсене атсалысады. 1951 жылы іріленген Карл Маркс атындағы ұжымшар болғанда шопан болады. 1957 жылы Калинин атындағы кеңшар атанғанда ата кәсіпті абыроймен жалғастырып, отардан отар өргізеді. Көптеген орден, медалдардың иегері атанады.
Сол тұстағы бозбалалар үлкен кісілердің айтқан әңгімелеріне құлақ түріп жүруші едік. Төлмағанбет көкеміз көптің ортасында отырып өзі өмірі жайлы айтқан үзік сырлы әңгімесі есімде қалыпты.
-1941 жылдың жаз ортасында Ұлы Отан соғысы басталды,-деп әңгіме желісін тартқан еді көкеміз,-Ауылдағы ер-азаматтың бәрі майдан даласының алғы шебіне аттанды. Ұжымшардағы қолмен атқарылатын барлық жұмыс еңкейген қарттар мен нәзік жанды аналарға, бозөкпе балаларға қарап қалды. Соғыстың аты соғыс екен. Қайғы-қасіреті жаныңды жабырқатқан күндер мен ұйқысыз таң атырған түндер өтіп жатты. Арада ел-жұрттың есін алып, еңсесін езген бір жыл уақыт өтті. Мені майдан даласына шақырар емес. Алаңдай бастадым. Шыдай алмаған соң аудан орталығы Байқадамға жол тарттым. Аудандық комиссариаттың бастығы егде жастағы шені капитан, өзі сыпайы сөйлейтін кісі екен. Аман-саулық сұрасқан бетте:
-Мені майданға неге шақырмай жатырсыңдар? Әлде ер-азамат ретінде есепте жоқпын ба?-дедім.
Капитан жауабын кідірткен жоқ.
-Олай демеңіз. Бізде аудан бойынша есепте тұрмайтын ер-азаматтар жоқ болмайды. Қазір анық-қанығын білеміз. Аты-жөніңіз кім еді?
-Төлмағанбет Көпешов.
Комиссар бір бума қағаздың ішінен бір парақты алды да, көз жүгіртіп:
-«Еңбек» ұжымшарының төрағасы екенсіз. Аудандық партия комитетінің нұсқауы бойынша сізді майданға шақырмай отырмыз. Тыл еңбеккерлерінің «Бәрі де майдан үшін, Жеңіс үшін» деген ұранмен еңбек етіп жатқанын өзіңіз де жақсы білесіз. Тылдағы, ауылдағы қыруар, қарбалас жұмыстарға да сіз секілді іскер басшылар керек.
-Ел-елдігін жасай береді. Мен құралайды көзге атқан мергенмін. Жағадан алған жауларды тасалау жерде демалып отырып-ақ шалғы тиген шөптей баудай түсіремін, жандарын жаһанамға жіберемін,-дедім.
Капитан күлімсіреп:
-Майданға бармай көңіліңіз тыныш таппайтын секілді. Аудандық партия комитетіне қатынас қағаз жібереміз. Келісім беріп қалар. Ұзақ жолға дайындала беріңіз,-деді.
Арада екі айдай уақыт өткенде әскер қатарына шақырылып, сарбаз жейдесін кидім. Алғы шепке жетіп, қанқұйлы соғысқа қатыстым. Адамның адамға оқ атқан сұмдықты көріп тұлабойым түршікті. 1942 жылдың аяғына таман сұрапыл, жан алып, жан беріскен, қиян-кескі ұрыстың бірінде ауыр жараландым. Бірнеше айлар госпитальда емделген соң, әскери дәрігерлер елге қайтару жөнінде шешім қабылдады. Енді соғыс болмасын, ұрпағымыз көрмесін деп тілеймін.
Көкеміздің осы әңгімесінен кейін соғыс дегеннің қандай болатынын білгендей болдық. Шәйі апамыз он перзентке әлемнің жарығын сыйлаған алтын құрсақты «Батыр ана» болды. Шаңыраққа шаттық сыйлап, тал бесікте тербетілген бөбектердің жетеуі шекелері торсықтай ұл бала болды. Көкеміз бен апамыздың Құдай берген жеті ұлы есейіп, ержеткен соң ел-жұртына танымал азаматтар сапына қосылды. Үлкен ұлы, бүгінде абыз ата жасына жеткен Кеңесбек ағамыз білім саласында жемісті еңбек етіп, ауданның бірнеше мектептерінде директор қызметін атқарды. Ұстаздардың ұстазы атанды. Екінші ұлы Қуанышбек ағамыздың қаржы саласындағы ерен еңбектері жарық жұлдыздай жарқырады. Талас ауданының Құрметті азаматы болды. Арқабайы автобаза кәсіпорнын басқарып, кейіннен аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметтің тізгінін қақты. Әйтеуір жеті ұлдың осалы болған жоқ. Бәрі де өз мамандықтары бойынша еңбек еткен саланың «Сен тұр, мен атайын» дейтіндей майталмандары болды. Төлмағанбет көкеміз ырымшыл болған секілді. Бай болсын деген ниетте болғаны айдан анық. Кейінгі бес ұлдарының аттарын азан шақырып, Аралбай, Арқабай, Қалдыбай, Малдыбай, Қырықбай деп қойғанын Жаратқан Ие қабыл етсе керек. Бүгінде бәрі зейнет демалысында, балалы-шағалы, отбастары берекелі, бай-қуатты тұрып жатқан жайлары бар.
Қалдыбай ініміздің осындай ынтымақты, берекелі отбасынан тәлім- тәрбие алып, ұядан ұшқанда көргенін ілуі заңдылық та еді. Аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл Қалдыбаймен бетпе-бет жүздесіп, сырлы сұхбат құрудың да сабақты инедей сәті түскен еді.
-1971 жылы Жаңатас қаласындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің сегізінші сыныбын бітірген соң мамандық алып, еңбек етуге ниет еттім,-деп бастаған еді ол әңгімесін,-Бұл ойымды әке-шешеме айтып, ақыл да сұрадым.
-Әке, мен бұдан әрі мектепке бармайтын шығармын. Мамандық алып, жұмыс істегім келеді,-дедім.
Әкем аң-таң қалған жүзбен қарап:
-Неге олай еткелі жүрсің? Кеңесбек пен Қуанышбек ағаларың «үністет» бітіріп, қызмет етіп жатыр. Арқабай ағаң да жоғары оқу орнына түсті. Сен де солай етпейсің бе?
Әке-шешеме еркелеп өскенім бар, сөзімді әзілге бұрдым.
-Ағаларымның институт бітіріп, бастық болғандары жетеді ғой. Бір үйдің балаларының бәрі дөкей болу міндет емес шығар.
Сол жылы 65 жасқа толған әкем көңілдене күліп:
-«Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген. Сөз тауып кеттің. Сонда қандай мамандықпен жұмыс істемек ойың бар?-деді.
-Жолдың апшысын қуырып, желмен жарысқан шопыр боламын. Осы үйге қыс айларында жағатын отын, қорадағы малға жем мен шөп әкелетін бір машина керек емес пе?
Орамды ойыма, ұтымды жауабыма әкем риза болды-ау деймін.
-Мамандықтың үлкені мен кішісі, жақсысы мен нашары жоқ. Сүйген істің сүйініші көп болады. Ниетіңді Жаратқан Ие қабыл етіп, мақсатыңа жет, балам,-деп ақ баталы сөзін айтты.
Бала жастан ойыма алған істі бітіргенше тыным таппайтын әдетім бар еді. Іркіліп, кідіргенім жоқ. №19 Байқадам кәсіптік-техникалық училищесіне құжат тапсырдым. 1973 жылы автокөлік жүргізушісі және механизатор куәліктерін қолға алдым. Аудандық мәдениет бөліміне жұмыс сұрай бардым.
Бөлім меңгерушісі Күздеубаев Мейрамбек аға:
-Алдымен таныс, біліс болайық. Кімнің баласысың?-деді.
Бала кезімізде әкеміз бен шешеміз «Үлкен кісілерге кездесіп қалсаңдар, сәлем беруді ұмытпаңдар. Ақ батасын аласыңдар» деп айтқан ақылын естіп, құлағымызға құйып өстік қой. Сәлем берген кісілеріміз «Таудай жігіт бол» деп ақ тілегін айтады. Кейбірі «Танымадық, кімнің баласысың?» деп сұрап қалады. Сонда мен іркілмей «Көпешов Төлмағанбеттің бесінші ұлымын» дейтінмін. Сол әдетіммен Мейрамбек ағаға да:
-Көпешов Төлмағанбеттің бесінші ұлымын,-дедім.
-Е, өзіміздің Төкеңнің баласы екенсің ғой. Әке-шешең аман-есен, бақуатты ма?
-Бәрі жақсы, аға.
-Автоклуб көлігін жүргізесің. Бұйрықты бүгін беремін. Еңбек жолыңның тырнақалды тұсауын да мен кесіп отырмын. Ұзақ жолда сәттілік тілеймін.
-Рахмет, аға. Сеніміңізді ақтаймын,-дедім.
Автоклуб жұмысы мен үшін көңілді әрі қызықты болды. Жылдың он екі айында тыным болмайды екен. Таң атты, күн батты деп уақытпен санаспаймыз. Біздің жұмыс сапарларымыз көбінесе елді мекендер мен малды ауылдарда өтуші еді. Атап айтқанда күзгі күйек алу, қысқы мал қыстату, көктемгі төл қабылдау кездерінде малшыларға кино қойып, мәдени қызмет көрсетеміз. Жаз айларында дала қостары мен шабындық алқаптарында егін жинау мен қоғамдық малға жем-шөп әзірлеп жатқан механизаторларға да мәдени қызмет көрсету абыройлы міндетіміз болды. Үнемі алғыс арқалап жүреміз. Арада жылға жуық уақыт өтпей Мейрамбек аға қызмет бөлмесіне шақыртты. Сәлем бере барғанымда мен күтпеген жаңалықты айтты.
-Қалдыбай, саған ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Райымов Балтабай ағаң «құда» түсіп жатыр. «Ұзынқұлақтан тындырымды жігіт деп естіп жатырмын. Рұқсат етіп маған жібере көріңіз. Шопырым болсын» деп жатыр. Бұл шақыруға қалай қарайсың? Барасың ба?
-Білмеймін, ойлану керек шығар.
-Ойланып, толғанатын ештеңе де жоқ. «Шақырған жерден қалма» деген. Барғаның жөн.
Сөздің тоқетері айтылған соң екі-үш күн ішінде Балтабай ағаның қызметтік «Уаз» көлігінің шопыры болып шыға келдім. Бұл кісінің қарамағында айға жуық қана жұмыс атқардым. Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Ресейдің Хабаровский край өлкесінен бірақ шықтым. Сол тұста әскерге барған жастар арасында мамандығы барлар аз болушы еді. Аты-жөнін ұмыттым. Мені полк командирі өзіне шопыр етіп алды. Екі жылғы әскери борышымды осы кісінің қарамағында өткіздім. Табиғаты қатал, суық өңір екен. Оңтүстіктің жылы жерінен барған мен секілді сарбаздарды аязды, боранды күндері шалғының жүзіндей шыңдады. 1979 жылдың күзінде отан алдындағы әскери міндетімді абыроймен атқарып, елге оралған бетте Байқадам жұмысшылар кооперациясының төрайымы Досжанова Алтын тәте өзіне шақыртты. Көңілді қарсы алған тәтем:
-Ел-жұртына қадірлі әкең мен анаңды өте жақсы танимын. Тонның ішкі бауындай сіз-біз десіп сыйласып, дәм-тұздас болып араласып жүрміз. Енді арнайы шақырғандағы шаруамды айтайын. Өзіңді әскерден келгеніңді күтіп отырғандай жайым бар. Қызметтік көлігіме жақсы шопыр керек болып қалды. Қалауым саған түсіп отыр,-деді.
Қарсы сөзге келгенім жоқ.
-Жарайды, тәте,-дедім.
Ертеңіне еңбек кітапшама көз жүгірткен Алтын тәтем таң қалғанын жасыра алмады.
-Қалдыбай бауырым, сен тектінің ұрпағы екеніңді танытып жүр екенсің. Полк командирінің шопыры болу екі қазақтың бірінің баласының қолынан келе бермейді. Жарайсың, орысша «настоящий человек», қазақша «нағыз жігіт» екенсің. Енді тәтеңнің көлігін ұршықша иір,-деді көңілді де жарқын үнмен.
Сонымен Алтын тәтенің қызметтік «Москвичінің» тізгінін үш жыл қақтым. Орайы келгенде айта кеткен жөн. Алтын тәте мейірімді, жақсылық жасауға асығып тұратын, тауып та, қауып та айтатын шешен, іскер, қажет жерінде адуынды басшы болғанын көзіміз көрді. Бір күні қызмет бөлмесіне кірсем Алтын тәтем көңілсіздеу отыр екен.
-Қазақ десе бәрімізге тиеді. Өзі бір автобаздың білдей бастығы. Қарамағында жүзге тарта шопыры бар. Мұстафин Мәжит ағаны айтып отырмын. Көзі саған түсіпті. «Волгамды» айдасын деп сені сұратып жатыр. Жиырма жас үлкендігі бар ағаның базынасын елемеске тағы болмайды. Сол кісіге барғаның жөн,-деді.
Байқадам автотранспорт мекемесінің басшысы Мұстафин Мәжит ағаның «Волгасын» екі жыл айдадым. Көп күндердің бірінде Мәжит аға:
-Енді жүк көлігін жүргіз,-деп «ЗИЛ» автокөлігінің кілтін табыс етті.
Үш жыл өткен соң қуатты жүк көлігі «КамАЗ»-ға тақым бастым. 1983 жылы жазиралы жаз айында басшымыз Мәжит аға жиын өткізді.
-Жоғарыдан Қостанай облысында бітік шыққан егінді жинауға атсалысу жөнінде тапсырма алып отырмыз. Оннан аса «КамАЗ» автокөлігін қос тіркемесімен жіберуіміз керек. Қане, кімдер барғысы келеді?
-Мен барамын,- деп алғашқы жүргізушілердің бірі болып ниет еттім.
Сонымен оншақты «КамАЗ» автокөліктері Қостанай облысының Жетіқара ауданына жол тарттық. Шіркін, қазақтың дархан кең даласы-ай десеңізші. Бітік шыққан егін белуардан келеді. Үш ай егін орағына атсалысып, ел мен жер көріп ауылға оралдық. Кеңес өкіметі ыдырап, өтпелі кезең келгенде жеке иелгімдегі «КамАЗ» автокөлігімен халыққа қызмет еттім. Аудандық жер қатынастары бөлімінде жүргізуші бола жүріп 2019 жылы зейнет демалысына шықтым. Еңбектен әлі қол үзгенім жоқ. «КамАЗ» автокөлігімен халыққа қызмет көрсетуді жалғастырып келемін. Құдай қосқан қосағым Сәдібекова Күлжан екеуіміз үш ұл тәрбиелеп, мақсаттарына жеткіздік. Бүгінде жаннан тәтті он немеренің атасы мен әжесі атанып отырмыз. Мен 1956 жылдың 1 қаңтар күні жарық дүние есігін ашыппын. Жаңа жылды қарсы алған ел-жұрт менің туылған күнімді бірге тойлап жатқандай болады.
Полк командирінің шопыры болған Қалдыбай ініміз әсерлі әңгімесін осылайша әзіл-қалжыңмен аяқтады.

Темірлан ӘБІЛДАЕВ,
ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.